Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірлерде білім саласының шешімін күткен мәселелері әлі де көп – Асхат Аймағамбетов

18.08.2026, 10:20 29

Соңғы апталарда өңірлерді аралаған бұрынғы оқу-ағарту министрі, кейін Мәжіліс депутаты болған Асхат Аймағамбетов мұғалімдермен және ата-аналармен кездесіп, жаңа оқу жылы қарсаңындағы өзекті мәселелерді талқылағанын айтты. Ол аймақтарда шешімін күткен түйткілдер сақталғанын жасырмай, білім саласының кейінгі жылдары жүріп өткен жолын да назардан шығармауға шақырды.

— Әр кездесуде жаңа оқу жылы қарсаңындағы өзекті мәселелер көтерілді. Шешімін күткен сұрақтар әлі де бар. Бірақ алға жылжу үшін қай жерден бастағанымызды және осы жылдары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында қандай үлкен жолдан өткенімізді де ұмытпауымыз керек. Реформаның ең үлкен жеңісі кеше мүмкін болмай көрінген өзгерістің бүгін қалыпты жағдайға айналуымен өлшенеді, — деді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, осыдан жеті жыл бұрын қазіргі өзгерістердің көбі орындалмайтын жоспар секілді көрінген. Ұлттық қордың инвестициялық табысынан әр баланың шотына қаражат аудару, педагогтердің жалақысын екі есе көтеру, бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақпен қамту және ауылдарда заманауи мектептер салу туралы бастамаларға сенім аз болған.

— 2019 жылы біреу Ұлттық қор табысының бір бөлігі әр баланың шотына түседі, мұғалімдердің жалақысы екі есе өседі, бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылады, ауылдар мен қалаларда бірдей стандартпен 200-ден астам заманауи мектеп салынады десе, көпшілік сенбес еді. Бүгінде мұның бәрі күнделікті өміріміздің бір бөлігіне айналды. Тіпті баяғыдан осылай болғандай көрінеді, — деп жазды ол.

Асхат Аймағамбетов білім саласындағы маңызды өзгерістің бірі педагог мәртебесінің көтерілуі екенін атап өтті. Кейінгі жылдары мұғалімдердің еңбекақысы екі есе өсіп, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Соның әсерінен педагогикалық мамандықтарға түсетін талапкерлерге қойылатын талап күшейіп, мұғалім болуды саналы түрде таңдайтын білімді жастардың қатары артқан.

Мектеп құрылысына деген көзқарас та өзгерген. Бұрын жаңа үлгідегі білім ордалары көбіне облыс орталықтары мен ірі қалаларда салынса, қазір шалғай ауылдарда да бірдей талапқа сай мектептер бой көтеріп жатыр. «Жайлы мектеп» жобасы аясында елімізде 217 мектеп салынған.

Балаларды әлеуметтік қолдау бағытында да бірқатар шешім қабылданды. Бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылып, әлеуметтік осал отбасылардың балаларына балабақшада тегін тамақ беріле бастады. Халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен оларды дайындаған ұстаздарға ақшалай сыйақы тағайындалды. Жүлдегерлер ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік грант иеленіп, енді «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалавриатта білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған түзету кабинеттері ашылып, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен оңалту орталықтарының желісі де кеңейіп келеді.

— Білім саласында шешілуге тиіс мәселе әлі де аз емес. Бірақ атқарылған істі де білуіміз керек. Бұл өзгерістер Мемлекет басшысының саяси ерік-жігерімен басталып, ұстаздар мен сала мамандарының еңбегі арқылы жүзеге асты. Кеше сену қиын болған дүниелер бүгін қалыпты жағдайға айналды. Енді осы бағытты тоқтатпай, реформаларды жаңа сапалық деңгейге көтеру қажет, — деді Асхат Аймағамбетов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: