Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

03.10.2021, 14:10 55 0

Құрметті ұстаздар!

Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!

Елбасы айтқандай, білекке емес, білімге сенетін заманда егемен еліміздің кемел келешегін қалыптастыруда сіздердің алар орындарыңыз айрықша.

Сондықтан да, Тәуелсіздігіне 30 жыл толған еліміздің жарқын болашағын тәрбиелеуде ұстаз еңбегінің орасан зор екенін баршамыз мойындаймыз.

Өйткені, әкім не ақын болсын, ғалым не дарын болсын, дәрігер не кәсіпкер болсын, бәрі де ұстаз алдынан білім-тәрбие алады.
Осы ретте, жыл сайын қазан айының алғашқы жексенбісінде сүйікті ұстаздарымызды құрметтеп, құттықтаудың өз орны бар.

Ешбір дүниемен өлшенбейтін ұстаз еңбегінің шәкірт өмірінде алтын әріппен жазылып қалары сөзсіз.

Оқушылардың білімді де білікті азамат болып өсуі жолында әрбір мұғалімнің еңбегі ұшан теңіз деуге болады.

Былтыр елімізді ғана емес, әлемді жайлаған эпидемиологиялық ахуал ұстаздарға да үлкен сынақ болды. Соған қарамастан оқушыларымыз халықаралық, республикалық олимпиада, байқауларда жүлделі орын алып, жеңімпаз атанып жатты. 2021 жылғы зияткерлік олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысы үздік үштіктен көрінді. Осыншама жетістіктің артында ұстаздың қыруар еңбегі тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Мемлекет басшысы өз жолдауларында ұстаздарды қолдау саясаты жалғаса беретінін айтып келеді. Біздің облысымызда да ұстаздарға барынша жағдай жасалуда. «Қызылорда облысының білім беру саласын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісі бекітіліп, 300 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі бір реттік қаржылай сыйақылар да берілуде.

Аяулы ұстаздар!

Ата-анамыздан кейін бізді жаңа өмірге жетелеп, білім нәрімен сусындататын ұстаздарымызға деген құрметіміз толастамақ емес.

Болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін жасап жатқан еңбектеріңіздің берекесін көріңіздер! Дарынды да талапты, тәрбиелі де тәлімді шәкірттеріңіз көп болсын!

Сіздерге мықты денсаулық, шығармашылық табыс, шаңырақтарыңызға құт-береке, шадыман шаттық тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын, ардақты ұстаздар!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: