Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі ротациялауды 1 қазанға дейін аяқтауды тапсырды

26.08.2022, 13:00 323

HALYQLINE.KZ «Білімді ұлт: терең білім, еңбекқорлық және отаншылдық қасиет» педагогикалық тамыз кеңесінде Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мұғалімдерді әлеуметтік қолдаудың нақты қадамын атап өтті. 

«Соңғы жылдары мұғалім мәртебесін көтерудің барлық алғышарттары жасалып, материалдық ынталандыру аясы кеңейіп келеді. 2020 жылдан ұстаздарға қажетті үстемақы төленуде, биыл бұл мақсатқа републикалық бюджеттен – 52,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Келесі жылы педагогтер жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді. Бұл – мұғалімдерді әлеуметтік қолдаудың нақты бір қадамы. Біз де қоғам алдында ұстаздардың беделін арттыруға ынталымыз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Ұстаздар жиынында аймақ басшысы он жылдан аса уақыттан бері бір мектепті басқарып келе жатқан директорлар туралы да айтып өтті.

«Білім беру жүйесіне ротациялау тәртібін енгізу – уақыт талабынан туындаған міндет. Ашығын айтқанда, бізде бір орында 10-15 жыл және одан да көп қызмет атқарып жүрген директорлар аз емес. Әрине, олардың арасында өз жұмысын жетік білетін, білім беру ұйымдарының дамуына елеулі үлес қосып жүрген басшылар да бар. Әлеуметтанушылардың пікірінше, мекемені ұзақ жылдар басқару адамның бастамашыл идеясы мен жұмысқа деген ынтасын төмендетеді. Сәйкесінше, басшыларды ротациялау сала дамуына жаңаша леп, тың серпін береді», – деді облыс әкімі.

Аталған мәселеге қатысты аймақ басшысы облыстық білім басқармасына заң шеңберінде ротациялау рәсімдерін 1 қазанға дейін аяқтауды тапсырған.

«Білім саласы қай кезде де ашықтықты қажет етеді. Соған сәйкес, сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оның алдын алу – баршамыздың міндетіміз. Өйткені бір ғана сыбайластық фактісі біздің істеп жатқан жұмысымыздың нәтижесін жоққа шығарады. Сондықтан, білім беру ұйымдарының басшылары кадр мәселесіне келгенде, азаматтық ұстаным мен адалдық принципін ұстануы керек. Облыстық білім басқармасына сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және оның алдын алу бойынша мүдделі органдармен бірлескен тиімді жұмыстарды жүргізуді және мұғалімдерді конкурс тәртібімен жұмысқа қабылдауды тапсырамын», – деді Нұрлыбек Мәшбекұлы.

Облыс әкімі білім берудің үздік тәжірибесін лайықты жалғастыра келе, ұлттық құндылықтар мен тұлғатану институтын қалыптастыру қажет екенін жеткізді.

«Бұл – бүгінгі буынның біліміне жауапты ұстаздарды ғана емес, бауыр еті баласы үшін барын беретін ата-аналарды да алаңдатуы қажет. Сондықтан құндылықтарға негізделген білім арқылы парасат биігіне жетеміз. Бұл ретте, биыл еліміз бойынша кең ауқымдағы аталып өтіп жатқан Ахмет Байтұрсыновтың, Мұхтар Әуезовтің, Ғани Мұратбаевтың мерейтойлық іс-шаралар балалардың рухани танымын тереңдетуге жол ашады», -деді аймақ басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: