Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалім мәртебесінің мерейі

06.10.2023, 8:30 236

HALYQLINE.KZ

5 қазан – Ұстаздар күніне орай, Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында «Ұстаз ұлағаты – жарқын болашақ» атты мерекелік кеш өтті. Іс-шараға облыс әкімі Н.Нәлібаев қатысып, ұлағатты ұстаздарды мерекемен құттықтап, оларға білім саласының дамуына, келешек ұрпақтың тәрбиесіне қосқан үлестері үшін алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз Жолдауында «Болашаққа жол сілтейтін мұғалімнің еңбегін лайықты бағалау – маңызды міндет» деп ерекше атап өтті. Бүгінгідей өзгерістерге қадам басқан уақытта жас ұрпаққа сапалы білім беріп, тәрбиелеуде ұстаздардың еңбегі ерекше, мәртебесі биік. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірімізде 100 млрд теңгеге 12 300 орындық 21 мектеп салынуда. «Білімді қолдау қоры» есебінен 7,9 млрд теңгеге физика-математика бағытындағы мектеп-интернат құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жаңа оқу жылында Қызылорда қаласындағы 4 іргелі мектептің жанынан қосымша ғимараттар пайдалануға берілсе, «Бәйтерек» шағын ауданы тұрғындары асыға күткен 600 орындық жаңа мектеп бүгін салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне табысталды, – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік іс-шарада ардагер ұстаз Әлима Әбдіқалықоваға «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сонымен қатар, «Орта білім беретін үздік ұйым» облыстық байқауының жеңімпазы Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейге 34 млн теңге табысталды.

Іс-шара барысында облыс педагогтеріне ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімінің арнайы марапаттары берілді. Дарынды балаларға арналған Е.Әуелбеков атындағы №4 облыстық мектеп-интернатының мұғалімі Әсемкүл Жақсылықова «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мәртебесін иемденді. Сондай-ақ бірқатар мұғалім Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» құрметті атағын, Құрмет грамотасын, «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломын, облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Салтанатты іс-шара шаһар өнерпаздарының концертіне ұласты.

Ұстаз – ұлағатты ұғым. Тәрбие мен білімді қатар алған, шәкірт өсіруде аянбай тер төккен мұғалімдердің абыройы қашанда асқақ. Сондықтан да тұғыры биік ұстаздарды қанша мадақтасаң да, оларға қаншалықты құрмет көрсетсең де, аздық етпейді.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: