Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мамандығым – мақтанышым

28.10.2021, 13:25 646

HALYQLINE.KZ Кез келген жан мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана бақытты болады. Ал жүрегі қаламаған мамандық иелері көп қиындықтарға кездеседі.

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дегендей, оқушылар мектеп бітірген соң, өзі армандаған бір мамандықтың иесі болады. Жас жеткіншектер мамандық таңдауда қателеспеуі керек. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам: «Мамандығым – мақтанышым» дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек. Мамандық – жай күнелту, ақша табу емес. Әр адам өз мамандығына рухани күш алып, еңбектің рахатын көреді. Адам атақ-абыройға кенеледі. Кез келген адамнан шеберлікті, қажымас қайратты, еңбектенуді керек етеді. «Ұялмаған әнші болады; Ерінбеген етікші болады» деген халқымыздың даналық сөзі бар. Тіпті, етікші болсаң да, өз ісіңнің шебері бол. Өмірдегі көп мамандықтардың ішінде жан-жақты білімділікті, икемділікті, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық та – ұстаздық мамандық.

Менің мамандығым – мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу – игілікті істердің бастысы. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтаныш тұтамын. Ұстаз – ұлы есім, ұлық маман иесі. Өйткені ұстаз – жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ және жақынына да, жат адамдарға да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік нұрын төгетін, қорқыныш пен жасқануды білмейтін батыл, ержүрек жандар.

Жас ұрпақтың білімді де білікті, парасат-пайымы мол, саналы да сарабдал азамат боп жетілуі үшін тәлім мен тәрбие беріп жүргенім менің кеудемде мақтаныш сезімін оятып, өзіме артылған сенім жүгінің салмағын арттыра түседі.

Менің өмірдегі бақытым – жүрек қалауымен ұстаз болуым. Бұл сөзді мен жай ғана айта салмаймын өйткені бұлай айтуым – маған үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұстаз болу – жай ғана мамандық емес. Ол – адам бағдарын жасаушы. Егер де өмір қоғамға бейім, білім нәрімен терең сусындаған, тәрбиелі де ізгі жүректі адам өмірге үлкен мақсаттар қойып, талапшылдықпен, мақсаткерлікпен алға аттатсам – бұл менің өмірімнің ең шынайы әрі ғажайып мәні. Өйткені мен ұстазбын, келешек ұрпақтың сәулетшісімін. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Менің шәкірттерім егемен елдің, Тәуелсіз Қазақстанның толыққанды азаматы болып шықса, одан артық менде қайдан арман болсын.

Балаға үнемі қолдау көрсету – үлкен мәнді гуманиеті ізгі ұстаным. Оның астарында не бір қағидалар бар: баланы жақсы көру, оның адами өмір сүру ортасын шама жеткенше ұйымдастыру, баланың бойынан өзінің балалық шағын зерделі көзбен көру.

Мұғалім әр оқушының мінез-құлқын, көзқарасын, талғамы мен әдет дағдыларын зерделеп, әр баланың өз шамасына сай дамуын қамтамасыз ететін тәрбие сағаттарына бейімдеу қажет. Бұл сағаттар – ғибратты да әсерлі болуы тиіс-ақ. Қазіргі білім беру саласы қызыметкерлерінің алдында тұрғанн басты проблема – жаңа формацияның жаңа ұстазын қалыптастыру. Жаһандану дәуірі – әлемдегі елдердің бәсекелестік жағдайында халықаралық деңгейде өзара кірігу үрдістерінің жандану дәуірі де болғандықтан, білім – пайдалы инвестиция саласы ретінде еліміздің экономикалық, әлеуметтік және саяси даму тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Эльмира ТИЫШТЫБАЕВА,

№85 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі

Төретам кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: