Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мәртебелі ұстаз – ұлт мерейі

06.10.2023, 14:50 171

HALYQLINE.KZ

Бүгін А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай «Мәртебелі ұстаз – ұлт мерейі» атты салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды Қызылорда қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Мерекелік іс-шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған сала ардагерлері мен барша ұстаздар қауымын құттықтады.

– Қазақтың аяулы ақыны Мағжан Жұмабаев «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде төрдегі орын – ұстаздыкі» дейді. Бұл ретте, әлемдегі ең қастерлі мамандық иелерін тек мерейлі мерекелерінде ғана емес, күн сайын құрметтесе де жарасымды екенін айтқым келеді.

Өйткені Ұстаз қашаннан – ілім мен ізгіліктің қайнар бастауы, биіктік пен тереңдіктің өлшемі, шәкірт санасына самала нұр төгетін шамшырақ іспетті ұлттың баға жетпес қазынасы, – деген Дархан Тұрсынбаев мереке аясында мерейлі жасқа толған ұстаздарға арнайы сый-құрмет көрсетті.

Білімі терең, ойы озық ұрпақты биікке жетелейтін мұғалімдер қауымына қаншалықты жауапкершілік жүктелсе, соншалықты қолдау шаралары да жүргізілуде. Мәселен, соңғы 4 жылда мұғалімдер жалақысы 100 пайызға артты. Сондай-ақ, оларды ынталандыру бағытында көптеген игі жұмыс тұрақты жасалып келеді. Соның дәлелі жыл сайын «Үздік педагог» аталымы бойынша 150 мың теңге қаржылай сыйақы тағайындалады. Бүгін де бірқатар ұстаз марапат төрінен көрініп, қомақты қаржыға ие болды.

Салтанатты жиын барша ұстаздар қауымына мерекелік көңіл күй сыйлаған қала өнерпаздарының концертіне ұласты.

«Білімдіден шыққан сөз талаптыға болсын кез» демекші, елімізде білім берудің жаңа инновациялық даму жүйесі қалыптасуда. Бұның барлығы ел ертеңі, ұлт болашағы – жастарға жасалған қамқорлық, содан соң, әрине, келешек ұрпаққа жол сілтейтін педагог еңбегін лайықты бағалау ісінен туындаса керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: