Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда оқушылардың денсаулығына қатысты халықаралық зерттеу басталды

02.05.2026, 16:36 36

Қазақстанда мектеп оқушыларының денсаулығы мен өмір салтын зерттейтін HBSC халықаралық жобасының үшінші кезеңі басталды. Бұл жолы зерттеуге еліміздің барлық өңірінен 5, 7 және 9-сынып оқушылары қатысады. Жоба жасөспірімдердің денсаулыққа көзқарасын, күнделікті өмір салтын, мектептегі және отбасындағы әлеуметтік ортасын кеңірек зерделеуге бағытталған.

HBSC – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен ынтымақтастықта жүзеге асырылатын ірі халықаралық зерттеулердің бірі. Ол төрт жылда бір рет бірыңғай халықаралық хаттама бойынша жүргізіледі. Қазір бұл зерттеу HBSC желісіне қатысушы 51 елде қатар өткізіледі. Қазақстан аталған жобаға үшінші рет қатысып отыр. Бұған дейінгі кезеңдер 2018 және 2022 жылдары өткен.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, сауалнама тек медициналық көрсеткіштерді ғана емес, балалардың өз денсаулығы туралы түсінігін де анықтауға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында оқушылардың физикалық және психикалық денсаулығы, тамақтану дағдысы, дене белсенділігі, ұйқы режимі, зиянды әдеттер, буллинг пен кибербуллинг, мектеп ортасы, ата-анамен және достармен қарым-қатынасы, цифрлық мінез-құлқы, әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сүру жағдайлары қамтылады.

Мұндай зерттеулер білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы шешімдерді нақты дерекке сүйеніп қабылдауға көмектеседі. Әсіресе балалар арасындағы психологиялық қысым, ұйқының бұзылуы, қозғалыстың азаюы, гаджетке тәуелділік және мектептегі әлеуметтік ахуал сияқты мәселелерді ерте анықтау үшін осындай деректердің маңызы зор.  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: