Қазақстанда кейінгі 11 жылда жаңа туған балаларға қойылатын танымал есімдер айтарлықтай өзгерген. Factcheck.kz 2015–2025 жылдар аралығындағы Ұлттық статистика бюросының деректерін талдаған.
2015–2023 жылдары ұл балалар арасында Әлихан есімі көш бастаған. 2024 және 2025 жылдары бірінші орынға Мұхаммед шықты. Ал Айсұлтан 11 жыл бойы ең танымал үш есімнің қатарынан түспеген.
Қыз балалар арасында таңдау жиірек өзгерген. 2015–2018 жылдары Айзере, 2019 жылы Раяна, 2020–2023 жылдары Медина бірінші орында тұрды. 2024–2025 жылдары Айлин есімі ең көп қойылған.
2025 жылғы өңірлік статистикада да айырмашылық бар. Мұхаммед алты облыс пен Шымкентте, Алан Алматы мен Астанада және тағы үш облыста көш бастаған. Солтүстік Қазақстан облысында ең көп қойылған ұл есімі Михаил болған.
Қыздар арасында Айлин айқын басымдық көрсеткен. Бұл есім 16 өңірде бірінші орынға шыққан. Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында Асылым, Солтүстік Қазақстан облысында Томирис жиі таңдалған.
Сирек есімдер де кездеседі. 2025 жылы Милош, Айтен, Төре-Нұрым, Нұрсадық, Есдәулет секілді ұл есімдері, ал Элай, Ай-Шуақ, Жұлдыз-ай, Соната, Сейдана секілді қыз есімдері бір реттен ғана тіркелген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!