Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Орталықтағы бір күн

21.06.2021, 12:00 541

HALYQLINE.KZ

Облыстың оңтүстік аудандарымен салыстырғанда Қазалының табиғатында елеулі айырмашылық бар. Қысы қытымыр, көктемі шұбалыңқы, жазы аптап, күзі қарасуық болып келеді. Онсызда құрғақ ауа райы биылғы жылғы су тапшылығынан айтарлықтай өзгеріске ұшырағаны көпшілікке жақсы мәлім. Сондықтан Қазалы өңірінде жасыл желек өсіру асқан жауапкершілікті, үлкен еңбекті талап етеді.

Тарихын тереңнен тартқан Қазалы қаласының тұрғындары өте еңбекқор жандардан құралған. Әр тамшысы алтынға пара-пар тіршілік нәрінің тапшылығына қарамастан үйіргелік жерін баптап, бау-бақша еккен қайсар рухты қауымға еріксіз сүйсінесің. Дәл осындай көпшіліктің көзайымына айналған мекеннің бірі –«Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы десем орынды.

Аталмыш орталықтың басшысы, ұлағатты ұстаз Берік Әбиевтің айтуынша, аумақта 45 мың ағаш бар екен. Биылдың өзінде 400-ден астам түрлі тал отырғызылыпты. Жылына 800-ге жуық оқушы, аусымына 120-дан астам бала қабылдайды. Барлығы медициналық тексерістен өтіп келеді.

Жуырда «Шағала» балаларды сауықтыру демалыс орталығы өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда лагерьдің бірінші ауысымында125 оқушы демалуда. Балалар мұнда бес мезгіл тамақтанады. Олардың уақытты көңілді әрі пайдалы өткізуі үшін 12 тәрбиеші еңбек етуде. Мүнда 13 үйірме тұрақты жұмыс істейді. Демалушылардың денсаулығына арнайы дәрігер мен стоматолог жауап береді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталып, демалушылардың денсаулықтары тәрбиешілердің бақылауында.

Лагердьдің жазғы маусымының ашылу салтанатына арнайы қатысқан Қазалы ауданы әкімі Мұхтар Оразбаев жиналғандар алдында өзінің ақ тілегін білдірді. Өнерпаз өрендердің концерттік бағдарламасын тамашалады.

Мерекелік шарадан соң М.Әуесұлы «Шағала» лагерінің жатақханалары мен асханасын аралап, жұмысымен танысты.

Білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов аудан басшысына балалар тынығу лагеріне өткен жылы жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы әңгімелеп берді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: