Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жас келінге арналған кеңестер (2-бөлім)

19.06.2022, 11:00 258

Енеңізге қарсы сөйлемеңіз!

Енеңіз – анаңыз. Не болса да сол кісімен ақылдасып, көмек сұрасаңыз сізге «жоқ» демейді. Кейбір қыздар енені жау көреді. Ол дұрыс емес. Кез-келген ата-ана баласының бақытты болғанын қалайды емес пе? Енеңіз сізге үнемі көңілі толмаса да, мінезі қиындау адам болса да оған жақсылық жасай беріңіз, қарсы сөйлемеңіз. «Атаңа не істесең алдыңа сол келеді» дегенді естен шығармаңыз.

Бәрін бірдей қабылдаңыз!

Келін болып түскен сәттен бастап сіз сол отбасының адамысыз. Сондықтан не істесеңіз де ынты-шынтыңызбен жасап, сол үйге жанашырлық танытыңыз. Күйеуіңіздің ата-анасы, бауырлары енді сіздің де жақындарыңыз. Сондықтан оларға барынша мейірімділік танытып, жақсы көріңіз. Мінсіз адам болмайды. Жарыңызды, ата-енеңізді түзетем деп әуре болмаңыз. Оларды сол күйі қабылдаңыз.

Бос уақытыңызды жарыңызға жұмсаңыз!

Жарыңызға қалтқысыз беріліп, оның ойынан шығып, бос уақытыңды жарыңа жұмсаңыз. Осы арқылы оның еңбекке құштарлығын арттырып, отбасына қамқорлығын күшейтіңіз, халық алдында абыройлы, ардақты азамат атануына себепші болыңыз.

Күлімсіреп жүріңіз!

Жайдарлы болыңыз. Күлімсіреу – тас боп қатқан жүректерді жібітіп, мейірімділік орнатады. Әрқашан күлімдеп жүруге тырысыңыз. Әсіресе жарыңыз жұмыстан шаршап келгенде жылы жүзбен қарсы алыңыз.

Кешірімді болыңыз!

Болмашы нәрсеге ренжіп, оны айлап, жылдап ішіңізде «жинап» жүрмеңіз. Болған нәрсені тез ұмытып, оңай кешіре біліңіз. Сіз қашалықты кешірімді, мейірімді, арайлы болсаңыз, өмір де сізге жылы шырай танытады.

Тату болыңыз!

Кейбір отбасылардағы ұрыс-керіс дәл осы «менің анам, сенің анаң» дегеннен туындайды. Сондықтан ата-енеңізді, аға, әпкелеріңізді барынша сыйлап, олармен жақсы қарым-қатынаста болыңыз.

Ақылды бола біліңіз!

Ақылды адам қосағын халық алдында «азаматым», «отағасы», «біздің үйдің кісісі» деп атауы керек. «Сіз» деп сыйлағанның өзі арадағы қатынасты жақсартады. Отбасының берекесі мен тыныштығын, бақытын ойласаңыз, еріңізден бір саты төмен болғанның еш әбестігі жоқ.

Осы жоғарыда айтылғандарды санасына түйіп, осы бағытпен жүрген халқымыздың әрбір қаракөз қыздары болашақ келін болғанда жарының аяулы, енесінің сүйікті, мәртебесі биік келін болары сөзсіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: