Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлем әйелмен әдемі

16.11.2023, 10:45 121

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданындағы егіздер ауылы аталып кеткен Үрмәш Түктібаев атындағы ауылда облыстық ауыл әйелдерінің форумы өтті, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметі.

Ауылдық аумақтарды дамыту, ауыл әйелдерінің мәртебесін арттыру және қоғамдағы рөлін көтеру мақсатында ұйымдастырылған форумға батыр аналар, аудандарда әр салада қызмет жасап жүрген әйел-аналар, мемлекеттік қызметкерлер, ҮЕҰ өкілдері мен БАҚ өкілдері қатысты.

Форум қонақтарын қошеметпен қарсы алған «Әжелер» ансамблі ән шашуын арнап, жиналғандарға ерекше әсер сыйласа, құлақ құрышын қандырар ән мен күйдің қатар төгілуі қазақтың мәдениеті мен төл өнерінен толағай тарту болды. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған жергілікті кәсіпкер әйелдердің қолынан шыққан қолөнер бұйымдары мен түрлі тамақ өнімінің жәрмеңкесі аудан әлеуетін арттырып, мерейін өсірді.

Форум барысында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев жыл басынан бері ауданда әйел-аналардың қатысуымен өткен отбасы құндылықтарын дәріптеу және насихаттау бағытында ауқымды іс-шараларға тоқталып, форумның маңызына тоқталды.

Сонымен қатар облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, «Қазақстан әйелдері күштері Альянсының» Қызылорда облысы бойынша филиалының төрайымы Рахима Ахметова сөз алып, форумның мақсаты мен облыс көлемінде әйел-аналардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жұмыстар жайына тоқталып, форумның жұмысына сәттілік тіледі.

Мұнан бөлек іс-шара барысында бірқатар әйел-ана сөз алып, форумға қатысты өз ойларын жеткізді.

Форум жұмысы іс-шараның секциялық отырысымен жалғасып, «Әйел және қоғам», «Әйел және еңбек», «Дені сау бала – дені сау ұрпақ» тақырыптары тереңнен талданды. Еңбекші әйелдерді насихаттау, ана мен бала денсаулығы мәселелері көтеріліп, мазмұнды басқосудың маңызы арта түсті.

Айта кетейік, тағылымы мол іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Жалғас Оңғарұлы облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова мен «Қазақстан әйелдері күштері Альянсының» Қызылорда облысы бойынша филиалының төрайымы Рахима Ахметоваға Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойына арналған мерекелік медалін табыстады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: