Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ӘЛЕМ ӘЙЕЛ ӘСЕМДІГІМЕН ӘДЕМІ

07.03.2024, 12:00 90

Бүгін бүкіл әлем анаға иілгендей, мың жүректен мейірім нұры төгіліп тұрды.
Облыс орталығындағы А. Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйіне жиылған жұрттың шат көңілінен мерекелік мезіреттің ыстық табы айқын аңғарылды. Халықаралық әйелдер күніне арналған «Ару көктем, ана жыр, әйел ғұмыр» атты шара әдеттегіден де әсерлі ұйымдастырылды. Сахнаның сәні, тақырыптық мәні ерекше лепті сезіндіріп, нәзік сыйластық пен суымайтын сүйіспеншілікке ие Сырдың сұлулары гүл шоғына көмкерілді.

Жабыққанда сағынышымыз, тарыққанда ақылшымыз болатын аналарымызға деген құрмет елдік дәстүрдің айнымас жолы. Сол дәстүрдің дәреметі баянды бірлік пен байсалды тірліктің жарқын бетін ашқандай болды.

Алдымен қазіргі қазақ әйелінің болмысынан сыр шертетін монолог оқылды. Оны ырғақты «Ару ғұмыр» әні жалғады. ЛЭД экранда ару, әйел, ана туралы бейнебаян жүріп, сәтті сабақтасқан сюжет пен сырлы саз тұтастай тамсандырды. Керемет көрініс пен көтеріңкі көңіл-күй үйлесім тауып, сахналық қойылым тың туындының таныстырылымдай ықыласты оятты.

Салтанатты кешті қала әкімі Серік Қожаниязов құттықтау сөзімен ашты. Ол нәзік жандылардың қоғамдағы роліне, өңір дамуындағы әйелдердің белсенділігіне ерекше тоқталды.
«Аналарымыздың рухынан күш, ұлағатынан тәлім түйген аруларымыз бүгін барлық салада табысты еңбек етіп келеді.

Облыс орталығында әлеуметтік саланы дамытуға, ана мен баланың қорғалуына айрықша мән беріліп, нәтижесінде демографиялық өсім қалыптасты, қала халқының саны 357000 адамға жетті. Оның 51 пайызын әйелдер құраса, көпбалалы аналардың саны 18000-ға жуықтады. Олардың ішінде 1261-сы Алтын алқа, 2558-і Күміс алқа иегері.

Қаламыздың дамуында әйелдер қауымы барлық салада ер-азаматтармен иық тіресе жемісті еңбек етіп келеді. Мысалыға қалалық мәслихаттың мінберінде билік пен халық арасында дәнекер 6 әйел депутатымыз бар. Онан бөлек нарық талабына сай 1913 азаматша кәсіпкерлікті дамытса, 500-ден астам қыз-келіншек бизнес жобасын бастауға мемлекеттен қайтарымсыз грант алды. Ал, ұлт тәрбиесі мен денсаулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздарымыз бен дәрігерлердің әркез шоқтығы биік. Спорттағы жетістігімен абыройымызды асқақтатқан қарындастарымыз бен қыздарымыздың орындары тіпті бөлек. Сондықтан біз сіздерді мақтан етеміз» деп, барлық ана мен қыз-келіншектерге ыстық ықыласын жеткізді.

Өз кезегінде шаһар басшысы Серік Салауатұлы бір топ батыр анаға Алтын және күміс алқа табыстады. Ел мұраты, жұрт амандығы жолында аянбай еңбек етіп, белсене атсалысқан аруларға облыс, қала әкімінің Алғыс хатын берді.

Шырайы мен шаттығы мол шынайы шара ел есінде ұмытылмастай өтті.
Біріншіден, «Анасын ардақтаған ел азбайды» деген тәмсілді терең түсіндірді. Екіншіден, қыз-келіншекке қоғамның құрметі өрістей түскенін танытты. Үшіншіден, бір мереке аясында емес, аруларды азаматтар алақанға салып, аялай беретіні жыл бойы жалғасатындығын білдірді. Басты ерекшелік те осында еді.

Мереке құтты болсын, Сыр сұлулары!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: