Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ЖАНЫ СІРІДЕН ЖАРАЛҒАН немесе менен сұхбат алған күн…

29.04.2021, 11:00 977

Жігер… Қазақта «Қаһарлы қамал алады» деген сөз бар. Ал жігерлі ше? Арамызда туғаннан тағдырмен тайталасып, тырысып, қорғасындай ауыр өмірдің қырына қарамай мақсатынан айнымаған жігерлі азаматтар көп. Қарға адым баспақ түгілі, қыбырлап қозғалу қиындықпен берілсе де арманына жетіп, алға жоспар құра білу – тек жігерлі адамға ғана тән қасиет. Ондай алапат мінез иесімен кездесіп, әңгімелесу де ерекше. Апта басында сондай бір ерекше күш иесі, мүмкіндігінің шектеулігіне қарамастан өзінің жеке кәсібі мен шығармашылығын қатар дөңгелетіп отырған Қуаныш Нұржігітовпен кездесудің жолы түсті. Кездесу барысында жас жігіт журналист болғысы келетінін айтып, менімен сұхбат жүргізді.

«Маған қандай сұрақ қойғыңыз келеді? Кез келген сауалға жауап беруге дайынмын». Қуанышпен әңгімелесуге келісіп, жолда келе жатқанымда ұялы телефоныма осындай хабар­лама келіп түсті. Сұхбаттасуға асыққан болуы керек. Мен де асығып келе жатырмын. Әлемжеліні сәл төңкерсең, бұл жігіттің жігері жайлы жазылған дастандар көп. Оқып-естігендерімді өз көзіммен көруге асықпын. Әйтпесе бар болғаны 19 жастағы жігіттің барлығының аузында жүруінің сыры неде? Шиеліде дүние­ге келіп, қалада өскен. Жеті айлық болып туғанымен, өмірге сап-сау болып келген. Тек қыр­қынан шыққаннан кейін салынатын екпеден кейін ғана «ДЦП» дертіне шалдығыпты. Жас дәрігерлердің тәжірибесіздігінен болған оқиға. Десе де, анасы ол үшін ақхалаттыларға қара күйе жағып, алаламаған. Жаратқан ие маңдайы­на осылай жазған екен, пешенесіне бұйыр­ғанын өзі көреді де…

Асығып телефонмен сілтеген жерге жеттім. «Ақ-Жайық» дүкені. Құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, кішкентай ғана бөлмеде құрт өнімдерін сатумен айналысады екен. Кембағал көретіндей міскін емес, өмірден орнын табу үшін барын салып жүргені көрініп тұр. Жартылай ашылған есіктен таныс бейне көрінді. Иә, бұл Қуаныштың қуанышты бейнесі еді. Ішке кірдім. Танысып, білісіп болған соң, отыра кетіп әңгімелесуге кірістік. «Журналист болуды армандаймын. Сұхбат құрғым келеді. Ал сізбен сұхбаттассам бола  ма?» деді маған қарап. Бірден келістім. Себебі, бұл сұхбаттың орны ерекше. Екеуміз де бір-біріміз жайлы білгіміз келеді. Екеуміздің де мақсатымыз айқын. Қуаныш­тың жүзінен жасымас жігерді көру қиын емес, десе де қазаққа тән ұяңдық та байқа­лады.

– Журналистика – бала күнгі арманым. Мен сұхбаттаса алмай кеткен адамдар бар. Бейсен Құранбек, Нұртілеу Иманғалиұлы… Айта берсең, түбіне жетпейсің. Өткенде Қызылорда қоғамдық телеарнасына бардым. Өзімнің сүйік­ті журналис­терімді көріп қайттым. Олжас Дәуіт, Тоғжан Ибайділдалармен сұхбаттас­тым. Солармен бірге бір студияда болдым. Ең бақытты күндерімнің бірі болар. Ендігі арманым – «QYZYLORDA» телеарнасының журна­листерімен жүздесу. Сондай-ақ, Дина Төлепберген секілді басқа да танымал тілшілермен пікірлессем деймін. Одан бөлек, «Қайсар» футбол клубының футболшыларымен кездескім келеді. Думан Нәрзілдаев және Мақсат Байжановпен сұхбаттасуды армандаймын. Облыс әкімі Гүл­шара Әбдіқалықованың өмір жолы да қызықтырады. Саясаткер болу, бұл деңгейге дейін көтерілу оңай болмаған шығар, – деді ол.

Қуаныштың анасы баласын емдеймін деп бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Сіңірін жалғату үшін Қырғызстанға да барып ота жасатқ­ан. Десе де, жазмыштан озмыш жоқтың күйі. Бірақ, ең бастысы Қуаныштың ақыл-ойы орнында екеніне қуанады. Анасының айтуынша, «сау болсам футбол ойнап, түрлі айтыстың қызығын қыздыратын едім» деп өкінетін көрінеді. Жасы он тоғызға келген соң, тырбанып тіршілік ету қолынан келетін Қуанышқа кәсіп ашып беріпті. Қазіргі таңда құрт сатумен айналысады. Анасының бар арманы – ендігі таңда баласының қосағын тауып, үйлі-баранды ету.

Қуанышпен әңгімелесіп отырып, балалық шағынан бастап өмір жолының біраз бөлігін төңкердік. Ол да арагідік «өз сұхбатын» жал­ғастырып, маған сұрақтарын қойып отырды. Оның мектеп кезден қалған естелігі де көп. №1 мектепте білім алған екен. Денсаулығына байланысты қашықтан оқыпты. Десе де, арасында мектепке де барып тұрғанын айтады. Өзінің қатарластарымен бірге жүріп-тұрып, солар­мен уақыт өткізген қатты ұнайтынын жасырма­ды.

– Мектебімде болған қызықты оқиғаны айтып берейін. 11-сыныпты аяқтаған кезде жалпы­ сынып болып кездескен болатынбыз. Арамыз­да бұзықтау сыныптасымыз бар еді. Өте бұзық. Сол мені алдап, сусынның орнына шарап құйып берген еді. Байқамастан ішіп қойыппын. Сол сәт қызық болып еді. Бірақ масаң күйге түспедім. Түнделетіп үйге жетіп, таңертең сыныптас­тарымыз жиналған әлеуметтік желідегі топқа айтқым келген. Десе де, ренжітіп алармын деп айтпадым. Сыныптастарыммен әлі күнге дейін хабарласып тұрамыз, – деді оқушы кезін еске алған  Қуаныш.

Ол өзінің 19 жылдық ғұмырында студенттік өмірді де бастан кешірген. Кентау қаласында оператор мамандығында оқыған. Дегенмен, мамандық ұнамаған соң, оқудан шығуды жөн санаған. Қуаныш журналистикадан бөлек, айтыс­қа жаны құмар. Өзінің айтуынша, теледидарда айтыс болса, экранның ар жағындағылармен айтысып отырамын дейді. Алматыдан арнайы тапсырыспен жасаған домбырасы бар екен. Домбыра шертуді де ешкімнің көмегінсіз, өзі үйрен­ген. Шын өмірде айтысып көрсем деген арманы бар екен. Осыдан бірнеше күн бұрын Ержеңіс Әбдімен кездесіп, айтысып көріпті. Айтыскер Қуаныштың өнеріне тәнті болып, өзінің жақында болатын концертіне шақырған көрінеді. Одан бөлек, айтыс­тың ақтаңгері Мұхтар Ниязов, Нұрмат Ман­сұровтармен кездесіпті. Айтыскер ағалары Қуаныштың ақындығын мойындап, алғысын жаудырған.

«Жаны сіріден жаралғандай» деген тіркес бар. Мықты, жігерлі адамдарға қарап айтылады. Бірақ, қай мықтының болмасын жауырынан жел өтетін сәттер болатыны жасырын емес. Жігері жаси бастағанда Қуаныш ақындардың өлеңдерінен күш алады. Айтысты болма­са, жеке ақындардың өлеңдерін тыңдап сабырға  келеді,  қайта  шымырлана  түседі.

Сондай-ақ, Қуаныш блогер болуды армандайды. Instagram желісінде белсенді. Өзінің жаңа таныстықтары мен кездесулеріндегі суретт­ерді жүктеп отырады. Жас жігіттің салмақты ой-толғамдары ойландырып қояды. Қазіргі замандағы блогерлердің хайп жетегінде кеткені жайлы біраз әңгіме өрбітіп, оған қызығу­шылық, хайпқа деген сұраныс қоғамның төмен  қарай  құлдилауы екенін түртіп кетті. «Қайсар» футбол  клубының  ойындарын  жиі  бақылап  отырады. Бір  таңғалғаным, оның өңірдегі соңғы жаңалықтардың барлығынан хабардар болып отыруы. Облыс аумағындағы саяси һәм экономикалық жаңалық­тардың барлы­ғын  айна қатесіз жеткізіп отырды. Соны­мен қатар, қазір қоғамдағы өзектілігін жо­ғалтпаған жер дауы және т.б. оқиғалармен таныс  екенін  айтып, өз пікірімен бөлісіп отырды.  Қазақ тілі мен орыс тілін біледі. Енді өзінің ана тіліне ұқсас, қырғыз тілін үйренгісі келеді. «Менімен сұхбаттасудың басқалардан қандай ерекшелігі бар?» деді Қуаныш сұхбат соңында. Ерекшелік көп… Сендегі жылы жүрек,  жасымас  жігердің  қоғамға  бере­рі  көп…

Осылайша, Қуаныш екеуміз бір-бірімізге сұрақ қойып отырғанда уақыт та сырғып аға берді. Қос тараптан қойылған сұрақтар үлкен әңгімеге ұласып, қайтар кезде қоштасу да оңайға соқпады. Қуаныш өзінің менімен сұхбаттасқанына қуанышты екенін айтып, сұхбатын аяқтады: Құрметті көрермендер, студиямыздың бүгінгі қонағы Бекзат Аманов болды. Біз бүгінгі сұхбатымызды аяқтаймыз…

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: