Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұрланған іш киім

24.10.2020, 9:00 1622

HALYQLINE.KZ Қызай ананың Күнбике дейтін таныс сіңлісі найман ішіндегі Қаракерейдің Байыс деген шөбересінен туған Ерсары дейтін кісімен тұрмыстаныпты. Өзі қыр мұрынды, сұлу жүзді Күнбике жөнсалдау күйеуін бойына тоғытпай, менсінбей жүреді екен. Одан дер кезінде бала да көтермепті. Күнбике бір жолы арнайы Қызайға амандаса барып, осы ішкі сырын ақтарыпты.

– Күйеуім жайсыздау болды. Бала да көтермедім. Осыны сізге айтып, күйеуіммен ажырассам деймін. Бұған не дейсіз? – депті.

Сонда Қызай ана:

– Ойыңдағыңды айтқаның жөн ғой. Сонда да бұл іске жүз ойланып, мың толғанғаның жөн шырағым. Асығып-үсігіп, бір шешімге келе салу – шайтанның ісі. Әйел затында үш үлкен сұлулық болады екен дейді. Оның біріншісі – бет сұлулығы. Жаралмышта қандай болсаң сол сенің – табиғи сұлулығың. Жасанды сұлулық адам баласына жараспайды. «Өзім сұлумын» деп өзгені қомсынуға, қорсынуға болмайды. Енді бірі – қол сұлулығы. Әйел адам ісмер болуы, бота тірсек, бос белбеу, шу аяқ болмауы керек деген. Қол аяғың жеңіл болса, ісмер болсаң, отбасыңды қобыратып, қопсытпай, тап- тұйнақтай етіп ұстасаң, одан ер де кетпейтін болады. Әйел адам әдепті, ибалы, кең мінезді, сабырлы, салмақты, ашық-жарқын, жақынды жатсынбайтын, алысты жатырқамайтын болуы керек. Ерді жақсылап күтіп, атағын шығару – әйелдің ісі. Ақылымды алсаң, ыстық ұяңды суытпа. Үйіңді қобыратпа. Қалған ақылды кеште жездең келген соң сол кісіден сұра дейді. Кешке таман Қызай ананың кейінгі күйеуі Тоқтар сырттан қайтып келгенде, бұрын бұл кісіні көрмеген Күнбике Тоқтарды танымайды. Еңселі де айбатты мырза жездесі Шағырды ғана танитын ол біразға дейін оған немқұрайды қарап, бойына тоғытпай отырады. Бірақ апайының оның алдынан шығып, сырт киімін шешіндіріп, қағып-сілкіп, орын-орнына қойып, қолына су құйып, алдына дастарқан жайып жік жапар күтіп, тамақтандырғанын көріп таңырқап отырды.

Сонда Қызай ана:

– Е, өтпейтін өмір, тозбайтын темір жоқ. Шағыр жездең қайтыс болған. Балалардың қамы деп осы қайныммен тұрмыстанғанмын. Аты – Тоқтар. Жаратқанға шүкіршілік. Қазір жаман емеспіз. Қалғанын өзің түсіне жатарсың. Айтар сөзің, сұрайтын ақылың болса, міне жездеңнен сұрай отыр, – деді.

Сонда апасының айтқандарын, сөз әрекетін қайта еске түсіріп, ойға шомған Күнбике «Апырым-ай, мен алжасқан екенмін, апайым мынадай бір жай адаммен жарасып, жап-жақсы отырып жатқанда, менің күйеуімді қомсынып, қорсынып жүруім тым астамшылық екен. Ердің қадір-қасиетін арттыру әйелдің ісі екен ғой. Мен де апайым сияқты күйеуімді ардақтап, оған деген сенімімді, сезімімді күшейтіп, мырза атандырмасам, – деп ойлайды да ертесі қайтып кетеді. Қайтарында ырымдап апайының іш киімін ұрлап алыпты да, белден асып кеткенше артына бір бұрылып қарамапты, мұны кейін білген Қызай ананың енесі:

– Қап, әттеген-ай, байқамағаның-ай, қарағым, іш киімді ырымдап ұрлап кеткен болса, енді оның ұрпағы сенен көп болады, – депті.

Күнбике еліне қайтып барғанда апайының айтқандарын бұлжытпай орындап, күйеуі Ерсарыны бірте бірте «Сары мырза» атандырған екен. Арт-артынан перзент болып, өсіп-өніпті. Оның ұрпақтары Қызай ананың ұрпақтары сияқты ана атымен «Мұрын елі» атаныпты.

«Данышпан Қызай ана» кітабынан алынды.

Картина авторы – Сейсенхан Маханбетов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: