Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Телефон болғым келеді

30.12.2021, 10:30 558

Бұл жағдай бір мектеп мұғалімінің басынан өткен. Орыс тілі мен әдебиетінен сабақ бере­тін мұғалім үйге келген соң оқушылардың дәп­терлерін  тексеруге отырады. Бір дәптерді ашып оқиды да, екі қолымен бетін басып, солқылдап жылап жібереді. Осы сәтте бүкіл дүние тоқтап қалған сияқты еді. Қасында отырған күйеуі телефонын шұқылап отырған еді, бастапқыда не болғанын түсінбей қалды. Келіншегінің ебіл-дебілі шығып, жылап отырғанына таңданып, жанына келді де, не болғанын  сұрады.

Ол күйеуіне бұрылып, балаларға «Менің арманым» тақырыбында шағын эссе жазуға тапсырма бергендігін айтады. «Соңғы тексерілген үй тапсырмасы бүкіл дүниені төңкеріп жібергендей болды» дейді әйелі. Күйеуі аң-таң болып, дәл осындай жағдайға жеткізген ол қандай эссе болды екен деп оны оқып беруін сұрады. Оның мазмұны былай  еді.

«Менің арманым – әке-шешемнің телефо­ны болу. Олар күн-түн демей теле­фондарына үңіліп отырады. Жатса да, тұр­са да қолдарында телефон жүреді. Мен кейде әкеммен ойнағым келіп, жанына барсам, «қойшы, жұмыстан шаршап келіп отырмын» деп, қолына телефонын ұстап қарап жатады. Соған қарағанда телефон әкемнің шаршағанын басады. Анамның да үй шаруа­сынан қолы тимей кетеді. Бірақ ол менің оны сағаттар бойы күтіп отырғанымды біледі. Сосын қолы тиген бойда маған көңілін бөледі. Бірақ, оның да телефоны шыр ете қалса, сағаттар бойы сөйлесіп, мен тағы сырт қалып қоя­мын. Менің олармен бірге болғым келетінін олар мүлде байқамайды, өйткені олардың телефоннан қолдары боса­май кеткен. Оның ішінде менен де маңызды дүниелер бар. Сондықтан мен ата-анамның телефоны болғым келеді. Бұл – менің  арманым».

Әйелі эссені оқып болған соң күйеуі­не қарап еді, оның да жана­ры жасқа толып, жылам­сырап  тұр  екен.

– Қандай әсерлі, мына ба­ланы  қазір  құшақтап алар ма еді, – деді  күйеуі.

– Дәл қазір құшақтауыңа бола­ды, мұны жазған біздің бала­мыз,  – деді  келіншек.

Наталья  Радионова

Аударған  Әйгерім  НАЖМАДИНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: