Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағдырың ортақ тоғыз сан

28.06.2023, 10:20 442

Бүгінде жұрт аузынан жиі еститініміз – нумерология ғылымы. Қайда барсаң да, «сандарды сөйлетеміз, тағдырыңызды көріп, өміріңізді түбегейлі өзгертеміз» деген нумеролог мамандар жетерлік. Қай адамның болмасын өзіндік жеке саны болады деп жарияға жар салып, тіпті, дүниеге келген күнің арқылы қанша жаста тұрмыс құратыныңа дейін анықтап береді-мыс. Әрине, бұл ғылым мені де қызықтырды. Әлеуметтік желіге жазып іздестіріп едім, мамандардың көптігінен көзім шатасып, ай-күнімді қайсысына оқытарымды білмей басым қатты. Барлық парақшаны ашып, аз ғана шолу жасап көз жүгіртіп шықтым. Көбі – өзге ұлт өкілі. Мұны көріп қуандым. Десек те, қазақтан шыққан нумерологтар да аз емес. Неде болса қазақ қазаққа жақын ғой деген оймен тікелей өзіне хат жолдадым. Бірер сағаттан соң жауап келді. Менің туған күнімді оқыды ма, әлде басқа ма білмедім. Бола­шағымнан өзгеріс күтілетінін, тіптен, қанша жаста тұрмыс құратыныма дейін айтып берді. Сосын алғыс айтып, саулығын тілеп қоштастық. Ең қызығы, бұл салаға қызығушылық танытып, өзгенің жылын есептеп, өзім де нумеролог болу­ға шақ қалдым. Қызығы сізге де тиіп қалар. Білгенім, әр адамның өзіне жақын саны, нөмірі болады екен. Қаласаңыз, өз саныңызды есептеп көріңіз, алдымен туған күн мен айыңызды (23: 2+3=5), (01: 0+1=1), содан соң жылыңызды (1992: 1+9+9+2=21; 2+1=3)  әрбір  екі  таңбалы  саннан  сандарды  қосу  арқылы бір таңбалы  санды  алыңыз. Міне, осылай (5+1+3=9).

0 – материалдық табиғаттың құпияларына толы. Бұл нөмір жан-жақты энергияны,  үйлесімділік  пен ақиқатты білдіреді. Егер алдыңыздан қайталанған  нөлдер  кездесетін  болса, өзіңізді рухани жағынан дамыту қажет екенін ұмытпағайсыз. Туабітті мүмкіндіктер мен күш-қуаттың белгісі болғандықтан, бұл  санға  қатысы  бар  адамдар  талантты  әрі  қайсар  болады. Алайда, оны қалай  қолдану  керектігін  жете  түсінбейді.

1 – ойлау қабілетінің тиянақтылығын білдіреді. Басқалардың ойына құлақ аспайтын, жеке тәжірибесіне сүйенетін сан. Батылдық, қайсарлық пен тапқырлық тән. Адамдарды басқару мен оларды көндіру қиынға соқпайды. Нағыз көшбасшының белгісі. Алайда, бұл санның жаман қасиеттері де жоқ емес. Мысалы, шектен тыс сенімділік өркөкіректік пен қырсықтыққа әкеліп  соғады.

2 – мейірімділік,  жомарттық,  нақтылық  пен  түсіністікті  білдіреді.    Аздап  романтизм  мен интуиция бар. Жалпы, еш кемшілігі жоқ періште сынды дерсің. Өмірдегі тұрақтылық пен тепе-теңдікті білдіргенімен, барлығы үнемі жақсы бола бермейді. Сол себепті, мұндай қасиеттерге тән адамды  кездестіру  тіпті  мүмкін  емес.

3 – өмірсүйгіштік пен  оптимизмнің белгісі. Бұл санмен байланысы бар жан өзіне сенімді және ұсақ-түйекке мән бермейді. Бірақ, сізге бөлінген көңіл мен уақыт аз мөлшерде болса, өмірден түңіліп кетуіңіз ғажап емес. Өзгелердің  тарапынан  сізге үнемі қызығушылық болуы керек, қарсы  жағдайда  сіз  әлемді  қатыгез  деп  танисыз.

4 – бұл санның қасиеттерін тек ерлерге тән деп айтуымызға бола­ды. Бірақ, бұл қасиеттер көбіне әйел затының бойында кездеседі. Төзімділік, еңбекқорлық пен өз принциптеріне адалдық. Бұл өмірде ешнәрсенің тегін келмейтінін, барлық нәрсенің өтемі бар екенін жақсы түсінетін адамдар. Кез келген ортада белсенділік танытып, не істеу керектігін нақты білетін жандардың саны. Сізді барлығы құрметтегенмен, жақтайтындар санаулы. Бұл санмен туғандар көбінесе өте қырсық әрі ішпыстырарлық болып келеді. Олар өз дегендерін дәлелдеп, басқалардың  қателіктерін  бетіне басқанды аса ұнатады. Адамдарға күмәнмен қарап,  уақытты бос кетірмейді.

5 – сандардың арасындағы ең мықтысы. Өмірге деген бейімділік, тапқырлық пен табиғаты  ерекше заттарға деген құштарлықты білдіреді. Сіздің энер­гияңыз  кез  келген өзгерісті оңай өткеруге көмектеседі. Әрі бүкіл жағдайдан оңай шығып  кететініңізге бек сенімдісіз. Қандай жағдай болмасын, қорықпай, алға  ұмтылыңыз.  5  саны  сізге  көмектеседі!

6 – бұл  санның  жақсы  қасиеті – адамдарға деген  ерекше  ықыластың  болуы. Қызметте сіз өте қатал әрі талапшыл бастық болуыңыз мүмкін, алайда, адамның өмірі мен жеке басын қатты құрметтейсіз. Дүниедегі ең бағалы зат сөз еркін­ді деп білесіз. Қолыңыздағы барды беруге дайын жанашыр адамдар – осы санның меншігінде. Сіздің жақындарыңыз сізге үнемі иық тірей алатынын жақсы біледі. Сонымен қатар, басқалардың қамы үшін өз қызығушылығыңыз­дан  бас  тартуға  дейін  барасыз. Ол өз кезегінде  сізге  көптеген  қиын  мәселелер  туғызуы  мүмкін.

7 – бұл санның басты ерекшелігі ойлау қабілеті мен іштегі тыныштықтың жоғарғы деңгейде танылуы. Кез келген қиын сұрақтардың жауабын да еш қиындықсыз тауып алады. Өмірде болатын әртүрлі жағдайларда бұл қасиет септігін тигізеді. Жаман қасиеттері: сыпайылық болмайды, жақсы мінез атымен жоқ. Ол туралы ел не ойлайтыны мүлде қызықтырмайды. Қолайлы сәт туған кезде басқалардан ерекше екенін еске салып отырады. Сол арқылы достарынан айырылып, адамдармен қарым-қатынасы  қиындай  түседі.

8 – іскерлік шеберлік пен батылдық осы санға тән қасиет. Осы санмен туған адамдар әлемді басқарады. Олар үшін алынбайтын асу, берілмейтін қамал жоқ. Алға қойған мақсаты мен оған жететін жолды нақты көреді. Сол себепті, қашан не істеу керек екендігін жақсы біледі. Қатыгез болғанмен, адал. Жақындары мен сүйіктілері үшін одан асқан қамқоршы жоқ. Жағымсыз жағы бағынышты адамдарды қанау мен өркөкіректігі оны үнемі аяқтан шалады. Қызметтегі қаталдығы күнделікті өмірдегі имиджге өз зиянын тигізуі мүмкін.

Жоғарыда біз есептегенде 9 саны шықты. Сол 9 – аса мейір­бан  жандар, адамдарды бірдей жақсы көреді, оларға көмек қолын созуға қуана-қуана дайын. Табиғатыңыздан адамдарды жақын тартасыз, олар да сізбен дос, серіктес, әріптес болуға ұмтылады. Дегенмен, айналадағы барлық нарсені драмаға айнал­дырғанды әдетке айналдырған. Барлығы жақсы болса, сізден  шуақты  жан  табылмас. Бірақ, кішкене нәрсе үшін жанжал шығарып, қоршаған ортаңызды терең депрессияға ұшыратуыңыз  ғажап  емес.

Дегенмен, артынша абдырап шошынғандай болдым, қазіргі  таңда  тағдырымыз санмен өлшеніп, математика ғылымына  айналып  барады ма деген ой түйдім. Мұнан шығатын қорытынды: өміріміз Алланың бұйрығымен жал­ғасып,  тағдырымыз  өз  жолымен өрбитінін естен шығармайық.  Алайда  әркімнің  өз  ойы бар…

Гүлім  ЕЛЕУСІН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: