Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тағдыр сыны (әңгіме)

16.11.2023, 10:20 203

Таң біліне қаланың тіршілігі басталады. Авто­парктен шыққан автобустар өз бағыттары бо­йынша көше бойлап барады. Қалың киімдерінің сыртынан киіп алған сары қапеттері анадайдан мен мұндалап, қолдарында сыпырғыш­тары бар таза­лық қызметкерлері де жол жағалай өз жұмыс­тарына асығуда. Бәрінің қамы – күйбің тірлік, отбасын асыраудың амалы. Көп ұзамай қала халқы да үйлерінен шығып бірі жұмысқа, енді біреуі балаларын  балабақшаға, мектепке апару­ға жетелеп аялдамаға қарай жанталасуда. Осы қалың  халықтың  арасында тек өз қара басының ғана шаруа­сын ойлайтын, отбасынан, аға­йын-туғаннан айырылған, қала  ішінде қамқорсыз, үй-күйсіз  қалған  бейша­ралар  да кездеседі. Бірі – өмірдің  тауқыметіне  қарсы тұра алмағандар, ал енді бірі – жатыпішер жалқаулықтың  кесірінен  далада  қалғандар.

Қала тұрғындары тағам қалдықтарын таңертең қоқыс жәшігіне тастайды. Осыны аңдыған бейшара көше қаңғыбастары қолдарындағы қапшықтарына аш құрсақты толтыратын жарам­ды-жарамсызына қарамай, қоқыстағы тамақ қал­дық­тарын жинауға кіріседі. Әрқайсысының өзде­ріне тиесілі аумақтары, жәшіктері бар. Бірінің тиесілі мекеніне бірі кірсе, күш-қуатына қарай қарсылық танытып жатады. Тіршіліктері де өзде­рінше күндік кесте бойынша өтеді. Бұларға үстіндегі киімі, денінің саулығы, жатар орын сөз емес, ең бастысы – ішер тамақ болып, атар таң үшін күн кешу. Ең сорақысы – ақыл-естері сау бола тұрып, қоршаған орта қараңғы түнектей, адамдар да, ағылған машиналар да, тіпті жайқалып өскен ағаштар да еш қызықтырмайды. Бес қабатты тұрғын үйдің жертөлесі қысы-жазы сызданып, жайсыз иіс шығып тұрады. Құлақ етін жейтін тықылдаған тамшы үздіксіз мазаны алады, алайда бұған да үйреніп алған жертөле тұрғыны жатын орнын хан сарайындай сезініп, тозығы жеткен көрпешенің үстінде жантайып жатып, тапқан азығымен  қоректенеді.

Күндегі әдетімен Елтай да нәпақа іздеп қоқыс жәшігін қопарып жатқаны сол еді, жәшіктің арғы бетінің  ернеуіне  алдыңғы  екі  аяғын асып, арс  еткен  төбетті көріп, шошып кетті.

– Кет, кет! Саған керек тамақ маған да керек, – деп қолындағы мүжілген сүйекпен иттің басынан салып қалды. Үлессіз қалған қара төбет қаңқ етіп кері бұрыла бергенде, Елтайдың оң аяғының балтыры тыз ете қалды. Ауырған аяғын көтеріп қалғанда, кішкентай шәуілдек қанденнің аузында дыр етіп жыртылған шалбарының етегі қалып қойды.

– Өй, өңкей ашқарақтар, екеуіңнен құтылар күн бар ма екен маған?! Адамша тамақтанайын деп пе едіңдер, әлде мен сендер сияқты ит бо­лайын дегенім бе? Құрыңдар әрі, – деп, қолындағы екі пакеттің бірін күнделікті таласқа түсіп жүретін иттерге қарай лақтырып жіберді де, жатын  орнына  қарай бет алды.

Көктемде күн нұры шуақты болғанымен, өктем жел өн бойыңды бойлап алады. Елтай қабір басында қанша тұрғанын да, бойына өткен суықты да елер емес. Бар ойы өң мен түстің арасында ғайып болған ата-анасының өліміне сенер емес. Жаратқан Аллам, өзі бір күнде пендесін жарат­қанымен, алар күнін білгенімен, пендесі мұны білмеген демекші, тосын өлімге қатты налып, ата-анасын қара жердің қойнына қиып тас­тап кеткісі келмей тұр. Жол апатынан көз жұмған әке-шешесі Елтайдың үйлі-баранды болғанын көре алмай кетті. Бір уақыттарда оның көз алдына ас үйдің ішінен, «Балам, қолыңды жуып кел, тама­ғыңды іш» деп, анасы шақыратындай елес­теді, алайда есін жиғанда көз жанарын жуған жастан әреңдеп алдында ата-анасы жатқан екі төмпешік қабірі көрінді. Жүрегі тағы да кеудесіне сыймай аузына тығылды. «Жығылғанға жұды­рық» дегендей, ақшаның аздығына, өмірінің жайсыздығына шыдамаған келіншегінің кетіп қалғанына екі жылдай уақыт болған. Оның үстіне, теміржолда машинист болып істеген жұмысынан қысқартылып, екі айдай бос жүргені де жанына батып жүрген. Енді міне, мазасызданып жүргенде тағдыр тіпті сорлатты. Ата-анасыз, жанұясыз, жұмыс­сыздық Елтайды айға жеткізбей есеңгіретіп жіберді. Күнделікті тамағын тауып жеудің өзі де қиынға түскені аздай үйінің төлемақысы бір жағынан қыспаққа алды. Қол ұшын берер аға­йындары да теріс айнала бастады. Сорлап қалған Елтай «Кісіні кейде таршылық сынайды, кейде баршылық сынайдының» күйін кешті. Жесірін жылатпайтын, кемтарды мұқатпайтын қазағымның қаймағы бұзылмаған ата жолы соңғы кезде сұйылып, басқа арнаға түскен секілді. Бір кісі таққа  отырса, қырық кісі атқа  қонадының  зама­ны  келіп, өз кіндігін өзі кесетіннің шағы боп тұр. Көп кешікпей Елтай үйсіз-күйсіз далада қалды. Панасы – жертөле, азығы – қоқыс жәшіктен бұйырға­ны.

Шәуілдек  қаншық жыртқан шалбарының етегін мыс сыммен екі жерден бүріп алып, тозығы жеткен ақ қапшығын қалтасына салып тысқа шықты. Күздің бел ортасы. Жер тоңазып, аспанды сұр бұлт қаптап, солтүстіктен суық жел соғып тұр екен. Аяғындағы баусыз, тозған кроссовкасы, жұқа кәстөм-шалбары күздің ызғырығына қарсы тұрарлық киім еместігін ойлап, түске дейін біраз жерді аралап, қалдық киім-кепшік іздеуге шықты. Адамның басынан бағы кеткесін, бабы да кетеді. Бабы кеткеннің өмірге деген көзқарастың оты да сөне ме қалай, көшеде жүрген адамдардың үстіне киген киімдеріне де көз салмай, қызықпай, тек ескі-құсқы болсын жылырақ киім табуды ойлап, әр жәшікті тінтіп, жоғын іздеп біраз жүрді. Осылай жүріп аяғына бір пар көнетоз етік, үстіне бір жеңі сөгілген күртеше тауып, жол-жөнекей өз жәшігінен тіскебасар бірдеңе табылар ма деп қопарыс­тырып жатқанда, қоқыс жәшікке бір дорба қалдықты әкеп тастап жатқан әйелдің көзіне көзі байқаусызда түсіп кетіп еді, іші жылынып сала берді. Осы күйде жүргелі адам баласына көз тоқтатып көрмеген оған бұл қылығы оғаштау болғанымен, ол әйел соңғы жарты жылда өзіне тура мейірімділікпен, сыйластықпен қараған алғашқы адамы еді. Өзімен шамалас әлгі келіншектің көз жанары жалындап жанып тұрмаса да, көз тұңғиығында ізгіліктің, адамгершіліктің нышаны сезіліп тұрған.

Елтай бейтаныс адаммен кездескелі өзгеріп сала берді. Өмірге деген құштарлық сезімі оянғандай болды. Соңғы кездері қоғам, жұмыс, азаматтық парыз деген санасына кірмейтін, ендігі жерде күнделікті жейтін тамағын ғана ойлаудан басқа қайтсем ел қатарлы боламын деген сұрақ мазалады. Күндіз далаға шыққанда жан-жағына қарап, өзінің бейшара кейпіне налып, қысылатынды шығарды. Қоқыс жәшіктерді аралау, иттермен шуылдасып таласқа түсу бәрі-бәрі ерсі көріне бастады. Адамды бір ғана жылы көзқарастың өзі өмірге жетелейтініне көзі жете бастады. Ендігі ойы қайтсе де, қандай болсын жұмысқа кіру болды. Осылай жүріп өзінің мекеніне айналған үйдің аула сыпырушысы болып жұмысқа тұрды. Құжаттары  бар, ақыл-есі түзу, тек тұрағы жоқ.

Өзін жұмысқа алған орта жастағы, құдайға қара­ған комендант әйел әр жұма сайын аз да болсын  еңбекақысын  бере  бастады.

Қыстың басы алай-дүлей борандатты. Күзде киген бірсыдырғы жұқа киімінен басқа киімі жоқ. Айына төрт рет алатын аз ақшасы тамағына ғана жетеді. Елтай таңертең жертөлесінен шыққанмен, суыққа беттей алмай күрегін ұстап, есіктің сыртын паналап тұрған. Әлден уақытта бірінші қабаттағы темір есік қоңыраулатып ашылып, шығып келе жатқан ана жолғы бейтаныс келіншекті көріп, тани кетті. Бірақ өздігінен қысылып бетін теріс бұра қойды. Бейтаныс келіншек те іш пікірі ішінде болар, Елтайға мүсіркей емес, таныс бір  адамындай  жылы  қарап:

– Сіз, сіз, – деп тұтығып барып: – Сәлеметсіз бе? – деді. Сіз деген жүрекке жағымды сөзді естігенде жоғалғаны табылып, өлгені тірілгендей сезініп, жауап беруге қауқары жетпей үнсіз теріс қарап тұра берді. Әйел Елтайдың үндемегеніне таң қалып, бұл кісі саңырау не сақау ма екен деген оймен асығыс, аяғын тез-тез басып, жөніне кете барды. Елтай болса, дүние астаң-кестең болғандай не ойларын білмей аңырап тұрып қалды.

Бейтаныс келіншек өзі істейтін кітапханасына келгенімен, өз үйінің жертөлесіне қоныстанған жігітті әлсін-әлсін еске алумен болды. «Күнара көріп жүрген әлгі бір жігіт үй-күйсіз деме­сең, арақ ішіп домалап жатқанын, сақал-мұрты кеудесіне түсіп, кім көрінгеннен қайыр сұрап жүргенін көрген жоқпын. Тозығы жеткен ақ дорбасымен қоса қолына кітап не газет, журнал ұстап жүреді. Бірақ үндемейді. Неге? Бұның жанашыр ешкімі болмады ма екен? Ертең ертеңгісін тағы кезіксе, аздап ақша берсем қайтер екен» деп, қалың ойда отырғанда өзінің жолдасы да есіне түсіп, ойы жалғасып кетті. «Сәкен арақ ішпегенде, күнара мас болып келіп, маған қол көтеріп, жөн-жосықсыз айғай шығара бермегенде, қазіргі күні балалы-шағалы, әжептәуір үй болып отырар ма едік?! Ашынасы барын білгенде тұрмысқа шықпас та едім. Енді міне, сопиған қара басым не күйеуім, не балам жоқ. Байлықтың базарында, халықтың назарында емеспін, кім керек қылсын мені…».

Ертесіне жұмысқа шыққанда ауланы тазалап жүрген оны тағы көрді, алдындағыдай емес бірсыдырғы қалың киім киіпті. Кешегі ойы бойынша сөмкесін ашып, екі мың теңге ақшасын алды да, бейтаныс жігіттің қасына келіп:

– Сіз, ренжімей мынаны алыңызшы – деді

– Ке-е-ерек емес. Басын төмен салып, кінәлі адамша міңгірлей жауап берді.

– Сіз қысылмай алыңыз. Бұндай жағдай әркімн­ің де басында болуы мүмкін, алыңызшы.

– Шынымды айтсам, сіздің менімен сөйлесіп тұрғаныңыздың өзі ақшадан қымбат. Мен осындай күйге түсейін деп түскенім жоқ, тағдырдың жазғаны шығар. Ал сізге көп рақмет, мені тағыланған қаңғыбас деп ойламай, адамша көңіл бөлгеніңіз  үшін  ризамын.

Бейтаныс келіншек оның анық, таза, орынды сөйлегеніне таң қалды. Сөзі тазаның жүрегі де таза болар деген оймен ақшасын тағы ұсынып жатып:

– Сіздің есіміңіз кім? – деп, сөзге тартты.

– Есімім – Елтай.

– Менің есімім – Сәлима.

– Сізді күнде көргенде ылғи жалғыз жүресіз, – дей берген Елтайдың сөзін аяқтатпай Сәлима:

 – Иә, мен жалғызбастымын, – деп айтып қалды. Айтуын айтқанымен, неге айтқанын да түсінбей, – Жақсы, – деп, тез бұрылып, үйіне бет алды.

Осы кездесуден соң екеуі де бірдей шешуі қиын, «неге? қайтіп?» деген сұрағы көп қалың ойға  душар болды. Бірі тоқ жалғыз болса, енді бірі – ештеңесі жоқ жалғыз… Екеуінің тағдыры – бір Алланың шешімінде. Алайда адамның өз тарапынан да өзіндік ұстанымы әсер етеді ғой.

Отыз бірінші желтоқсан. Кешкісін ептеп қар жауды. Аспандағы аппақ толған аймен жарыса жұлдыздар да сәулесін шашып жарқырап тұр. Қала халқы үлкен бір қарбалас үстінде. Бұрынғы жаңа жылдан әлі арылар емес. Елтай мазасыз­данып сыртқа шықты. Жаңа жыл оған күнделікті күнмен бір, себебі өзін құттықтайтын не оның өзге­ні құттықтай алмайтыны, жаңа жылға арналып жайылған бай дастарқанды көрмейтіні, ата-анасының ықыласын сезіне алмайтыны, бәрі-бәрі қосылып оның жүрегін қысып, мазасын қашырды. Бұл сәтте Сәлима жалғыз болса да, көрші-қолаң келсе, жұтап отырмайын деген оймен мерекелік дастарқанының жайымен жүріп біраз  ісін  тындырып  қойды.

Елтай аулада біраз жүрді де, бес қабатты үйдің  бүйіріндегі дүкеннен нан мен сүтін алып келе жатқанында алдынан Сәлима кездесті. Ол арнайы іздеп келгендігін білдіргендей дәл қасына келді де,  бірден:

– Елтай,  мен сені іздеп шыққанмын, – деді. Елтай болса, тосын кездесуге тосылып қалды.

– Сәлеметсіз бе? Жаңа жылыңызбен!

– Бірге болсын! Елтай, сөге жамандамаңыз, мерекені бірге қарсы алсақ қайтеді, шақыра келдім, жүріңіз, – деді.

Осылай жасау Сәлиманың ойына аяқ асты келген. Не үшін, неге екені бір Алланың еркінде. Алайда, ол мереке дастарқанын дайындап жүріп алдыңғы демалыста үйінде Елтаймен бір болғанын ой елегінен өткізген болатын. Елтайды қоярда-қоймай үйіне кешкі асқа шақырған. Сондағы Елтайдың ыстық сорпаны іше алмай әлсін-әлсін шашалғаны, көпке дейін шай құйған кесені қолына бір алып, бір қойып ыңғайсызданғаны Сәлиманың ішкі жан дүниесінің астан-кестенін шығарған. Жігіттің он екі мүшесі сау бола тұрып, осыншама бейшара күйге түскені оны қынжылт­пай қоймаған. Осылайша, кездескен кеші есіне түскен шақта есі кетіп, ол бірден пальтосын жамыла салып, алып-ұшып далаға жүгіре шыққанда іздегені алдынан кездескен. Құдіреті күшті Аллам екеуін осылайша жолықтырды. «Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық»  деп, бабаларымыз  бекер  айтпаған  шығар.

Осы түн, осы шақ, ашық аспан, жарық ай, екеуі­нің ендігі кезде бақытты, баянды ғұмыр кеше­тіндігіне куә болды. Бақ-дәулет, махаббат пен сүйіспеншілік байлықта ғана емес екенін осы екеуінің  тағдыры  дәлелдегендей.

Қазіргі таңда бұлар балалы-шағалы болып, еңбек­тің, ең бастысы, адамгершіліктің арқасында сәні  мен  мәні  жарасқан  әдемі  күн  кешуде…

Қаратай ТӨЛЕКЕЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: