Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сталин қалай қайта жерленді?

09.07.2020, 12:25 937

1956 жылы Сталиннің жеке басына табынушылықты айыптаған партияның ХХ съезі болғанмен, «халықтар көсемі» атанған Сталинді айыптаушылар легі Н.С.Хрущев ойлағандай көп болмады. Себебі, мавзолейде Ленинмен бірге жатқан «халықтар көсемінің» беделі халық арасында зор еді. Сондықтан Н.Хрущев Сталин денесін мавзолейден шығаруды ойлады. Партия мен мемлекет қайраткерлерін күзетумен қатар өте жауапты тапсырмаларды орындайтын КГБ-нің тоғызыншы басқарма бастығы генерал Захаров пен Кремль коменданты генерал Веденинді Хрущев шақырып: «Сталинді қайта жерлеуге дайындала беріңдер» деп тапсырма берді. КПСС ОК шешімімен Н.Шверник төрағасы, Грузияның бірінші хатшысы Мжаванадзе, Гурзияның үкімет басшысы Джавахишвили, КГБ-нің төрағасы Шелипин, Москва қалалық партия комитетнің төрағасы Демичев, Москва атқару комитетінің төрағасы Дыгайдан тұратын алты адамнан комиссия құрылып, халықтың наразылығы болуы мүмкін деп, жерлеуді құпия түрде жүргізді. «Алда 7 қараша Ұлы Октябрь мерекесіне өтетін парадқа дайындық болады» деп Қызыл алаң жабылып, мавзолей биік фанерамен қоршалды. Суретші Савинов мрамордағы Ленин және Сталин деген жазуды өшіріп, біреуін ғана үлкен етіп қайта жазды.

Партияның ХХІІ съезі 1961 жылдың 17-31қазанында болған болатын. Съездің соңғы күні Ленинград обкомның басшысы Спиридонов:«Мавзолейдегі Сталин денесі алынып тасталса» деген ұсыныс жасады. Хрущев дауысқа салды, күні бұрын дайындалған шешім оқылып, съезд өз жұмысын аяқтады. Мжаванадзе Кремльден шыққасын бірден съезд шешіміне наразылық ретінде Грузияға кетіп қалды. Комиссияның 5 мүшесі түнгі 21-де мавзолейге келді. Сталин генералиссимус формасымен биік тұғырда жатқан жерінен сегіз офицер саркофагты көтеріп, төменгі қабаттағы лабораторияға алып кірді. Комиссия мүшелерінен басқа, бальзамдалған Сталин денесіне бақылау жасайтын ғылыми қызметкерлер болды. Саркофагтан алынған Сталин денесі ағаш табытқа жатқызылды. Н.Шверник маршал мундиріндегі «Социалистік Еңбек Ері» алтын медалі мен кительдегі алтын ілгектерін ағытып алуды айтты. Погондарындағы алтын жұлдызды алдыруға батылы бармады. Совет Одағының Батыры атағы берілгенмен Сталин ол алтын жұлдызды тірі кезінде де тақпаған болатын. Табыт қақпағы жабылып, шеге қағылып жатқанда Шверник пен Джавахишвили еңкілдеп жылап жіберді. Мавзолей артында қазылған жерге табыт үсіріліп, христиандардың ғұрпы бойынша көмер алдында топырақ салынды.

Бас жағына «Сталин Иосиф Виссарионович 21.ХІІ.1879-5.ІІІ.1953» деген мрамор тақта орнатылды. Кейін Л.И.Брежнев билік құрған кезде қоладан бюсті орнатылды. Өткен ғасырдың аяғында ІІ Николай патшаның большевиктер өртеп жіберген сүйегінің қалдықтарын қайта жерлегенде Ресей президенті Б.Н.Ельцин: «Енді, Ильч қалды» деген болатын. Қазір Ресей баспасөзінде: «Ленинді өзінің қалдырған өсиетіне байланысты анасының қасына қайта жерлеу керек» деген мәселе көтеріліп жүр. Оны уақыт көрсетер.

Бақытжан  Түменбай,

тарих  пәні  мұғалімі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: