Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызбын ба, ұлмын ба, мен кіммін?!»

11.08.2022, 12:10 593

Өмірге келгенде адам үш дүниені таңдамайды. Олар – ұлт, жыныс, ата-ана. Мейлі дамыған заман деп жалаулатып, азаматтықтан бас тартып, жыныс ауыстырып, ата-анадан безіп кетсең де, Тәңірдің берген аманатынан қашып құтыла алмассың. Өйткені оны тек саған берді. Бұл жалғанға жалғыз келіп, жалғыз кететініміз хақ. Біз – индивидуалмыз. Әрқайсымыздың ешбір аналогы жоқ. Тіпті сыртқы-келбет, мінез, қылық ұқсағанымен жолымыз бөлек. Демек, ғаламшарда 7 миллиардтан астам адам болса, сонша тағдыр бар. Тағдыр демекші кейде болмашы сынаққа сағымыз сынып, оны дилеммаға ұластырып өмірден баз кешетініміз рас. Айтпақшы, он екі мүшенің саулығын да біз таңдай алмаймыз. Жалпы, біз ештеңе таңдамаймыз, тек өзіміздің кім екенімізді қалыптастырамыз. Бізге берілген тапсырма да сол. Алайда ел қатарлы болмай, өзгеше болып дүниеге келетіндер бар. Өзінің ұл немесе қыз екенін білмейтін адамдар кездеседі. Бұл сіз ойлаған ЛГБТ мүшелері емес. Олар – өзінің жыныстық қалауларын қанағаттандырғысы келетіндер. Ал, сәби болған кезден бастап, ер және әйел хромасомасы да бар гермафродит адамдар барын білесіз бе? Яғни ер мен әйелдің де жыныс мүшелері бар жандар. Көбі өтпелі кезеңде мұндай диагнозда екенін біледі. Ендеше, кейіпкеріміз өз тағдыры жайында баяндады.

Мен де бәрі сияқты ананың құрсағында дүниеге келдім. Еш ерекшелікті дәрігер де, отбасым да байқамады. Көйлек киіп, сәнденіп, әкем мен анамның ерке қызы болып, мектеп табалдырығын аттадым. Мұнда да қыз-достарым көп болып, балғын шағым өтіп жатты. Ешқашан көңіліме қаяу түсіретін жан болмады. Бәрінен озық, бәрі қызығы да, қыз­ғана қарайтын алғыр болдым. Бірақ өтпелі кезеңде өмірім түбегейлі өзгерді. Құрбыларыма қарап, мен де бір ерекшелік барын сездім. Анама айтсам, «әр адамның жетілу процессі әртүрлі, уайымдама бәрі өз уақытымен» деп жауап берді. Сонда да, бұл сұрақ мені мазала­ды. Сынаптас, дос-құрбының мазағына айнала бастадым. Ер немесе әйел екенім сырт көзге түсініксіз болған соң, кибербуллингқа ұшырадым. Қысқасы, мені неге теңемеді десеңші? Адам баласының көзіне тік қарау­ға үрей пайда болды. «Мен кіммін?» деген сұрақ тыныштық бермеді. «Қызбын» дейін десем, қыз  баласына тән дене мүшелерімнің кем болуы, «ұлмын» дейін десем, жатырым бар. Сіз  мұндайда не  істер едіңіз? Кемсіту мен балағат­тау одан сайын өзіме деген жеккөрінішті тудырды. Бәрі бұл шындықты біліп қалғаны түсіме жиі кіріп, шошынып ояна бастадым. Анам мен әкем алаңдаушылық таны­тып, 16 жасымда дәрігерге апарды. Анам­ның жұмыстан қолы босамай қалған еді. Сол себепті әкеммен бірге тексерістен өттік. Нәтижесін дәрігер әкемді шақырып, тек оған айтты. «Шұғыл түрде операция жасалуы керек» деп әкем жеткізді. «Қызым, бәрі жақсы болады» деген әкемнің жылы сөзі еліте кетті.

Шыны керек, жақынымның сөзіне сеніп, қандай операция, не үшін деп сұрамаппын. Бәрі аяқталды. Енді қарапайым адам болып, өмір сүремін деп қуандым. Алайда «баяғы жартас, сол жартас». Ештеңе өзгеріссіз қаз-қалпында. Әкем мен анам гормон дәрілерін әкеліп, осыны ішу керегін айтты. Тағы да тіл қатпастан айтқандарын істедім. Тек денемдегі ауытқулар кетсе екен деген үміт жалындап тұрды. Ақырындап кеудем қалып­қа келе бастады. Әрине, көп адамға күлкілі шығар. Бірақ мен осы азаппен қанша уақыт күрестім. Денемдегі өзгерісті күні бұрын дабыра қылмайын деп ешкіммен қуаны­шымды бөліспедім. Көпбалалы отбасын­да болсам да, отбасында жалғыз қыз едім. Бәрі мені қорғады, қолдады. Бәлкім, осы қиындықты жеңуімнің басты себебі сол шығар. Дегенмен, бұл тек басы екенін кеш білдім. Дәрігердің тексерісінен Алматыға келіп өту керек екенін өзіміздің маман айтты. Қайтадан сол баяғы тексерістер жүргізіліп, нәтижесін бұл жолы өзіме мәлімдеді. 20 жасымда өзімнің гермафродит екенімді білдім. Мектеп шағымда жасалынған операциялар менің аналық без тіндерінің элементтері бар аталық безді және жұмыс істемейтін тіндерді алып тастапты. Әкем мен анамның маған ескертпестен бұлай жасағанына  өкпелі  болдым.  Амал  нешік?

Не болса да, бәрібір ер мен әйелдің мүше­лері бар «қосынды» екенімді ешкім жоққа шығара алмайды. «Қоғам бізді қабылдамайды» деп өзімнің кім екенімді айтпаймын деп шештім. Құпияға толы адамның бірі болдым. Қатты күйзелісте жүргеннен кейін түрлі дертке шалдыға бастадым. Әрбір басқан баспалдағымда кедергі көп еді. Өмірімнің біраз бөлігі өзімнің кім екенімді білуге арналды. Дей тұрғанымен, мұндай ерекшелігі бар жалғыз мен емес. Дәрігерлердің айтуынша, мен сияқтылар кез келген отбасында дүниеге келуі мүмкін. Алайда мұның қандай азап екенін мен білемін. Сол себепті ешбір отбасында мұндай қиындық болғанын қаламас едім. Өзіңнің бірде-бір жынысқа жатпайтынынды білу жеңіл емес. Десе де, Жаратқан иемнің бізге берген сынағы деп өзімді қалай бар, солай қабылдадым. Мен ер немесе әйел емес, адам болғым келеді. Сондықтан өзгелердің «ярлыктарына» мән бермей, өзімнің жолыммен  жүруді  жөн  көрдім.

ТҮЙІН. Қоғам санасына белгілі бір стереотип қалыптастырып, өз философиясын өзгеге тықпалаудан арылу керек. Кейіпкеріміздің өмірі бала кезден қиындықпен басталды. Балалар арасында бір-бірін кемсіту белең алып тұр. Біреудің денесіндегі кемшіліктерді бетіне басып, бір минуттық күлкіміз, оның жүрегінде мәңгілік соққы болып қалатынын ұмытпаған жөн. Күншілдік түрі – тоқсан тарау. Дегенмен ауыр сөз айтып, кейін кешірім де сұрап, қателіктін орнын толтырамын деу қате пікір. Өйткені  айтылған сөз жүрекке қанжар болып қадалып, құлаққа қайта-қайта жаңғырық болып естіле беретіні жасырын емес. Бұл біз көріп жүрген «дежавю» емес, одан да мехнатты. Сол себепті өзімізге ұқсаймайтын адамға қолдау көрсетпесек те, зиянымыз тимесін.

ҚҰЙЫН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: