Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өгейлік өзектен теппей ме?

18.04.2024, 11:00 116

Қоғамда  ажырасудың  күрт өсім алуы күрделі мәселелерге жол ашуда. Қазақстанда  он  бір мыңнан астам бала өгейліктің қамытын кисе, ауданда 131 бала тіркеліп отыр. Бұл отбасылардың арасында бөтен деп бөлмей, өз баласындай қамқорлық жасайтын Құдайына қараған жанға нұр жаусын. Керісінше, өгей деп өзектен тебетіндерге не дейміз?! Балаға психологиялық қысым жасау өз алдына, ұрып-соғып, зәбір көрсететіндердің әрекеті жаға ұстатады. Өгейліктің қорлығын көріп жүрген жас жеткіншектерді қалай  қорғаймыз? Осы  сауалға жауап  іздеп  көрдік.

«ӘЙЕЛ – ЖОЛДА, БАЛА – БЕЛДЕ» ДЕМЕҢІЗ…

Өгейліктің  өзегі  жас  отбасылардың  ажырасуынан  тамыр  алып  жатыр. Көптеген ерлі-зайыпты отбасындағы кикілжіңнің тетігін ажырасу арқылы шешеді. Ортадағы баланың болаша­ғын ойлап жатқан кім бар? Соңғы  10 жылдың статистикалық мәліметтеріне сүйен­сек, ер адамдардың 68%-ы, әйелдер­дің 27%-ы екінші рет отбасын құрған. Көбінің бірінші мен екінші некесінің арасы – 5,5 жыл. Ұлттық экономика министрлігінің статистикасына зер салсақ, соңғы үш жылда екінші рет неке құрғандардың қатары артып, өгей балалардың әлеуметтік мәселелері туындаған. Бұл көрсеткіш Жаңақорған ауданында қалай? Бұл сұраққа аудандық азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Абдул­лаева  жауап  қатты.

– Жыл сайын елімізде мыңдаған отбасы бас қосса, мыңдаған отбасы ажыра­сып жатады. Көп рет некелескен азаматтар саны да артты. Ауданымыз­да өткен жылы 112 отбасы некеге тіркелсе, 98 отбасының некесі бұзылды. Ал, өгей балалар саны 131-ге жетті. Оның көбі қыз бала болғандықтан, ана жүректің  алаңдайтыны  анық, – дейді  ол.

Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға зер салсақ, «11 жасар баланы өгей анасы өлтірді», «Өгей әкесі зорлапты», «Өгей әке әлімжеттік жасапты» деген деректерге көптің еті үйреніп кеткендей. Соңғы аптадағы жаға ұстатарлық жағдай, тоғызыншы сынып оқитын қыз бала­ның жүктілігіне күдікке ілінген алғашқы адам өгей әкесі болып тұр. Осы оқиғадан кейін аудандағы 131 баланың өгей ата-анасымен қарым-қатынасы зерделене бастады. Оның ішінде қыз балалардың  тағдыры  ерекше  алаңдатады.

Екінші рет отбасын құрған отбасыда көптеген қиындықпен бетпе-бет келетін – бейкүнә балалар. Олар отбасының жаңа мүшесін қабылдамай қоюы мүмкін. Бұл туралы психолог Айдана Әбдіхалықова  толығырақ  айтып  берді.

– Ұл баланың өгей әкесіне деген қарым-­қатынасы оның жаңа отбасына деген көзқарасын білдіреді. Балаға ата-анасының барлық қарым-қатынасы әсер етеді. Ата-анасы ажырасқан балалардың өгей анасы мен әкесі, бауырлары болуы мүмкін. Сондай-ақ әйел мен ер адам бұрынғы қосағының туысқандарымен, таныстарымен араласуға мәжбүр. Жас­өспірім туған әке-шешесін бөгде адамнан қызғануы – заңды. Өгей әке мен шешені үйлеріне «шақырылмаған қонақ» ретінде қабылдайды. «Сен менің әкем емессің!», «Сен менің шешем емессің!» сынды ауыр сөздер айтады. Ал ата-анасы ажырасқан баланың жасы кіші болса, ол жаңа отбасы мүшесін «бұрынғысының» алмастырушысы ретінде қабылдайды, – дейді  маман.

Соңғы зерттеулерге сүйенсек, өгей ана немесе әке қыз баланы оңай қабы­лдайды. Қыз бала табиғатынан қамқорлық пен махаббатқа зәру болғандықтан, кез келген адаммен тіл табыса алады. Ал ұлдарда қыз­ғаныш сезімі басым болады. Өгей әке де өзін қабылдамаған ұлмен қарым-қатынасы уақыт өте келе түзелер деп жүре береді.

ӨГЕЙ  ҚЫЗДЫҢ  ХАТЫ

Жуырда редакциямызға хат жолдаған қыздың оқиғасы жүректі тербеді. Хатта ол жан сырын түгел ақтарып салып­ты.

«Өгей әке – бұл сөзді әр адам, әрқалай түсінеді. Қоғамда өгей деген атауға сескене қарайтындар көп. Мен қыз баламын. Өз басымнан өткен жағдай­ларды жазып шыққым келеді. Өмірімнің қараңғы беттерін сіздерге айтқым және сырласқым келеді. Мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, ол адамды анамнан алыстату үшін тырысып бақтым. Оның жаман адам екеніне  анамның көзін жеткізгім келді. Бірақ… менің көзім басқа нәрсеге жетті.

Бәрін басынан бастайын, оқиға 2016 жылы басталды. Мен бала кезім­нен басқа балалардан ерекше болдым. Көз жасымды ешкімге көрсетпедім. 5-6 жасымнан-ақ. Басқа балалар сияқ­ты алаңсыз ойын қумадым. Өмірдің қиындықтары менің әлі бала екеніме қарамады. Ерте есейдім. Үйдегі ұрыс-керіс мені есейтіп қана қоймай, қиындықтарға қарсы тұруды үйретті. Екеуінің ең соңғы қырқысы әлі көз алдымда. Одан бері сегіз жыл өтіпті. Үйде анам екеуміз едік, түн ішінде біреу есікті тепкілей бастады. Мен қорыққан жоқпын. Себебі ол адамның кім екенін нақты білетінмін. Ол менің – әкем. Туған әкем. Бір шөлмек арақты отбасынан жоғары қоятын адам. Ол үнемі анамның тапқан ақшасын араққа жұмсап, күнде ішетін. Ішкенімен қоймай, анамды менің көзімше себепсіз сабап тастайтын. Мен анам­ның жайдары жүзін көре алмайтынмын. Себебі, үнемі денесі көгеріп, қорқыныштан үрейленіп жүретін. Әкем қолындағы шөлмегімен үйге кіре сала, сол баяғы әдетіне басты. Үйдегі заттарды сындырып, анамды тебе бастады. Кенет анам қимылсыз қалды. Қасына бардым, демал­май жатыр. Ал әкем қолындағы шөлмекті алып, түк болмағандай үйден шығып кетті. Шыңғырып жыладым. Не істерімді білмей қалдым. Сол көрініс әлі күнге дейін көз алдымда. Өмірдегі ең жақын жан көз алдымда қимылсыз, арғы дүниеге аттанып кеткен­дей сұлқ жатыр. Орнымнан тұрып, далаға жүгірдім. Көрші апа дереу келіп, жедел жәрдем шақырды. Ауруханада анам­ның жағдайы біраз жақсарды. Арада біраз уақыт өтті. Анам мен әкем ажырасты. Біз осында көшіп келдік. Жаңа өмір бастадық. Мұнда менің нағашыларым тұрады. Анам жұмысқа тұрды. Мен  мектепке  бара  бастадым. Үйде отырып жеңгелерімнің әңгі­месін естіп қалдым. Әкемнің басқа отбасы бар екен. Ол адамнан алыс кеткенімізге не қуанарымды, не өкіне­рімді білмеймін.

Осылайша күндер өтіп жатты. Бір күні анам мені киіндіріп, сыртқа алып шықты. Сол жолы бейтаныс бір ер адаммен бірге ұзақ қыдырдық, ойын-­сауық орталығына бардық. Саябақта отыр едік, әлгі ер адам маған «Мен енді сенің әкеңмің» деп басымнан сипады. Не дерімді білмедім. Үн-түнсіз қалдым. Бәрі тез болды. Бір-бірінің үстіне жамалған қиындықтар. Үйге барған соң анаммен де сөйлес­педім. Олар менің пікірімді сұраған жоқ. Өздері шешім қабылдады. Қатты ренжідім. Бірақ одан не пайда? Уақыт өте келе олар бас қосты. Нағашыларым да  қарсы  бол­мады.

Бірде анамның аяғы ауыр екенін білдім. Бұған іштей қарсылығым үдей түсті. Өгей әкем маған ақылын айтудан жалықпайды. Бірақ мен ол айтқан нәрсенің бәрін керісінше істейтінмін. Ешқашан онымен жылы сөйлеспедім. Анам да, туыстарым да бұны байқады. Мүмкін мен туған әкемде кеткен өшімді еш жазығы жоқ өгей әкеден алып жүрген шығармын. Жеңгелерім де маған «Өгейдің аты – өгей. Ол саған әке болып жарытпайды» дейтін. Анам сәбиін босанса, ол мені жақсы көрмей кетеді деп ойладым. Менен басқа қызының немесе баласының болғанын қаламадым. Тіпті бала туған соң, мен оны өлтіремін деп те ойладым. «Кіп-кішкентай қыздың жүрегінде осыншама кек пен қызғаныш қалай болады?» деп ойлайтын шығарсыздар. Өзім  де  білмеймін.

Анам егіз ұл босанды. Бірақ босана сала анамның жағдайы қиындап кетті. Анамның жанын аман алып қалу үшін қаржысын аямаған өгей әкем қолындағы барын сатты. Анам үшін қайғырып, Жаратқаннан жәрдем тілеген өгей әкемнің жағдайынан анамды шынымен сүйетінін түсіндім. Арада біраз уақыт өтті. Анамның жағдайы жақсарды. Отбасымызға тағы да бір сәби қосылды. Уақыт өткен сайын мен кішкентай сәбилерге қатты бауыр басып келе жатырмын. Анам ауруханада болған кезде мені көлік қағып кете жаздады. Өгей әкем мені құтқарып қалды. Ол маған: «Күнім-ау, абайламайсың ба? Саған бірдене болса, анаң екеуміз қалай өмір сүретін едік?» деп, құшақтап жылап жіберді. Менің де көңілім босап, көзім мөлдіреп, алғаш рет «әке» дедім. Мен сол кезде әке мен бала арасындағы махаббатты бірінші рет сезіндім».

ҚАЗАҚ  ДӘСТҮРІНДЕ  ӨГЕЙЛІК  БОЛМАҒАН  БА?

Бұл жөнінде зерттеуші Х.Арғын­баев «Қазақ халқындағы семья мен неке» тарихи-этнографиялық шолу кітабын­да келтіріпті. «Халық соттарының архи­він ақтарған кезде сирек болса да айрылыс­ушылардың болғандығына көз жетті» деп жазған. Қазақ қауымында ежелден қалыптасқан дәстүр бойынша күйеуі соншалықты ынжық, жаман, кемтар, кәрі болса да, әйелдің айырылысуға хақысы жоқ. Қалыңмалын төлеп алғандықтан, кімге арыз айтса да, қолдау таппаған. Неге? Бұл туралы «Дәстүрге жол» Қазақ аналары қоғамдық бірлестігі Жаңақорған аудандық филиалының төрайымы Раушан На­зарова  пікірін  білдірді.

– Қазақы салт-дәстүрімізде өгейлік деген мүлде болмаған. Саусақпен санарлық жағдайда ғана ажырасқан. Біріншіден, еркектік міндетін атқара алма­са, екіншіден, күйеуі 10-12 жастағы бала болып, әмеңгерлікпен алған әйелі 25-30 жаста болса, немесе бай адам­дар тым жас баласына кедейдің бойжеткен қызын қалыңмалын төлеп алып берсе немесе қолбала етіп кіргізіп алса, үшіншіден, ері әйелін жазықсыз соққыға жыға берсе, келіннің ата-анасы құдалар алдынан өткен. Бұдан нәтиже шықпаса, билер алдына жүгініп, теңдік алу еркіндігі болған. Ажырасқан күннің өзінде бала әкенің қолында қалдырылған. Оның астарында бала жаттың босағасында теперіш көрмей, өз елінде, өз жұртында өніп-өссін деген ниет жатыр, – дейді ол.

«ӨГЕЙІ»  ЖОҚ  ЕЛ

Жер шарында 206 мемлекет болса, оның 204-інде ажырасу мәселесі бар. Тарқатып айтсақ, екі жастың ажырасуына мүлдем жол бермейтін қатаң заңы бар мемлекет Филиппин мен Ватика­ннан  үлгі  алсақ  игі.  Филиппин – ажырасуға тыйым салған Біріккен Ұлттар Ұйымына енетін жалғыз мемле­кет. Бұл елде ажырасу жайлы заң не құқықтық акті жоқ. Ажырасу заңсыз болып саналады. Мұнда тек мұсыл­мандар ғана ажыраса алады. Оның өзінің дәстүрі мен шарты бар. Яғни, шариғат  жолымен  ажырасады.

Шетелде жүрген Филиппин азаматтары да ажыраса алмайды. Егер ажырасқан жағдайда, Филиппин елінде оның заңды күші болмайды. Бірақ ерлі-зайыптының біреуі шетел азаматы болса, онда ажырасуға рұқсат. Филиппин елінде мұсылман еместерге некесін жоққа шығаруға рұқсат берілген. Алайда бұған көп уақыт пен қаржы кетеді. Құжат жинаудың өзі 10 жылға созылуы мүмкін. Психологиялық тестілеуден өтудің  өзі – ұзақ  үрдіс.

Ал, Ватикан – жер шарындағы ең кіші мемлекет, қала-мемлекет. Хрис­тиан дінінің католик бағытын ұстанатын бұл елде де ажырасуға тыйым салынған. Католиктер отбасын үлкен құндылық санайды әрі киелі, қасиетті деп бағалайды. Некеге адалдық танытады.

ТҮЙІН. Осы тақырыпты зерттегенде 52 әйелдің әртүрлі азаматтық некеде болғаны, әр баласы әртүрлі азаматтан туғанына да көзімізді жеткіздік. Өгейлікті ұлттық трагедия ретінде танымай, санамыз жаңғырмайтыны анық. Өгейліктің қамытын киіп, зорлық-зомбылыққа үнсіздік танытып жүрген қаракөздердің көз жасын құрғатып, салиқалы өмір орнатпасақ, бұл мәселенің түйіні тарқамайды. Жалпақ сөзбен айтсақ, «итті Құдай иесімен қинасын».

Мақпал  МАРҚАБАЙ,

журналист.

Жаңақорған  ауданы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: