Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алланың өзі де рас, сөзі де рас…

03.08.2020, 15:30 1128

HALYQLINE.KZ

Ауылда кетпен шауып, мал бағып өскен дала перзенттері мектеп бітіргендеріне жыл толмай жатып өздері түсінде де көрмеген Ауған жерінде автоматтан ажалды оқ боратып, қан төгемін деп қайдан ойласын?! Осы қанды-қасапты тағдырлары маңдайларына жазыпты. Соғыстың аты – соғыс. Не сен өлтіресің, болмаса, ол сені жер жастандырады. Басқа жол жоқ. Талай қарулас достардың денесі елге қалайы табытпен оралғанын бұлардың көзі көрді. Әркімге басының амандығы керек. Дүрбелеңде танкпен көшелерді кесіп өтуге, үйлердің арасында ұрыс салуға талай мәрте тура келді. Оқ кімді таңдасын. Бейбіт тұрғындар зардап шекпеді, қаңғырған оққа ұшпады деп кім сеніммен айта алады? Солдатқа бұйрықты орындау – бұлжымас қағида. Бір анығы, менің әңгімеме арқау болған бұл азаматтар өздеріне жүктелген әскери тапсырманы бұлжытпай орындады. Арына қылау түсірген емес. «Тағдырды дұға қайтарады» дегенді естіген шығарсыз?!. Бүгінгі әңгімеміз барша тіршілік иесін жаратушы Алланың құдірет-күші жайлы өрбитін болады. Мен назарларыңызға ұсынып отырған оқиға шынайы өмірде, Ауған жерінде орын алған жайт болатын. Кейіпкерлері де – өзіммен күнделікті тіршілікте жақын араласып жүрген қазалылықтар жақсы танитын жандар. Аман жүріңіздер, бача (сарбаз) бауырларым!

Барлаушылар взводының командирі Күмісбайдың ойын «Бауырым, ұлтың кім болады?!» деген сауал бөлді. Тура жанында алып денелі, сымбатты қаракөзді жігіт ағасы тұр екен. Мұның «қазақпын» деген сөзінен соң қос қолын ұсынды. Айтуынша, ол да қазақ жігіті, құрамында мыңдаған сарбазы бар «жасылдардың», яғни кеңес әскерлерінің сапында соғысатын ауғандықтардың қолбасшыларының бірі екен. Алайда шүйіркелесіп кете алмады. Іле-шала Күмісбай әскери тапсырманы орындауға аттанды. Десе де, жырақ жерде қандасын кездестіргенін жақсылыққа балаған.

Қыстақты жағалап күзет бекетін тексеріп келе жатқан Күмісбай бастаған топ бір үйдің жанында отырған сақалы кеудесін жапқан, ақ сәлделі қарияны байқады. Кенет… Жүгіре басып бұлардан озып, алға ұмтылған бір солдат әлгі қарияның қолындағы оқып отырған «Құран Кәрімді» теуіп кеп жіберсін… Сұмдық… Мұндай бейбастақтықты күтпегендіктен бәрі состиып тұрып қалды. Ешкім арашаға түсіп те үлгермеді. Қасиетті кітапты жерден көтеріп алған қария налығандай өз тілінде бір-екі ауыз тіл қатты. Осы мезетте бұлар тағы да тосын көрініске куәгер атанды. Аласұрып алға суырылып шыққан әлгі басбұзар солдат топтан ұзай бергенде тура аяғының астынан гүрс етіп танкке қарсы қолданатын мина жарылды. Быт-шыты шыққан денесінен жерлейтін қалдық та табылмады.

Бірде Күмісбай аса маңызды нысанды күзетіп тұрған болатын. Көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы түн. Әдетте аумақ екі қатар болып жарық төгетін ракетамен қоршалады. Ауылда өскен Күмісбай жеті санын киелі санайтын дағдымен нысан маңын зымыранмен жеті қатар қылып қоршаған-ды. Түн ауа қалжырап, кірпігі іліне бастаған. Жарқ-жұрқ етіп, ұшқын шашқан дыбыстан шошып оянды. Бір бейтаныс сүлде бұған қарай жанұшырып жүгіріп келеді. Тарс еткізіп атып түсірді. Серейіп жатқан дұшпанның тұла бойы француз гранатасы, ф-1, Ауған винтовкасы, қанжар өзге де қару-жараққа толы екен. Есін жинаған соң сұраққа алғанда тұтқын үш желідегі ракетаны қиғанда қатер жоқ деп ойлағанын, күзетшіні өлтіріп, нысанды жару тапсырылғанын мойындады. Осылайша тікелей төнген ажалдан қазақы ұғым сақтап қалған еді.

Менің Бағдат есімді інімнің әкесі, марқұм көкеміз шариғаттан хабары мол адам болатын. Ауған жеріндегі уақытта Бағдат та Алаға сыйынып, білген аятын оқып жүруді дағдыға айналдырды. Көзін соғыспен ашқан ауғандықтар әскери тәсілге жетік келеді. Ойын жасындағы баласына дейін көздегені мүлт кетпейтін мерген. Бір жолы Дамань қыстағы маңында бұлардың коллонасына тұтқиылдан шабуыл жасалды. Қыстақ көшелері тар, жолы бұралаң болады. Бұлар мінген БТР іргелес ауладан атылған граната атқыштың оғынан кілт тоқтады. Құрышпен қапталған техниканың іші көк түтін. Міне, қызық! Таяқ тастамнан тиген мина Бағдаттан сәл ілгері отырған майордың денесін қылышпен шапқандай қақ бөліп, құрыш сауытты тесіп өтіп, әудем жерге жарылды. Майор өліп, бірнеше солдат ауыр жараланды. Ал Бағдаттың денесіне сызат түспеген. Егер, сәл қашықтан атылғанда БТР-дың күлі көкке ұшар еді. Екінші танктегілер тосқауылшыны атып тастапты. Бұлар естерін жиғанда қаруын құшақтаған қалпы жап-жас бала өліп жатты.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Көрнекі сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: