Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

90 жыл бұрынғы аштықты көрген 96 жастағы қария

28.05.2023, 10:00 456

HALYQLINE.KZ

31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

Нұрбай Қошанұлы 1928 жылы көктемнің алғашқы айында Қазалы ауданындағы «Қарлаң қайығы» деп аталып кеткен жердегі «Қызыләскер» колхозында дүниеге келді. Бұл қазақ халқын үлкен аштыққа соқтырған Кеңес үкіметінің «Аса ірі байларды тәркілеу» туралы декреті іске асырылып жатқан жыл еді, жас кезімде үлкендерден «кәмпеске жылдары еді» деген сөзді мен де талай естіген едім. Большевиктердің солақай саясатын қолдаған тайыз ойлы шолақ белсенділер ірі байларды ғана емес, азын-аулақ малымен күн көріп отырған шаруалардың да малы мен дүние-мүлкін тәркілеп, елді күйзелтіп жіберді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп өздерінің жіберген қателіктерін жалған ұранмен жапты. Малынан айырылған халықтың арасында аштық басталғаны Нұрбайдың есінде мәңгі сақталып қалды, шамасы комсомол жастарды жұмылдырған болуы керек, жас жігіттер көше мен далада аштықтан көз жұмған адамдарды арбаға тиеп алып кетіп, жалпы қорымға апарып көметін. Аштықтан халықтың жемегені қалмады, 1933 жылғы аштықта 5 жастағы Нұрбай есін біліп қалғандықтан, балықтың сүйегін диірменге тартып, суға қайнатқасын қоймалжың сорпа қылып ішті, қамыс арасында өсетін «доңызелек» деген шөптің дәнін келіге түйіп, күріш кебегімен қосып қайнатып ботқа жасағаны әлі есінде. Осылайша аштықты басынан өткерді, тек есінде қалғаны тамаққа жарымағандықтан үнемі бойын әлсіздік басып жүретін. Бала болып ойнауға да дәрмені болмады. Анасы Төлебике өзі аш болса да, отағасы мен балам аш қалмасын деп барын солардың аузына тосып жүріп, өзі аштықтан ісіп-кеуіп 1930 жылы көз жұмды. Аштық аяқталған соң қазақтың жағдайы жақсара қоймаса да, тірі адам тіршілігін істейді ғой, әкесі Қошан екінші рет әйел алды, алайда Нұрбай он жасқа толғанда әкесі қайтыс болғасын өгей шешесі үйінен қуып жіберді. Өзі танитын ағайындардың үйін паналап қу тамақ үшін сол үйдің отымен кіріп, күлімен шықты. Олар да кез келген уақытта қуып жібергендіктен келесі туысқанына баратын он жасқа енді толған қаршадай бала адамның қас-қабағына қарайтын болды. Кейде түнейтін жері болмағандықтан, солардың қорасындағы қой мен ешкілердің арасына кіріп алып ұйықтап жүрді, адам баласынан көрмеген жылылықты мал ортасына жатып жүріп алды. Жылы жүз танытса, сол үйде жалшылықта болды. Бірақ «артық ауыз» кімге керек? Ағайынның үйіне сыймай далада қаңғырып қалғанын байқаған бір ағайыны: «Айналайын, сені еш үй сыйғызбады ғой, алдында қыс айлары келе жатыр, далада үсіп өлесің. Қазалы қаласында жетімдер үйі бар, соған бар» деп «Ақарық» каналының, қазіргі аудандық газ тарату мекемесінің тұсына дейін апарып салып, «осыдан тура жүре берсең, жетесің» деп шығарып салды.

Күздің қара суығында үстіндегі жалғыз көйлектен басқа киімі жоқ Нұрбай тісі қалшылдап бара жатқанда, артынан есекке мінген бір шал жетіп, есегіне мінгестіріп, жетім балалар үйінің алдына түсіріп кетеді, егер сол шал кездеспегенде, жете алмай үсіп өлетін еді. Осы жерде әкесі қайтыс болғаннан кейін алғаш рет адам сияқты тамақ ішті, сыртқы киім мен ішкиім киді, алайда келесі жылы қаржыландыру тоқтап, жетімдер үйі жабылып, қайтадан далада қалып, кісі есігіндегі жалшылық өмірі қайта басталды. Баланың адам төзбестей жағдайын көрген нағашылары Керейт қожалар өздерімен бірге Қарақалпақстанға алып кетті. Жолдан жаяу арып-ашып әрең жеткенде өсіп тұрған бұхар жидесіне бір тойғаны есінде қалды. Көзін ашқалы жоқшылықтан басқаны көрмеген Нұрбай әр үйдің отын-тезегін теріп, бақшасын егіп, малына қарап, бір үзім нан үшін күндері өтіп жатты. Жасы алғашқы мүшел жасынан екі жыл асқасын туған жері Қазалыны сағына бастады, ақыры елге баратын саудагерлерге жалшы болып, туған жерге табаны тиді.

Жасы 15-тегі бозбала соғыс жылдарында үлкендермен бірге канал қазды, қамыс орды, кесек басып, құрылыста жүмыс істеді. 1945 жылы соғыс аяқталғасын, әулетінен жалғыз қалған Нұрбайды соғыс болған аймақтарды қалпына келтіру үшін «еңбек армиясына» алып кетуі мүмкін деп, жанашыр туыстары туған жылын 1934 жыл деп жаздыртты. Кейін зейнеткерлікке қатарынан 6 жыл кеш шықты. Соғыстан соң Нұрбай ЖДУ аталып кеткен теміржолшылар училищесінде оқып, паровоз (тепловоз) жөндеушісі деген мамандық алып шығып, 1951 жылы паровоз (локомотив) депосының бастығы Е.Ельховников жас маманды жұмысқа алды. Уақыт өте жөндеушіден тепловоз машинисінің көмекшісі, кейіннен машинист болды. Өз жұмысын жетік білгендіктен ұжымның абыройына бөленіп, талай рет марапатталып, суреті Құрмет тақтасында тұрды. 1991 жылы локомотив депосы зейнеткерлікке үлкен құрмет көрсетіп шығарып салды.

Нұрбай ақсақалдың құдай қосқан қосағы Жахима Жолымбетқызы 1937 жылы Орал облысының Жымпиты ауданында дүниеге келген. Жахима да ата-анасынан ерте айырылғандықтан, Жымпитыдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, орта білім алады. Мектеп жанындағы өндірістік комбинатынан сылақшы-әрлеуші мамандығын алып, комсомол жастар бригадасымен Байқоңыр қаласын салуға қатысты. 1954 жылы Қазалы станциясындағы Ы.Алтынсарин атындағы №421 мектептің ғимараты құрылысында жүріп, теміржол училищесіннің жатақханасында тұрып жатқан Нұрбаймен танысады. «Адам сөйлескенше…» дегендей тағдыры ұқсас жастар тез тіл табысып, отау құрды. Екеуі дүниеге 6 бала әкеліп, үлгілі тәрбие беріп, қатарынан кем қылмай өсірді. Үлкен баласы Жүрсін Алматы қаласындағы теміржол институтын бітірген соң, басшылық қызметтерде болып, осы жылдың мамыр айында зейнетке шықты. Одан кейінгі қыздары Гүлзира, Күнзира, Гүлсім, Анар есімді қыздары мен Тұрсын атты ұлы әр салада қызмет істеп жатыр, бәрі де отбасылы. Осындай алтын асықтай ұлдар мен күміс қасықтай қыздардың қызығын енді көре бастағанда Нұрбай қарияның құдай қосқан қосағы Жахима анамыз 53 жасында кенеттен қайтыс болып кетті. Сол кезде үйдің үлкені Жүрсіннің келіншегі Гүлжахан енесінің жоқтығын білдіртпеуге тырысты, төрт қайынсіңлісінің барлығын қолдан ұзатып, құтты орындарына қоңдырды, қазір Алматыда тұратын үйдің кенжесі Тұрсынды үйлендірді. Нұрбай ақсақалдың Жүрсіннен тараған немерелері де өз алдына үй болып кетті. Қазір Жүрсін мен Гүлжаханның кіші ұлы Нұралы мен келіні Эльмира қолдарында, Нұрбай қариямен бірге тұрады. Келіні мен немере келіні «жүз жастың жағасынан алған» абыз ақсақалды бағып-қағып отыр, тағылымы мол бұл өнегелі істі көпке үлгі етуге болады. Қазыналы қариясы бар отбасынан осындай оймен шығып бара жатқанда, Нұрбай әкей өз сөзінде: «Менің атам Жұбатқан 25 жасында, әкем Қошан 38 жасында көз жұмды, бұның бәрі заман ауыртпалығынан ғой, менің өзім осыдан 90 жыл бұрынғы аштықты басымнан өткіздім, сонда адамдардың қынадай қырылғаны соншалық арулап жерлеу қайда, сүйектері көмусіз далада шашылып қалғанын көрдім. Қазір бұрынғы ата-бабаымыз айтқан қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заман орнады, соның қадірін біліңдер, рас, нарық заманы қымбатшылықты қоса ала келді. Бірақ бұл мен көрген аштықтың қасында түк те емес, еңбек бәрін жеңбек, «қолы қимылдағанның ауызы қимылдайды» деп текке айтылмаған, тек мен көрген аштық нәубеті енді халықтың басына түспесін», – деп қалды.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

Қазақстан  Журналистер  одағының мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер:
  • Құрметті Бакытжан аға сизге алғысым шексиз, Әкемниң өмир жолдарынан сыр шертип жарыкка шыгарғаныңыз үшін, Әкем сондай керемет адам өмир жолдары сондай ауыр жылдарда өткен. Алланың калауымен Анамызбен кезігіп керемет татутәті өмир сүрді. Бізге өте жаксы тарбие берді. Мен кіндіктен жалғызбын сендер меним жалғасым деп айтып отыратын. Әкем өте сауатты, жыр дастандарды төгіп айтып отырады. Кітапты көп оқиды үнемі жаксы әңгіме айтады, ешкашан үйде жаман сөз айтып көрмеген адам біздің уйде бирыңгай кыздар өстік бизді Ағамыз бен Жеңгемиз Анам дуниеден озганнан кейін жаксы өнегелі төркін болды бизде оларды ұятқа калдырмадық. Анам туралы айтар болсаң сол заианның нағыз орыс тілді болды катарымыздан кем кылмады өзінің азғантай өмирінде солкеңес өкметінің

  • Құрметті Бакытжан аға сізге алғысым шексіз Алла разы болсын! Акемниң жасын берсин. Әкемниң өмир жолдары содай ауыр болған. Аллатагаллам өмржасын ұзақ қылсын ғасыр адам болсын димин, ол кісінің көкірегі толық, кітапты көп окыған өте сауатты адам мен Әкеммен мақтанамын. Ағам мен Жеңгеме алғысым шексіз. Алла сіздерге Әкемниң жасын берсин бакытты кундерін берсин😘😘😘👍

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: