Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Tomatis» әдісі: ерекше балаларға – ерекше қамқорлық

28.09.2021, 16:15 58 0

HALYQLINE.KZ

Жақында Қызылордадағы танымал пабликтердің бірінде біздің қалаға қоныс аударған әйелдің дамуында ауытқуы бар балаларға арналған түзету орталығы жайлы кеңес сұраған жазбасына көзім түсті. Посттың астындағы пікірлер мені таңғалдырды. Өкінішке қарай, олардың көбі ПСДК мен ПДК, аутизм, Даун синдромы мен психикалық дамуының басқа да тежелуі бар балаларды біздің облыс орталығында еш жақсылық күтпейтіндігін және балаларымен түзету жұмыстарын жүргізу үшін ата-анасына өте көп қаражат керегі жайлы пікірлерді білдірген. Оған балаға көмекті Қызылордаға қарағанда ірі және жақсырақ дамыған қалаларда алуды ұсынған.

Бізде бұл ұстаныммен келіспейтін тұрғындар ғана емес, сонымен қатар осы саладағы жағдайды өзгертуге белсенді атсалысып жүрген адамдар да барын білгендегі қуанышымды елестетіп көрсеңіз. Олардың бірі – әлеуметтік кәсіпкер, «Розалия және Эмир» жеке қорының жетекшісі Розалия Рахимова.

Қор өз жұмысын 2019 жылдың мамырында бастады, ал «Самұрық-Қазына» «Samruk-Kazyna Trust» АҚ компаниялар тобының қайырымдылық қызметінің қаржылық қолдауымен дәл сол жылы қазан айында «аутизм және тіл түзету» орталығы ашылды. Орталықта жоғары білімді, сертификатталған мамандар жұмыс істейді: логопедтер, дефектологтар, психологтер, жаттығулар терапиясының мамандары, ABA терапевтер, орталықта дидактика, педагогика және спорт құрал-жабдықтарының кең арсеналы бар. Ең бастысы, мамандардың барлығы үлкен энтузиастар, олар дамуында белгілі бір қиындықтары бар балалардың қоғам өміріне бейімделуіне көмектесуге дайын.

Орталық қызметкерлерінің ынта-жігерімен және Розалияның жетекшілігімен біздің аймақтағы балаларды түзету мен оңалтудың жаңа әдістері мен технологияларын үздіксіз іздестіру нәтижесінде «Аутизм және тіл түзету» жобасында жаңа француз әдісі «Tomatis» қолданылып отыр. Алайда кез келген жобаны жүзеге асыруға келгенде идеологиялық жетекші мен білікті кадрлардың болуы жеткіліксіз. Әдетте, қаржыландыру мәселесі өте маңызды. «Аутизм және тіл түзету» жобасы да аталған мәселеге тап болды. Бірнеше қорлар мен ұйымдардың орталықты қаржыландырудан бас тартқанына қарамастан, Р.Рахимова үмітін үзбей, Еуразия қоры жүзеге асыратын USAID-тің «Орталық Азиядағы әлеуметтік инновация» бағдарламасына жүгінді. Бағдарлама аясында Tomatis қондырғысын сатып алу мен жеткізу жүзеге асырылды және «Розалия және Эмир» орталығының үш қызметкерін Люксембург мамандарынан үш апталық онлайн білім алуына қолдау көрсетілді. Осының бәріне Еуразия қоры шамамен 3 396 0346,58 теңге бөлді.

Жаңа әдісті сәтті меңгерген соң, Қызылорда қаласында Tomatis әдісін қолдануға құқық беретін ресми сертификаттар алған орталық қызметкерлері осы бағдарлама бойынша балаларды қабылдауға кірісті. Маусым айынан бастап 16 бала орталықта Tomatis әдісімен 14 күндік толық курстан өтті. Айта кету керек, олардың жетеуі курсты толығымен ақысыз алды.

Әлеуметтік кәсіпкерліктің мәні де осы, – дейді Розалия Рахимова, – біз халыққа ақылы қызметтер көрсете отырып өз-өзімізді қаржыландырамыз және өз қызметіміздің шеңберінде әлеуметтік осал топтағы балаларға көмек пен түзету жұмыстарын тегін алуға мүмкіндік береміз (көпбалалы, аз қамтылған және толық емес отбасы балалары). Бүгінде орталық бізге келген әрбір бесінші отбасыға осындай тегін көмек көрсетуге дайын. Сонымен қатар, біздің орталықтағы курстың бағасы «Tomatis» әдісін қолданатын басқа ұйымдардың орташа бағасынан айтарлықтай ерекшеленеді. Әдетте «Tomatis» әдісі бойынша толық курс шамамен 300 000 теңге тұрады. Сіз бұл қызметті бізден 110 000 теңгеге ала аласыз. Оның ішінде 60 000 теңге жабдық ақысына, ал 50 000 теңге маманның жұмысына жұмсалады. Осылайша, әрбір бесінші балаға «Tomatis» әдісімен тегін көмек көрсете отырып, біз жабдықты пайдаланғанымыз үшін қаражат алмаймыз, сонымен қатар біздің мамандар да тегін жұмыс істейді.

«Tomatis» әдісі кімге қажет және ол қалай жұмыс істейді? Бұл құрылғы аутизм, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, ақыл-ой дамуының тежелуі, церебральды сал ауруы, Даун синдромы, зейін тапшылығы салдарынан туындаған шектен тыс белсенділік секілді әртүрлі аурулары мен қиындықтары бар балалар мен ересектерді түзету және оқытуға көмектесуге арналған. «Томатис» әдісінің көп бағытты әсері бар: егер бала пассивті болса және ештеңеге қызықпаса, құрылғы оның белсенділігін арттырады, ал гиперреактивтілік жағдайында тыныштандыратын әсер береді.

Сонымен қатар, бұл құрылғыны әдеттегі балаларға оқу катализаторы ретінде зейін жұмысын жақсарту мен қалпына келтіру үшін қолдануға болады. Бұл ересек науқастарға қобалжуды және шаршауды, бас ауруы мен құлақтың шуылын жоюға, есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар, құрылғы эпилепсия мен онкологиядан зардап шегетін адамдарға қауіпсіз, қолдануға жарамды.

Ал құрылғы классикалық музыка арқылы, ми қыртысын ынталандыратын және психикалық өнімділікті жақсартуға көмектесетін дыбыстарды белгілі бір сүзгілеуден өткізу арқылы жұмыс істейді.

Француздық «Tomatis» әдісі 70 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылып келеді және оны тек қарапайым адамдар ғана емес, көптеген танымал тұлғалар да сынап көрді. «Розалия және Эмир» жеке қорының үкіметтік емес ұйымы «Tomatis» әдісін ақылы түрде және әлеуметтік жағдайы осал топқа кіретін отбасыларға тегін беруге дайын.

Анна  ТИТЕНОК

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: