Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тик-токшылар

25.08.2022, 10:00 325

«Сатира – күштілер қаруы». Қазақ сатирасының өсіп-өркендеп, терең тамыр жаюына зор үлес қосқан ғалым-ұстаз Темірбек Қожекеев осылай деген. Әйтсе де, қазақ әдебиетінде «тілінің тікенегі бар» сатирик-жазушылар көп емес. Сол аз шоғырдың бірі – шымкенттік белгілі қаламгер, сатираға арналған бірнеше жүлденің жеңімпазы Мұхтар Шерім. «Халық» газетінің, оның ішінде «Ойпырмай» әзіл-сықақ бетінің тұрақты авторларының бірі. Қоғамдағы келеңсіз көріністер мен адам бойындағы жағымсыз әдеттерді сынап-мінеп, әжуалай отырып кемшіліктен арылтуды көздейтін сатиралық туындылары арқылы көпке ой салып, күлдіріп те, «бүлдіріп» те жүрген ағамыздың жақында ғана «Біз ұялмаймыз» атты кітабы оқырманның олжасына айналды.

Біз бүгін жұрт айтпақшы, «миының сол жақ бөлігі қатты жұмыс істейтін» Мұхаңның жинағына құтты қадам тілей отырып, сиясы кеппеген сатирасын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Қала әкімінің кабинетінде қымбатшылыққа байланысты жиналыс өтетін болды. Әкімнің өзі ұялы телефонына үңіліп, «тик-ток» тамашалап отыр. Бір кезде, орынбасары есіктен кіре берді. Қолында телефон, соған үңіліп келе жатып, оң жақ қабырғаға соғысып қалды да, шекесін сипалап, орындыққа  отырды.

– Жиналысқа неге кешігіп жатыр? – деп сұрады  әкім  телефоннан  көз  алмастан.

– Интернеттен «тик-ток» көремін деп кешігіп жатқан болар?

– Жиналыста отырып көрсе де болады ғой! Базардағы  бағаны бақылау маңызды мәселе емес пе  еді?

Бір кезде сауда бөлімі бастығы Қарлығаш Қисайғанова кірді. Оның да қолында телефон. Саусағын жыбырлатып, бірдеңе жазып тұрды да, әкімді айнала жүріп алды.

Әкім көзінің қиығымен қарап:

– Сізге не болды? -деп сұрады.

– Кешіріңіз, әкім ағай, «тик-токтағы» мына бір прикол қызыыық екен.

– Әкімшілікте бөлім бастығы екеніңізді ұмытпаңыз! Қымбатшылықты қылғындыру туралы жиналысқа келіп отырсыз!

– Кешіріңіз, олай болса, инста көріп оты­райын, – деген ол телефонды шұқылап отырды.

Бір кезде, үш шенеунік кірді тізіліп. Бәрінің қолында ұялы телефон. Үңіліп алған. «Тик-токтан» әзілге арналған «оооо, хаха!» деген күлкі естілді де, үшеуі де бір мезгілде қарқылдай күлісіп, орындықтарға бір мезетте жайғасты. Әкім орынбасарына телефонын қаратып, әлденені  көрсетіп  жатты.

–  Әдемі  келіншек  екен. Оо,  билегені  қандай! – деді  орынбасар.

– Сен менің орынбасарымсың. Жиналысты бастайық.

– Қазір, басеке. «Тик-токтың» қызық жеріне келдім.

Бір кезде, бөлім бастығы Қарлығаш Қисайғанова сөмкесінен бауырсақ алып, бір тістеді де, қасында отырған орынбасарға телефоннан көз алмаған күйі ұсынды. Ол телефоннан көзін алмастан, бауырсақты алып, бір тістеп, әкімге ұсынды да, тез қолын қайтарып алып, қалғанын шенеуніктердің біріне ұсынды. Ол да, теле­фонын көзіне тақап алып, бір тістеді де, екінші шенеунікке берді. Ол да, «тик-ток» көріп отыр­ған, бауырсақтың қалғанын жеп қойды да, байқамастан, үш саусағын біріктіріп, үшінші шенеу­нікке ұсынды. Ол да, «тик-токтың» қызығына түсіп кетсе керек, анаудың саусағын бір тістеп «жегісі» келді де, «Ойбаай!» деген дауыстан селк ете қалды.  Әкім  орынан  атып тұрды. Бірақ, ұялы  телефонынан  көз  алмаған  күйі:

– Қымбатшылық туралы жиналысты бастаймыз! Кабинетбай Шықпасұлы, базарға рейд жасадыңыз­дар  ма? – деп  сұрады.

Үш  шенеуніктің  бірі  әкімге қарамастан, ұялы  телефонына  үңіліп:

– «Арзан» базарына бардық! – деді.

Екінші шенеунік:

– Аралап  жүріп,  кәуап  жедік,  өте  арзан  екен! – деді.

Үшінші шенеунік  те  телефонынан бас  алмас­тан:

– Ертең «Өләә»  базарына барып, шаурма жейміз. Бағасын  білеміз, – деді.

Әкім орнына отырып, телефонына үңілді. Бір кезде, телефонын сұқ саусағымен жоғары үйкелеп, әлекке түсті. Бәрі телефондарын аударып, төңкеріп  жатты. Сосын  әкім:

– Осымен жиналысымыз аяқталды, өйткені, сеть  ұстамай  қалды! – деді.

Бәрі  орындарынан тұрып, телефондарына үңі­ліп, қаздай  тізіліп,  кабинеттен  шығып  бара  жатты.

Мұхтар  ШЕРІМ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: