Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сандықтағы «сарқыт»

03.08.2023, 10:00 213

– Апа, апо-оу, сенен бір нәрсе сұрайыншы…

– Сұрай ғой, ботам, о не?

– Сен оны білесің. Әлгінде берем деп ең ғой…

– Қап, жетпегір, сені ме! Басымды ауыртпай кет әрі! Жағаласып біттің ғой әбден!

Кемсеңдей бастаған түрін көріп, жаны ашып, елжіреп кеткен шешесі баласын қайта айналып-толғана бастады.

– Айно-олайын, жалғызым сол! Сенің көз жасыңды көргенше, осы отырған жерімде омалған күйі неге өліп-ақ кетпеймін мен!

– С-сен ө-өлмеші, апа, ө-өлмеші деймін!

– Енді, жарығым-ау, сен үшін мен өлмесем, басқа кім өле қояр дейсің?

– Сонда мен үшін өлетін сенен басқа ешкім жоқ па?

– Жоқ қой, балам.

– Күлпаш ше?

– Е-е, өлмей қалсын ол тұқымың өскір!.. Балам, қане, тұр… тұра қойшы алдымнан. Қонақтарға дастарқан жайып, ас түсіретін уақыт болды…

– А-апо-у…

– Әу, жаным?

– М-мен қонақтардың а-арасына барып о-отырайыншы…

– Қой, балам, ұят болады… Онсыз да кешелі  бері  ызыңдап қонақтарды да, бізді де мезі еттің… Одан да аздап тынығып алшы.

– Ме…менің дем…а-алғым келмейді. О-осылай қасыңда жа-ағаласып жүре берем-м…

– Жұртты шаршатқаныңмен қоймай, өзіңнің  де  сілең  қатты ғой, жат деймін барып!

Баласы тағы кемсеңдеп кетті:

– Ме…мені ешкім жанына жатқызбай қойды ғой, қайда жатам?

– Жарайды, қалқам, қой енді. Сенің көз жасыңды көргенше су қараңғы соқыр болайын. Қане, ақылы бар ғой менің баламның.

– Апатай, сізден басқа кімім бар мені-ің…

– Қой деймін енді қайдағыны шығармай.

– Ешкімнің маған жаны ашымайды-ы…ө-өө…

– Әй, өкірме деймін, жағың қарысқыр, жаман ырымды бастамай… Қонақтардан ұят болды ғой, ойбай!.. Неменеге жарғанаттай жабысып қалдың маған?

– Е-егер с-сіз маған с-сұрағанымды берсеңіз, м-мен сізге жабыспас едім.

– Ойбай-ау, не сұрайсың сен менен, айтсаңшы?

– С-сұрағанымды т-табас-сың ғой?

– Табамын, жерден қазсам да табамын!

– А-апатай, ж-жерден қ-қазбай-ақ о-оңай табасың о-оны.

– Өй, ботам-ау, айтсаңшы енді жұмбақтамай.

– Әлгінде ғана сандыққа салғаның ше-е… с-соны…

– Қап, жүгенсіз-ай! Қылқылдап қоймадың-ау! Қонақтың алдына қойылғанның бәрін жағаласып жүріп тауысқаныңмен қоймай, тағы сұрап отырсың ба? Басымды қатырмай жоғал әрі!

– М-мен о-онда кешегідей тағы да т-тен-тек болам. Қонақтарыңның к-кө-өзінше шу шығарып, үйді а-астан-кестен етіп, дастарқанның б-быт-шытын шығарып… қ-қонақтарыңның б-бәрін ш-ш-етінен шшешесінен боқтап…

– Өшір ойбай, үніңді өшір, жүгермек! Кешегі көрсеткенің аз ба, қойсаңшы енді қой дегесін! Әне, бірдеңе десең болды жылап қорқытады өстіп. Не, ал не дейсің тағы?

– Қонақ, қонақ дей бересің, маған қимайсы-ыың…

– Бәрін сенің алдыңа қояйын да, бетіңе қарап отырайын онда!

– С-сөйтші, апатай, сөйтші… маған ана сандықтағыдан бір… жоқ, бір емес, бірнеше…

– Мынау әлі миыңызды ашытып отыр ма?!

Шаңқ еткен дауыстан баласы да, шешесі де селк ете қалды.

– Сен нақұрыс әлі жұртпен жағаласып жүрсің бе, а, оңбаған?!

– Келін, менің көзімше балаға неге жекисің? Жәймен айтып түсіндірсең болмай ма?!

– Жәймен түсіндір дейді?! Қашанғы жәймен айтуға болады бұл жарымеске?! Қонақтардың алдында масқара қылғаны аздай, енді келіп сандықтағыны сұрап отыр!

– Күлпаш-еу, с-сенен ешкім еш-штеңе сұраған жоқ, м-мен апамнан сұрап отырмын!

– Сенен сұрап отырғам жоқ дейді ғой, ұят-сыз-з!!! Қане, үніңді өшір де, жат төсегіңе барып, маскүнем неме!.. Ал сіз, апа, бұдан былай балаңызға жақтасқанды қойыңыз. Өйткені, біріншіден, оның жасы отызға келді. Ал екіншіден, ол – менің күйеуім! Оны енді мына мен тәрбиелеймін. Түсінікті ме сізге?!.

Үміт  ЗҰЛХАРОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: