Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазәжетхана» министрлігі

30.10.2023, 9:25 135

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

(Қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың идеясы бойынша жазылды)

Құдайым-ау, қуығыңыз «құтырып» кетсе, біздің елде үлкен мәселе! Адам болып жаратылған соң, жолаушылап жүрсеңіз, трасса бойынан әжетхана іздейтініңіз рас қой. Ішкен-жегеніңіздің қалдығын төгіп тастау дегеніңіз, табиғи қажеттілік қой. Әжетхана демекші, біреу құдалыққа бармайды ма?

– Өмірсерік шақырып жатыр еді, ол қай жерде тұр? – деп сұрапты құдасынан.

– Ондай көршіміз жоқ еді… – дейді құдасы.

– Әжетханаңыз қай жерде еді? Бұл дегеніңіз адамдардың өмір бойғы серігі емес пе еді?

– Аа, құдеке, қазір мына көшемен оңға бұрыласыз, сосын солға, сосын, тіке жүріп, сайға түсесіз, бір қыр жоғары көтеріліп, тағы төмен түсесіз. Сайда әжетханамыз.

– Ойеббоой, барғанша кіші дәретім кеуіп қалатын шығар?

Құдасы әжетханаға барып келіп, құдасына:

– Құдеке, әжетхананың есігі жоқ екен. Ұялғанымнан теріс қарап отырдым. Бір лыпа жауып қоймайсыз ба? – десе:

– Е, құдеке, әжетханада ұрланатындай, ештеңе жоқ ой? – деген екен.

Бұл – ауылдағы мәселе. Ал қалаларда, трассаларда қиын енді. Қалаларда әжетханалар тек базарлар ішінде, оның үстіне ақылы. Кафелерге кіріп, «Нете салайын?» деп сұрасаңыз, «Тамақ ішіп кетіңіз, әйтпесе, рұқсат жоқ!» дейді. Қайбір жылы бір ауданның әкімі Ташкент трассасы бойына әжетханалар салдырды. Пәленбааай мың қаржыға. Ішінде отырып, кофе ішетіндей… Бірақ, есіктері жабық. Сосын, сыртынан сипалап, «Аттың басы, кері қайт, кері қайт!» деп көңілсіз кетіп қаласың. Шымкенттегі Абай саябағында төрт бес заманауи әжетханалар салынды. Бірақ, құлыптаулы. Қаланың бұрынғы әкімі кілттерін «жоғалтып» алыпты дейді ме? Түлкібас трассасы бойындағы асханалардың бірінде сырттағы әжетханаға кірмек болсаңыз, бес минөтке жүз теңге, он минөтке екі жүз теңге, бір күн отырсаңыз, екі жүз мың! Лып етіп кіріп, лып етіп шығып кетсеңіз, пайдаланбасаңыз тегін. Әжетханаларды ақылы ету деген масқаралық қой! Шетелдерде, мысалы, Германияда әжетханалар тегін! Кірсе, шыққысыз! Жапонияда медициналық пункттердің өзі тегін! Сондықтан, мен ойлаймын, үкіметте қуық мәселесі қаралып, «Қазәжетхана» министрлігін құру керек қой деп ойлаймын! Кеше шымқаладан бір кісіні көрдім, көшеден. Аяқтарын айқастырып алып, ирелеңдеп кетіп бара жатыр. «Сіз осылай жүресіз бе, не?» деп сұрасам: «Әжетхана іздеп жүрмін! Әжетхана! Төтеншеліктерді шақырамын ба, қайтемін? Енді не істеймін?» дейді. «Кофе ішіңіз, сонда басылады..» деп ақыл айтқан болдым. Беу дүние, менің де, көздерім бозарып барады… Кешіріңіздер, қазір…

Мұхтар  ШЕРІМ,

Шымкент  қаласы

Фото: informburo.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: