Қазір Құдайға шүкір қарызсыз адам жоқ. Рас-өтірігін қайдам, жұрттың бәрі банкке бір кісідей бережақ дейді ғой? Ауыл ауданға қарыз. Аудан облысқа, облыс республикаға қарыз. Ал, республика шетелге шаш етектен қарыз екен. Әйтеуір бітпейтін қарыз.
Біздің ауылда Қайрақбай деген кісі бар. Өзгенің затын алса сіңіріп кетеді. Қанына сіңген жаман әдет. Өткен жылы банктен несие алып, енді ауданға төбесін көрсетпей ауылда бой тасалап жүр. Адамнан қашсаң да банктен құтыла алмайсың ғой…
– Қайырлы таң, біз сізді таба алмай жүр едік. Қайрақбай Бермегенов деген сіз бе?
– Иә, мен жайшылық па?
– Мен аудандық банктен келіп тұрмын. Банкіден бес жүз мың теңге несие алып па едіңіз?
Қайрақбай селк кете қалды. Әйелі Оқтаугүлге «үйге жан адам кіргізбе» деп талай рет ескерткен еді. Оқтаугүл болса отын іздеп, тезек теруге қыр асыпты. Есік ашық қалыпты.
– Банк несие берді. Бірақ, ол ақшаға қатын алдым, – деді ол.
– Не алсаң да шаруамыз жоқ, енді сол несиеңізді уақытында график бойынша қайтармайсыз ба? – деп, банктен келген сары қыз шап ете қалды.
– Қайтару керек пе еді? Айттым ғой, қатын алдым, үйлендім. Осылай бойдақ жүре берем бе? Әкемнен қалған қыруар мұра жоқ. Жасым болса қырыққа келді.
– Қызық адам екенсіз. Олай болса, үйіңді кепілдікке аламыз.
– Қарындас, қайдағы үй? Мен үйі бар адамға ұқсаймын ба? – деді Қайрақбай
– Ендеше, жеріңді аламыз, – деп, әлгі қыз қояр емес.
Талайды жер соқтырып жүрген Қайрақбайдың қалың беті бүлк етер емес.
– Менде жер де қайдан болсын? Жерді қолы жеткендер алады, – деп тарқылдап күліп жіберді. Қарай гөр, біреуге қарыз болса да, жердің жақсысын қолы жеткендердің жекешелендіріп алғанын қайдан біледі-ай. Осы Қайрақбайдың білмейтіні жоқ. Кімнің қалай байып, кімнің қызметте қалай өскенін де біледі. Тіпті, қаладағы жемқорлардың да тізімін жатқа айтатын көрінеді. Банктен келген сары қыз қадалған жерінен қан алғысы келіп тұр. Ол да айтқанынан қайтар емес.
– Олай болса, алған әйеліңізді кепілдікке аламыз. Ауданға апарып жабамыз.
– Алыңыз, бірақ, алты ай болды қатын төсек-орынын арқалап төркініне кетіп қалды.
– Ту, сізге дауа жоқ екен. Он күн уақыт береміз, банкіден алған қарызыңызды қайтарасыз. Қайтармайды екенсіз, басқаша сөйлесеміз, – деп, ауданнан келген қыз бақырып кетті.
Айғайды естіп көршісі Өңешбай келді. Оның да Қайрақбайдан алажағы бар.
– Әй, Қайрақбай алған қарызыңды қашан қайтарасың?
– Өй, береміз ғой, енді сен қалып едің?
– Сенің беремін дегеніңе бес жыл болды, енді қашан бересің?
– Өмеке, мен саған бермеймін дедім бе?
– Жоқ, берем дедің…
– Онда неменеге келесің? Қай күні жағдайым түзеледі, сол күні қарызыңды қайтарамын.
– Құдай-ау, сенің жағдайың қашан түзеледі?
– Оны Үкімет біледі. Сен күнде-күнде келіп қарызыңды сұрай берсең, менің жағдайым қалай түзеледі? – деп, қарап тұр. Мұндай адамдар жоғары жаққа да керек көрінеді. Нағыз талант қой. Рас айтамын. Ұзынқұлақтың айтуынша, Қайрақбайды облысқа бір мекемеге жұмысқа шақырған деседі. Ауылдан алты қадам шықпаған Қайрақбай келіспеген көрінеді. Қайрекең ол жаққа неге керек болды екен, а? Ит біліп па?…
– Өңешбай, маған қанша қарыз беріп едің? – деді, түк болмағандай есінеп.
– Қарызыңды ұмыта бастадың ба? Үш жыз мың теңге…
– Айтпақшы, үш жүз мың теңгенің жартысын қарызды қайтарғанда жеңіл болсын деп, құдама бердім, – деп, Қайрақбай қойып қалды. Өңешбай шошып кетті.
– Құдасы несі? Қарызды саған берген жоқпын ба? – деді, Өмекең өкініп.
– Қарызды қайтарғанда жеңіл болсын дедім.
– Мен сенің құдаңды танымаймын ғой, не айтып тұрсың?
– Танымасаң танысасың. Ол өте керемет адам. Күйлі тұрады.
– Қайрақбай, қарызды саған бердім. Алған ақшаңды қайтар.
– Мен саған бермеймін дедім бе?
– Жоқ, берем дедің… Ең болмаса «точно» беретін күніңді айтшы
-А йта алмаймын. Бәлен күні беремін деп, өтірікші болатын жайым жоқ. Менікі бір-ақ сөз, «беремін» десем беремін.
– Қашан? Айтпақшы, сені автокөлік сатып алды деп естідім.
– Автокөлікте мүлдем шаруаң болмасын, оны өз ақшама алдым.
– Қайрақбай, астыңа ұялмай машина мінгенше, менің қарызымды қайырмайсың ба?
– Сенің қарызың бар екен деп, мен сонда қара жаяу жүруім керек пе? Өңешбай, сен тағы менің ашуыма тиіп тұрсың, ендеше қайтармаймын.
– Ойбай, кешір, байқамай қалдым, қайтарам деп айтшы.
– Қайтармаймын.
– Қашан қайтарсаң да өзің біл, тек беремін деп айтшы, берем деші.
Өңешбай шошып кетті. Қайрақбай ең болмаса «берем» десе көңілі орнына түсетін сияқты.
– Жақсы, келістік беремін.
– Тірі тұрғанда құлағыммен естіп кетейін, тек уақытын айтшы?
– Қырық жылдан кейін.
– Ойбай, тым ұзақ қой.
Көзі аларып құлап қала жаздады. Саусақтарын санай бастады. Өйткені, Өңешбай биыл елу жасқа келді. Тоқсанға келгенше қарызы қолына тимейтін болды. Ал, тоқсанға жетпесе ше? Қарызын сотпен өндірейін десе, Қайрақбайдың «қарыз алдым» деген қолхаты жоқ.
– Өмеке, қарызыңды мен қайтара алмасам болашақта қырық жылдан кейін немерелерім, шөберелерім қайтарады, – деп, Қайрақбай шіреніп тұр.
– Ее, сонда бұл ақшаны мен көре алмайды екенмін ғой. Жарайды, ұрпақтарым алатын болды. Оған да шүкір, көндік.
– Айттым ғой, берем десем, беремін, – деді де, Қайрақбай үйіне зып етіп кіріп кетті.
Әттең, кедейшілік…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Ақтөбе қаласы
Фото: fomag.ru
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!