Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Пісте шағасыз ба?

15.04.2024, 22:00 106

HALYQLINE.KZ

Бүгінгі  сатира

Аудан әкімін тірідей ұстап алдым. Блогер едім, бір күні «Сіздің ауданыңыздың халқы да тасқынға тап болды, апат ақымақ, апат мылқау, апат қанша сұрасаң да, айтып, СМС жіберіп, хабарласып келмейді», сізге қояр сұрағым бар еді, жауабыңызды тыңдайтын құлағым бар еді…» деп әрең көндірдім.

– «Қыс қамыңды жаз ойла, тасқын қамыңды тамыздан ойла» деген өзім шығарған мақалымнан бастасам. Тасқынның алдын алуға, ертерек қамдануға болмады ма?

– Сіз негізі, «Жеңгемізбен қалай таныстыңыз?» деп сұрақ қойғалы тұрсыз ғой деймін? Ия, ия, университетті бітірген жылы базарға барсам, бір қыз пісте шағып тұр екен. «Бірге шағайық?» деп сұрадым. Содан, екеуміз әлі пісте шағып келеміз. Әкім екенім есімнен шығып кетіп, кабинетімде де пісте шағып отырамын. Пісте шағу деген…

– Кешіріңіз, халықты апатты аймақтан мектептерге эвакуациялауға тапсырма берген екенсіз. Аудан орталығында бірнеше қонақүйлері бос тұр екен. Сол қонақүйлерге жайғастыру ойыңызға келмеді ме?

– Ия, негізі пісте шағудың адам денсаулығына пайдасы туралы сұрағалы тұрғаныңызды білемін. Пісте шағу өте пайдалы. Ауыз жақтары шынығады. Қабығын түкіруді үйрену арқылы, дұшпаныңның бетіне түкіріп кетуіңізге септігін тигізеді. Мен қарамағымдағы қызметкерлеріме, тек пісте шағып отыруды тапсырдым. Бюджеттен он миллион теңге бөлініп, бір қапшық пісте сатып алынды. Өзімнен бастап, барлығы жұмысты пісте шағып отырып атқарады. «Тик ток» көріп отырып, жұмыс істегеннен әлдеқайда тиімді ғой? Қабылдауыма келген халықтың қалталарына пісте салып беремін. Пісте деген…

– Айтыңызшы, тасқын зардабын шеккен халыққа үкіметтен қаржы бөлініп жатыр. Бұл жерде жемқорлыққа тап болмайсыздар ма?

– Негізі, пістеде қандай дәрумендер бар деп сұрағыңыз келіп тұрғанын білемін. Пісте Қ, Т, М, Н, Р, С, Т, У, Ш, Щ, Я, Ь дәрумендеріне бай. Жиналыста да пісте шағып отырамыз. Пістенің қабықтарын кептіріп, сорып тастаймыз. Дәрумендері бар дедім ғой. Пісте шағасыз ба?

– Рақмет. Айтыңызшы, екі жігіт тасқын кезінде трактор үстінде он сағат бойы көмек күткен. Марқұмдарды құтқаруға болмады ма?

– Негізі, пістеден қандай өнім алынады деп сұрағалы тұрсыз. Пістеден пісте май алынады. Мақта май алынбайды. Пісте шаруашылығын дамытуымыз керек. Нәрестелерге Пістегүл, Пістебай, Пістежапырақ деген есімдерді қою керек. Пістені ел болып шағуымыз керек. Депутаттар да, министрлер де, мәжілісте пісте шағып отырса…

– Кешіріңіз, негізгі мәселеге оралсақ? Анау ағып бара жатқан сиырлар, қойлар өлекселерін өртейтін шығарсыздар?

– Негізі, осымен сұхбатымды аяқтаймын деп айтқалы тұрсыз ғой? Асығыс едім дегелі тұрсыз. Ал, жақсы, мен кеттім, Пістегүлім шай дайындап қойған шығар? Үйге жүріп, пісте шағып кетсеңіз еді?

Әкім пісте шағып, алаңсыз кетіп барады. Менің де, пісте шаққым келіп кеткені…

Мұхтар  ШЕРІМ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: