Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыстан келген хат

29.12.2023, 9:50 137

HALYQLINE.KZ

Аудандық әкімшілікке облыс орталығынан телефакспен шұғыл хат келді. Хатта бадырайтып «өсіреміз» деп жазылған екен. Факстың бояуы бітіп қалса керек, қалған жері көрінбей қалыпты. Облыста отырғандарға «хатты қайта жіберіңдер» деп, айтуға ешкімнің батылы бармады. Батырлар жоқ қой қазір. Тек ылғи өңшең орындаушылар ғана… «Өсіреміз» деген хатты хатшы қыз аудан әкімі Талтаңбайдың алдына лақтырып тастады. Шұғыл хатқа байланысты шұғыл отырыс шақырылды. Жиылғандар «өсіреміз» деген сөзді ар нәрсеге жорыды. Аудан әкімі өзін облысқа өсіретін шығар деп, үлкен терең ойға кетті. Ұялы телефонын алып қатыны Бөксегүлге телефон соқты.

– Әй, Бөксегүл бұл мен ғой, облыстан «өсіреміз» деген хат келіпті.

– Ойбай, кімді, қайда өсіреді екен? – деді әйелі аптығып.

– Жай сөйле, мен жиналыста отырмын. Соны өзімде білмей отырмын, сенің көріпкел подрушкаларың бар еді ғой, солардан сұрашы, бұл хат кімді өсіреді екен?

– Жарайды…

Әкім хатты құшақтап жүрегіне басты. Пұшық мұрнымен қайта-қайта иіскеді. Тіпті шетін тістеп шайнап та көрді. Менен басқа біреу өсіп кете ме деген ой жылтыр шекесін шымырлатты. Ал, әкімнің орынбасары Қоңқыш аудан әкімінің тағына мен өсетін болармын деді ішінен. Өткенде облыстағы көкесіне бұйымтайын айтып, орамалын беріп келген еді. Қоңқыш өзіне сенімді. «Ертең әкім болсам көретінді көресіңдер, табанымның астында құрдай жорғалатамын сендерді» деп, шалбарының қалтасынан қолымен жұдырығын түйіп қояды. «Өсіп кетсем бәріңді өлтіремін» дейді ішінен. Жұмбақ хатты жақсыға жорығандар да болды.

– Мүмкін жолдастар, бұл мал басын, жан басын өсіреміз деген хат шығар, – деді, ауданның шаруашылық бөлімінің бастығы Көсеубай.

Аудан әкімі төбесінен найзағай ұрғандай селк ете қалды. Көсеубайдың көсіліп сөйлегені ұнамады. Ашуланғаннан аузындағы протез тісі тырс етіп жерге түсіп кетті. Әкім туфлиінің ұшымен жердегі жатқан жасанды тістерін білдірмей алғысы келіп еді, аяғы қапталында отырған бас есепші Шапанайдың сирағына тиді. Көптің көзінше бастығының мұндай әрекетін көрмеген Шапанай шошып кетті. Керіліп созып отырған екі аяғын өзіне қарай тартып қалғанда әкімнің протезі зырылдап домалып есіктің аузына барды да, аңқайып арандай ашылып тұрып қалды. Жиналыста отырғандар ауыздарын басты. Кімнің тісі екенін ешкім аңғармады. Әкім байғұс аузын аша алмай сақау болды да қалды. Болмаса, Көсеубайға ескерту жасағысы келіп еді.

– Мәдениет қызметкерлерінің айлығын өсіретін шығар, – деді, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі Қатынбек.

«Ақшада басың қалсын, тілің кесілсін» деп, әкім ішінен міңгірлеп көзімен тіліп өтті.

– Ауданға көкөніс, көшелерге тал өсіреміз деген шығар. Көп жыл болы ауданда ағаш отырғызылған жоқ, – деді бас маман.

Не керек әркім «өсіру» туралы әртүрлі ойлап жатқанда хатшы қыз кірді.

– Облыстан факс қайта келді, «жарық пен жылудың бағасын өсіреміз» деген екен дей беріп еді, әкім орындыққа сылқ ете қалды. Бас есепші ішегін тартты, Әкім орынбасарының беті жыбырлады.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Мәдениет  қайраткері

Фото:  asiaplustj.info

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: