Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көктен  түскен  тосынсый

21.05.2026, 10:20 31

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Көршінің қатыны Безеугүл біздің үйге безілдеп жүгіріп кірді.

— Ойбай, аспаннан жерге бірдеңе құлады, — деді, екі көзі аларып.

Бәріміз аптығып сыртқа шықтық.

— Зымыран ба? — дедім.

— Білмеймін.

— Комета ма?

— Жоқ.

— Мүмкін самолет құлаған шығар.

— Қап-қара зат, — деп, түкірігіне тұтықты.

Әлеуметтік желіден Ақтөбенің Байғанин ауданында ауыл сыртына белгісіз нысан құлады дегенді естіп қорқып едік. Бұдан бұрын Шалқар мен Ырғыздың қақ ортасына бірдеңе жанып түскенін естідік. Былтыр Атырау облысында зымыран құлады деп журналистер шулады.

Безеугүл қолымен шошайтып көрсеткен жерге бардық. Ауласының ішінде қарайып бір нәрсе жатыр. Анықтап қарасақ, кәдімгі әйелдің қонышты қыс етігі екен.

— Мынау ракета емес қой, — дедім.

— Өз көзіммен көрдім аспаннан түсті, — дейді көрші.

— Біреу самолеттен лақтырып жіберген болар, — деді біздің әйел.

Етіктің қапталында «Алла» деген жазу бар.

— Әй, Безеугүл, бұны саған Құдай беріп тұр. Сенің жыртық етікпен қар кешіп жүргеніңді байқаған ғой, — деп әйелім күлді.

Безеугүл екінші сыңарын іздеп таба алмады. Бірақ, әлгі етіктің табанында «Сделанно в Россия» деп жазылып тұр. Сонда бұл қайдан келді? Жұмбақ. Сүйтіп, таңданып тұрғанда бір туфли аспаннан зуылдап ұшып келіп, үйінен енді шығып келе жатқан Безеугүлдің байы Қоғабектің басына дәл тиді. Аман қалды. Есін әрең жиды. Туфли Қытайда жасалған екен. Содан етік пен туфлиді алып «Әкім қайда қарап отыр?» деп ауыл басшысына жетіп бардық. Ол бұл оқиғаға аң-таң болды.

— Тылсым күш, болмаса табиғаттың біз білмейтін ерекше құбылысы болар, — деді әкім.

Аспан денелері туралы ашып ештеңе айтпады. Бірақ, ауыл тұрғындарына бастарына «каска» киіп жүру керек деп, қатаң ескертті. Айтпақшы, кейін әлгі қысқы етік Ресей әншісі Алла Пугачеваның аяқкиімінің бір сыңары болып шықты. Екінші сыңарын қайда лақтырғаны белгісіз. Туфли қытай киноактері Джеки Чандікі екен. Төбемізге көктен қалай құлағанын ешкім анық білмей отыр. Құпия.

Соңғы кездері біздің ауылға белгісіз заттар ұшып түсіп жатыр. Құрдасымның үйінің төбесіне аспаннан бір әйелдің ішкөйлегі түсіп, жалау құсап әлі желбіреп тұр. Мұны ауыл тұрғындары:

— Төбемізге қоқыс тастап жүрген инопланетандар, — десе, енді біреулері:

— Бұл Тәңірдің бізге берген сыйы шығар, — деп, жақсыға жорып жүр.

Құрметті ауыл тұрғындары, абай болыңыздар! Басыңызға бірдеңе түсіп кетпесін…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: