Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кешіріңіз,  байқамай  қалдым

12.08.2026, 6:00 74

HALYQLINE.KZ

САТИРА

Екі МАИ қызметкері көшенің қақ төрінде талтайып тұр. Қолдарында ала таяқтары бар. Үкімет әлі тартып алмаған кез. Қарны шелектей капитан қасындағы серігі сержантты кәнігі кәсібіне үйретіп жатыр.

— Сержант бала, өзің былай жаман емес сияқтысың, мынау біздің нан табатын жеріміз, — деді, капитан қарнын сипалап.

— Нанды біреу көшеге шашып кете ме?

— Сен түсінбей тұрсың, ертеректе біздің бабаларымыз тап осы арада қамшымен басқа елдің саудагерлерін тоқтатып, керуеннен керек-жарағын алып отырған ғой. Кейін қамшы мына қолыңдағы ала таяққа айналды.

— Сонда мен ата-бабаларыма ұқсағанмын ба? — деді сержант бірдеңе ұққандай басын изеп.

Бұл жас жігіт бүгін алғаш рет жұмысқа шығып тұр. Бұзылмаған періште десе де болады. Аузы аңқайып жан-жағына жалақтап қояды.

— Бұйырса ұқсайсың, мына ағаш неге өсіп тұр білесің бе? — деп сұрақ қойды капитан.

— Әрине білемін, жазда көлеңке болады, — деді сержант.

— Атаңның басы көлеңке, ол біз жүргізушілерден жасырынып тұру үшін өсіп тұр. Талдың түбі – ең қолайлы жер, ұқтың ба?

— Ұқтым.

Капитан ізбасарынан тал түсте сынақ ала бастады.

— Айтпақшы, тақпағыңды жаттадың ба?

— Қандай жаттау?

— Ой, шатасып жатырмын, айыппұлдың көлемін жаттадың ба?

— Жатқа білемін. Жүргізуші жылдамдықты асырса, он бес мың теңге, фарды жақпаса, он екі мың тенге, көлікті рұқсатсыз жерге қойса, жиырма бес мың тенге, жүргізуші ішімдік ішіп алса, «джекпот» болады, — деді, сержант мәз болып.

Капитан көзін алартып:

— Қайдағы «джекпот? Не сандалап тұрсың?

— Жолдас капитан, егер арақ ішкен адамды қолға түсірсек, көп ақша болады деген сөз ғой.

Бұл сөз капитанның құлағына жағып кетті. Сержант дұрыс айтып тұр. Енді ол ең маңызды шаруаны тапсырды.

— Енді мұқият тыңда, қолыңдағы ала таяқты кез келген жерге тастауға болмайды. Киесі ұрады. Мұны жоғары көтерер кезде ойланып, толғанып барып жасау керек. Кім көрінгенге шошаңдата берме, ұқтың ба?

— Ұқтым, жолдас капитан, — деді де, сержант ала таяғын аңдамай жоғары көтеріп қалды. Сол-ақ екен бір зуылдап келе жатқан қара машина қақ алдарына тоқтай қалды. Ішінен қара көзілдірік киген бір жігіт түсті. Өзі шалқайып қалыпты. Талтаң-талтаң етіп әрең жүреді. Тегін адам емес екенін әккі капитан бірден білді.

— Ақымақ, таяқты неге көтересің? — деп, сержантты бүйірінен нұқып қалды.

— Кешіріңіз, байқамай көтеріп қалдым.

Қара машинадан түскен жігіт капитанға келіп төнді.

— Мені неге тоқтаттыңдар?

— Ойбай, менің түк қатысым жоқ, — деп, капитан тұра қашты. Алды- артына қарамай талдың арасына кіріп ғайып болды.

— Маған ала таяқ көтерген сен бе? — деді сержантқа қарап.

— Кешіріңіз, ала таяқты байқамай көтеріп қалдым.

— Кімді жолынан қалдырып тұрғаныңды білесің бе? — деді жігіт ақырып.

— Қасымдағы капитанымның қашып кетуіне қарағанда крутой біреу шығарсыз? Депутат немесе Әкім…

— Сен, Министрдің машинасына таяқ көтердің, ал мен оның жүргізушісімін.

— Ааа, кешірерсіз, — деді сержант. Жағдайдың жаман екенін енді ұқты.

— Құжаттарың қайда?

Министрдің жүргізушісі жол полициясын тергеуге алды. Тәжірибесі жоқ сержант сұрағанын көрсетіп жатыр.

— Қазір, мынау Ішкі істер басқармасы берген куәлік. Мынау төлқұжатым. Ал, мынау көшеде тұруға рұқсат етілген іссапар қағазы.

— Ішіп алған емессің бе?

— Жоқ, ішкем жоқ. Үрлейін бе?

— Қазір оны анықтаймыз… Әлеу, жедел жәрдем бе? Мында облыстың бас дәрігерін және психотерапевті жіберіңіз, — деп, телефомен сөйлесті.

— Бақаймай қалдым, енді былай келіссек қалай болады? — деп, сержант Министрдің шоферіне жалынып тұр.

— Бұрын бала күніңде ауырған жоқсың ба?

— Қызылшамен ауырдым…

— Телефон соғатын жерлерің бар ма?

— Бар, бастығыма соғып жіберейін, — деп, телефон шалады. – Әлеу, жолдас генерал майор мырза, сізге сержант Сирақбаев телефон соғып тұр.

— Иә тыңдап тұрмын…

— Мен көшеде байқамай таяғымды көтеріп қалып едім, Министрдің машинасы тоқтай қалды.

— Не дейсің? Оңбаған, менің бала-шағамның обалына қалдың ғой. Мен онда отставкіге кеттім, — деп, телефонды тастай салды.

Сержант қайтадан теріп көріп еді, генерал майордың телефоны сөніп тұр.

— Енді қайда соғасың? — деді әлгі жүргізуші шіреніп.

— Қазір, тоқтай тұрыңыз, жүргізуші мырза! Заңгерге соғамын. Әлеу, заңгер мырза, бұл Ішкі істер басқармасы жол полиция сержанты Сирақбав. Мен көшеде байқамай таяғымды көтеріп қалып едім, министрдің машинасы тоқтай қалды. Енді не істесем екен?

— Жұмыстан кетесің?

— Басқа амалы жоқ па? — деді, сержант басын таяғымен қасып.

— Онда атылып өлесің.

— Неге? — деп, шошып кетті.

— Не болды? Осылай тұра береміз бе? — деп, Министрдің шофері күшке міне бастады.

— Жоқ, отырайық…

— Сен не қисаңдап тұрсың? Ішіп алғансың ғой.

— Кім ішкен? — деп, полиция шошып кетті. Сол-ақ екен, жедел жәрдем де келе қалды.

 -Кімді тексеру керек? — деп, бір жуан білекті дәрігер мұртын сипады.

— Мені емес, мына сержантты қараңыз.

— Қалайша? — деді, дәрігер түкке түсінбей.

— Мына мен, — деп, дөкейдің шофері дәрігердің құлағына сыбырлап еді.

— Ойбай, —  деп, дәрігер ішегін тартты да, сержантқа келіп трубканы үргізді.

— Мен ішімдік ішкем жоқ, денім сау…

— Сонымен не болды? — деп, әлгі министрдің көлік жүргізушісі қояр емес.

— Менің көпжылдық дәрігерлік тәжірибеме қарағанда, бұл сержант ауырады екен?

— Қайдағы ауру? Байқамай таяғымды көтеріп қалдым. Кешіріңіз.

— Немен ауырады? — деді әлгі жігіт.

— Жүйкесі ауырады.

— Қайдағы жүйке, менің денім сау…

МАИ қызметкері өзінің ауру емес екендігін айтып ақталып жатыр. Оны тыңдап жатқан кім бар? Екі ақ халат киген еңгерзедей жігіт сержантты көтеріп алып көлікке салды. Қазір ол облыстық жүйке аурулары емханасында жатыр…

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН,

Ақтөбе  қаласы

Фото: cs9.pikabu.ru

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: