ӘЗІЛ ӘҢГІМЕ
Мектепте жоғарғы класта оқып жүргенде апай төбеден түскендей қылып «Махаббат деген не?» деп, үйге тапсырма берді. Ертеңіне оқушылар дәптеріне ол туралы қатырып жазып келді. Сол күннен бастап мектепте кіммен кім жүретіні әшкере болды. Тек, білім қабырғасы емес, ауылдың бетпердесі ашылып қалды. Сырттай мен көз салып жүрген Манардың қалада жігіті бар болып шықты. Ал, керек болса. Күнде оған алма, конфет таситын едім. Көпшілігі қыз бен жігіт, еркек пен әйел арасындағы достықты тізіп келіпті. Соңғы партада аузы салбырап отыратын Қойлыбай көршісі Жауқаштының ауыл шетінде тұратын жесір келіншекпен көңіл қосып жүргенін көркемдеп жазыпты. Арасында дырдай ауыл азаматтары туралы айтылған шығармалар бар. Серғали мектеп директорының ұрғашы итімен ауыл советінің дәу төбеті арасындағы қатынасты аса шеберлікпен қағаз бетіне шимайлапты. Оқушылардан мұны күтпеген апай бозарып кетті. Шығарма жаздырамын деп, ауылдағы бар шындықты ашып қойды. Ертең бұл жөнінде ел шулайтын болады.
— Оқушылар, махаббат тек қыз бен жігіттің арасында болады деп ойлайсыңдар ма?
— Жоқ, — деді алдыңғы партада отыратын оқу озаты Шапанай.
— Қәне, сен қалай жаздың?
— Мен ана мен бала арасындағы махаббат сезіміне қалам жүгірттім, — деп, оқып берді.
— Өте дұрыс, мінеки, махаббат тақырыбы шексіз, — деді, апай.
Мәз болды. Терезеге ұзақ қарады. Есіне бірдеңе түсті-ау деймін, көзіне жас келді. Бұған дейінгі оқылған шығармалар жыртылып қоқыс жәшігіне тасталды. Сол күннен бастап бозбалалар Шапанайға ғашық болды. Бұрын ешкімнің назары түскен жоқ еді. Бірақ, қанша жігіт артынан жүгірсе де ешкімге көз қырын салмады. Мектепті үздік бітіріп, жоғарғы оқу орнына түсті. Ол бітірмеген курстар қалмады. Ақыры ауылға қайтып оралды. Бұл кезде қатарлары тұрмыс құрып, үйленіп кетті. Тек, мектептегі құрдасы Пернебек бар. Ауыл мен қала арасына жеке көлігімен адам тасиды. Пернебек Шапанайға талай рет сөз салды. Менсінбеді.
Ауылдың қара жігітіне жіп-жіңішке ақ білегін ұстатпады. Сол баяғы мектептегі әдеті қалмапты. Жылдар өтті. Қырық жастың қырына қалай шыққанын білмей қалды. Уақыт өз білгенін жасамай қоймайды. Білектері жуандады. Кейде тұрмыс құра алмай жүргені есіне түссе, оңаша отырып ойға кетеді. «Несі бар, құрдасым Пернебек жаман жигули көлігін салдыратып әлі жүр ғой» деп, өзін-өзі жұбатып қояды.
Содан бір күні жазғы демалыста Шапанай аяқ астынан Антальяға курортқа баратын болды. Шетелге тұңғыш рет аяқ басқалы тұр. Самолетпен бірінші рет көкке көтерілді. Қорыққаннан екі көзін жұмып алды. Салон іші тып-тыныш еді, күбірлеген дыбыстар естіле бастады. Көзінің астымен қараса, қасында отырған жолаушы жалмаңдап тамақ жеп отыр.
— Асыңыз дәмді болсын, қанша тұрады екен?
— Тегін ғой, — деді.
Қуанып кетті. Шапанай түстеніп алды. Күн қызарап бата бастағанда Антальяға жетті. Теңізден соққан қоңыр желге терең тыныстап рақат күйге бөленді. Жұпсыз жүрген ешкім жоқ. Ылғи ғашықтар құшақтасып су жағасында жатыр. Бар қызықты тамашалап Шапанай тұр. Әлсін-әлсін тулап келіп жағалауға соққан толқындар оны теңізге шақырып тұрғандай көрінді. Жүгіріп құшағын ашып суға қойып кетті. Малти білмейтін ауылдың қызы теңіздің түбіне шөкті. Мұны байқап қалған құтқарушы жігіт жылдам жетіп барды. Шапанайды су түбінен алып шықты. Жағаға жатқызып қол-аяғын уқалады. Үстіне атша мініп алып ауызына дем берді. Қайта-қайта ауа үрледі. Желі шығып кеткен доп секілді сұлық түсіп жатқан Шапанай тап осы сәтте есін жиып көзін ашты. Қолқасына жиналып қалған суды сыртқа шығарды. Қырыққа келгенше қасық пен кеседен басқа ештеңеге ерні тимеген ол дір-дір етті. Денесінен ток жүрді. Бірдеңесі оянып кетті. Бірақ, өзі түсінбейді. Екі езуін тілімен жалап қояды. Фигурасы шып-шымыр жас жігіт үстінде отыр. Жуан қолдарымен денесіне массаж жасап жатыр. Есін жимай жата бергісі келді. Бұл бір бұрын-соңды болмаған басқаша сезім болды. Талай рет сөз салған жігіттерге қарамай кеткеніне қатты өкінді. Қысқасы, еркекке деген махаббаты енді оянды.
— Сіз, қауіпсіздік шараларын сақтамадыңыз. Бұл жер терең, түсуге болмайды, — деді құтқарушы жігіт.
Шапанай түсініксіз жағдайға бөленіп ұзақ отырды. Ертеңіне бойынан кешегі алған әсері кетпеді. Жүрегі дүрсілдеп, белгісіз бір сезім терең суға тағы секіртті. Құтқарушы аман алып қалды. Содан не керек, махаббаты оянған Шапанай үйге қайтқанша бес рет суға батты.
Ауылға келгесін құрдасы Пернебекті шайға шақырды. Жақында шақыру қағазы келді. Екі құрдасым отау құратын болыпты. Тойға келіңіздер…
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!