ШЫНАЙЫ ШЫМШЫМА
Үшінші сыныпта ән сабағы жүріп жатыр.
Мұғалім:
— Балалар, Нағима деген әнші апаларыңды танисыңдар ма?
Ешкім қол көтермеді. Тым-тырыс.
— Асылбек, кәне, сен айта қойшы.
— Әнші дейсіз бе? Біздің көршіміздің аты – Нағима. Бірақ, ол – әнші емес, саудагер. Үлкен мейрамханасы мен моншасы бар.
— Жоқ, Алматы қаласында тұратын әнші Нағима Есқалиеваны айтамын, — деді ағайы.
Оқушылар аң-таң. Мұғалім тағы сұрақ қойды:
— Бақтиярды кім таниды?
— Мен танимын, — деді Серік деген оқушы.
— Иә, айта ғой.
— Әкемнің Бақтияр деген досы бар. Екеуі күнде қосылып сыра ішеді.
— Серікжан, сен қате айтып тұрсың, ән сабағы болғаннан кейін мен әншілер туралы сұрап жатырмын. Бақтияр Тайлақбаев – ол әнші, қазір Алматы қаласында тұрады. Сендер немене қазақ әншілерін танымайсыңдар ма?
— Танымаймыз, — деп, бәрі шулап кетті.
— Тыныш, бұларың қалай? — деді мұғалім таңырқап.
— Біздің үйдің адамдары қазақша арна қарамайды, — деп, мұңайды Әсия.
— Ал, Максим Галкинді кім таниды?
— Әрине танимыз, ол – Ресей эстрадасының жұлдызы Алла Пугачеваның жас күйеуі, — деді балалар жарыса сөйледі.
— Балалар, сендер қазақ әншілеріне келгенде бастарың салбырап төмен қарайсыңдар да, шетел әншілерін жақсы танисыңдар. Бұл ұят? — деді мұғалім күрсініп.
— Өйткені, теледидардың ішіне шетелдің әншілері кіріп алып шықпайды. Мысалы, мен қазақша күйлер мен жырлар тыңдағым келеді, — деді Бердібек деген оқушы. Кенеттен:
— Ағай, теледидардан Айқын мен Айгулді неге көрсете береді? — деген сұрақ мұғалімнің жүзіне күлкі ұялатты.
— Олар қазақ эстрадасының керемет әншілері ғой, — деді ол.
— Жергілікті әншілерді республикалық арналар неге көрсетпейді? — деп, Батырхан атты бала сұрақты төтесінен қойып қалды.
— Иә, балалар, жаңа Бердібек айтқандай, қазір ақшасы көп әншілер теледидардан шықпайды. Тегін жарнама жасап жүр. Ал, қаражаты мен танысы жоқ жергілікті таланаттар, нағыз әншілер саймандарын арқалап той жағалап, мейрамханаларда жүр, — деп, мұғалім қолындағы домбырасын шертіп-шертіп жіберді.
Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН,
Мәдениет қайраткері.
Ақтөбе қаласы
Фото: papik.pro
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!