Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арыз жазып жатырмыз

28.03.2024, 10:20 112

Күндердің күнінде

«Быт-шытстрой» келіп,

Трассамыздың быт-шытын шығарып кетті.

Әп-әдемі көмулі жатқан

Тұрбалардың шықшытын шығарып кетті.

Арыз жазып ек,

«Опыр-топырстрой» келіп,

Трассаларды көмуге

Екі бульдозер, бірнеше шопырын шығарды.

Олар түске дейін-ақ

Ауламыздың опыр-топырын шығарды.

Кей жерін биіктетті,

Кей жерін төбе ғып үйіп кетті.

Арыз жазып ек,

Төбені жаю үшін,

«Теп-тегісстройдың» адамдары келіп,

Кешке дейін ақаңды ішіп тойып алды.

Сосын қараңғыда көздері көрмей,

Біраз жерді ойып алды.

Ертесін түңілейік,

Себебі әр жерде бір

Ойықтар қалды үңірейіп.

Кейін ісіміз тіпті ушықты,

Ол ойықтардан су шықты.

Қысқасы, ойықтардан орғып,

Қарықтардан қарғып жүрген

Шынымен біз – батырмыз.

Аяғы не боларын өзі білсін,

Әзірше тағы бір «стройға»

Арыз жазып жатырмыз.

Сорақы

Ұшақ, пойызға мінсең,

Төле дейді жолақы.

Жолақының бағасы –

Сорақы.

Төте   жол

Бара берме көкесі,

Пара бер,

Әңгіменің төтесі.

Бәрін ақша шешеді,

Ел осылай деседі.

Штатты  қысқарту

Директор әккі тісқақты,

Қысқартып отыр штатты.

Бухгалтериядағы Жылтыр,

Оны қысқартпайды,

Себебі, тон сыйлаған былтыр.

Машинистка Мәкен,

Жоқ оған да тиіспейді.

Тиіссе, жоғарыдағы Бәкеңнің

Жұдырығын иіскейді.

Орынбасары болса да өзінің бажасы,

Экономисі –

Бажасының ағасы.

Жоламанға жоламайды,

Себебі, әкесі – ректор,

Бір институтты тіреп тұр.

Қысқартпаса,

«Қысқарт» деп қыстар тағы.

Ау, сонда, енді кімді қысқартады?

Айтпақшы,

Пол жуатын әйел

Так, руы қай ел?

Руы – бөтен,

Бөтендер  бізде  жұмыс  істей  ме  екен?!

Мұның  болмайды,  жолдас,

Осыны  қысқартпасам  болмас.

Деп  директор  тісқақты,

Қысқартып  отыр  штатты.

Орынбасар  ӘЛЖІК

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: