Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алғыс хат

31.03.2022, 10:20 555

Әзіл  әңгіме

Ұзақ жылдар бойы үйін­де жұмыссыз отырған Қарыз­бек қапаланып отыр. Табыс таппайтын еркектен әйелі баласын ертіп безіп кетті. Төрт қа­бырғада телміріп жал­ғыз қалды. Таң атпай есік қағылды. Өтелмеген несиесін сұрап келген банк қызметкерлері болар деген оймен тесіктен сығалады. Қолында бір құшақ гүлі бар еркек келіп тұр. Бұл үйде бойжеткен қыз тұрмайды. Сонда кімге келіп тұр? «Бәлкім, жұртты жиіркендіріп, шулатып жүргендер осылар шығар?» деп, күдіктенді. Есіктің қоңы­рауы үсті-үстіне басылды. Амал жоқ ашуға  тура  келді.

– Бұл кім? – деді.

Әлгі «джентельмен» үндемеді. Үй иесі кілтті іштен ақырындап бұрады.

– Қайырлы күн! Кешіріңіз, мейрамыңыз құтты болсын! – деп, тау халқына ұқсас беті жүн-жүн бір  жігіт  кіріп  келді.

– Қандай мейрам? – деп, Қарыз­бек  түсінбей  қалды.

– Сіз білмейсіз бе?

– Қазақстанда мереке көп қой, есіме  түспей  тұр.

– Бүгін алғыс айту күні, сондықтан сізді мерекеңізбен мара­паттауға рұқсат етіңіз, – деп табақтай құттықтау қағазын көрсетті.

– Әрине, қарсы емеспін.

– Құрметті Қарызбек, сенің ата-бабаң бізді сонау саясаттың салқын жылдары құшақ жая қарсы алды. Кавказдан қоныс аударып келген босқындарды бауырына басты. Асырап алды. Сол үшін шексіз алғысымызды білдіреміз. Ізгі ниетпен Қазақстан халқы ассам­блеясы.

– Үлкен рақмет, жалпы қазақ ақ көңіл, ақ жарқын ұлт қой, – деп Қарызбек марқайды. Шамалы көңілі  көтеріліп  қалды. Есікті тағы біреу  түртті.

– Амансыз  ба,  сізге алғыс  хатымыз  бар  еді.

– Жаңа алдым ғой.

– Ол басқа ұйым.

– Жарайды, – деді Қарызбек.

– Біз қазақ жерінен көп жылдардан бері мұнай-газ сорып келеміз. Сендердің арқаларыңда еліміз өркендеп, экономикамыз алға басты. Қаламыз көркейді. Амандық болса әлі сора береміз деп ойлаймын. Саған мол бақыт, толағай табыстар тілеймін. Тілек білдіруші мұнай-газ компаниясының төрағасы дей бергенде сөзін бөліп жіберді.

– Тоқтай тұршы, қайдағы табыс? Жұртқа қарыз болып көшеге шыға алмай отырмыз. Бет жоқ.

– Болашақта табыс күтіп тұр. Шыдаңыз…

– Қашан? Отыз  жыл  күттік  қой, – деп ақырып  жіберді.

Қарызбек ашуланып есікті тарс еткізді. Мына алғыс айтқан хатқа көңілі толмай қалды. Есік тағы қағылды.

– Сәлеметсіз  бе, алғыс айту күні құтты болсын!

– Айта беріңіз.

– Сіздер, сапасыз аяқкиімдерімізді киіп, жыртылып қалса қайтадан тігіп, саудамызды жүргізіп және тез дайын болатын «бич пакет»  лапшамызды ішіп, мол пайдаға кенелтіп жатқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз. Сәлеммен Қытай базарының бас директоры.

– Енді жоқ болғасын амалсыздан киеміз ғой. Қымбат киім алатын қаражат қайда? Лапша ішпесек аштан өлеміз. Барыңыз, – деп, зілмен  жауап  берді.

Қан қысымы көтеріліп кетті. Сыртта күбірлеген дыбыстар естіледі. Есікті іштен іліп, саңылауынан сығалап қарап еді. Алғыс хат  арқалаған  адамдар  кезек  күтіп  тұр.

– Есігіңізді  ашыңызшы, – деді  біреу  дауыс­тап.

– Ашпаймын.

– Алғыс  хат  бар  еді.

– Керек емес.

– Қазақ  «қарғыс  алма,  алғыс  ал» деген ғой, – деп  айғайлады. Мына сөз сүйегінен өтіп  кетті. Амалсыздан  есікті  ашты.

– Бүгін…

– Иә,  білемін алғыс айту күні, – деп, Қарыз­бек  сөзін  бөлді.

– Сізді  және  үрім-бұтағыңызды  біздің  ұлттық сусынымыз арақ-шарапты ақ дастарқан үстінен аластатпай, сыйлы қонақтарыңыз­ға ұсынып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келе жатқандарыңыз үшін үлкен алғыс айтамыз. Құрметпен Ресей федерациясы, Москва қаласы.

– Болды, жетер, барыңыз…

– Неге айғайлайсыз, біз сізге алғыс айтып жатырмыз?

– Иә, көп-көп рақмет, – деп, Қарызбек есікті іштен жауып алды.

Келушілер легі азаяр емес. Бір кезде терезені қақты. Біреу «форточкадан» басын кірігізіп  алғыс  хатты  көрсетті.

– Сендер, маған неге маза бермейсіңдер? – деді үй иесі қатқыл дауыспен.

– Сіз, мереке күні бұлай ашу шақырмаңыз. Мұндай құрметке қуану керек қой.

– Әрине, көкірегім толы қуаныш. Мендей бақытты адам жоқ. Осы жете ме?

– Олай болса тыңдаңыз.

– Ал, айта бер.

– Сізді жер асты қазба-байлықтарыңды беріп, бізді саны жоқ қаражаттың астында қалдырып, дүниежүзінің ең бай адамы етке­нің  үшін  алғысымды  айтамыз…

Құрметпен… – дей бергенде,

– Рақмет, болды, – деп, Қарызбек терезенің  жапқышын  жапты.

Алғыс емес, қарғыс алып жатқандай қол-аяғы қалшылдады. Телефонына алғыс айтқан хабарламалар үсті-үстіне келіп жатыр.

«Жаңа емес, жүрілген автокөліктерімізді сатып алып, таза ауаларыңды ластап, көліктің салығын бізге аударып, бюджетке кіріс түсіргендеріңіз үшін  алғыс айтамыз, Армения  Респуб­ликасы,  Ереван  қаласы».

«Сіздерге ана тіліңіз мен салт-дәстүрлеріңізді ұмытып, өзге ағымға кеңінен жол ашып, жастарды білім алудан адастырып жатқандарыңыз үшін үлкен рақмет айтамыз».

«Мыңдаған содырларды Қазақстанға кіргізіп жіберген шекарашыларға мың рет басы­мызды иеміз. Дүниежүзілік террористер одағының  төрағасы»…

Қарызбек бұдан әрі шыдамады. Алғыс айту­шылар тоқтар емес. Телефонын сөндіріп тастады. Шетелден келіп жатқан алғыс хаттардан басы айналып жерге құлады. Есінен танып қалды. Қанша уақыт өткені белгісіз көзін ашса, аурухана төсегінде жатыр. Дәрігерлер  «коронавирус»  деп  диагноз  қойыпты.

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН.

Ақтөбе  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: