Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкімнің суреті

03.08.2023, 10:20 295

Идеолог орынбасар суреттің үстінен төніп, ұзақ шұқшиды. Әкімнің образынан әлдебір сыр іздейтіндей  ерекше зер сала телміреді.

– Басқа суреті жоқ па?

Үйреншікті сауал. Шамасы өзі де аңғармайтын болуы керек.

– Оңды суреті осы болып тұр, – деп Далабай кібіжіктей жауап қатты.

Идеолог  орынбасар  суретке тағы да қадала қара­ды.

Меморандумға қол қойып жатқан әкімнің төбесі жылтырап, шашы селдірей бастағаны байқалады. Идеолог орынбасар сол алақандай болып көрініп қалған ақ құйқаны «жасанды шашпен» бүркеп, «қоюлату» керек деп тапсырды. Әкімнің таз бола бастағаны имиджіне нұқсан келтіреді-міс.

– Бәсе, – деді  Далабай  іштей.  – Әр  суреттен  әйтеуір  бір  кілтипан  табатын  әдеті.

Расында идеолог орынбасардың әп дегеннен мақұлдай  кеткен  кезі жоқ. Редакциядағылар сырты­нан  «әкім суреті жөніндегі редактор» деп атап  жүргені  бекер  емес.

Газет болған соң ұсақ-түйек қате кетпей тұрмайды. Бірақ жаңа әкім таққа мінген күннің ерте­сіне аяқ астынан дауыл тұрғызған сол бір өрескел қателік редакцияның мамыражай тірлігін біржола басқа  арнаға  бұрып  жіберді.

Аудан әкімі тағайындалған күні газет беттеліп, баспаға әзірленіп жатқан. Әдеттегі жанталаспен жүріп, су жаңа әкімнің тәуір деген суретін интернеттен суырып алып, бірінші бетке «қонжита» қойды. Бұған дейін де талай әкімді «құтты орнына» қондырып  жүрген  үйреншікті  іс.

Ертеңіне түс қайта телефоны безілдей жөнелсін.

– Далабай Қанатович, шұғыл әкімдікке жетіңіз!

«Пәмөшніктің» дауысы пәрменді естілді. Екі өкпесін қолына ұстап әкімдікке жетсе, идеолог орынбасардың кабинетінде рукап пен ішкі саясаттың басшысы отыр екен. Жүздері сұрғылттанып, түнеріп  алған.

– Газетте өте сорақы саяси қате кетіпті, – деп бастады  идеолог орынбасар  сызданып.

Далабайдың  маңдай  тері  бұрқ  етті.

-Тыныштық па? – деді  ештеңенің  байыбына  барып  үлгермей.

– Әкімнің  суретін  оңдырмапсыз…

– Солай ма? Дұрыс болмап па? – деді Далабай кібіртіктеп.

– Өзіңіз қалай ойлайсыз? Әкімнің омырауындағы  «значок»  «Нұр  Отандыкі» екенін расымен аңғармадыңыз  ба?

– Ойбу,  солай  екен-ау. Қазір,  айтқандай,  «Аманат»  екен  ғой…

– Мына  суретке  қарап  жаңа әкім әлі «Нұр Отанды» қимай жүр екен деген ой түймей ме оқыр­маныңыз?

– Жігіттер,  бұл  енді  сондайлық  мән  беретін  дүние  емес қой. Соны тіпті  біздің  оқырмандар  дүрбі  салып  қараса да аңғармайды, – деп күйіп-пісті Далабай.

– Қателесесіз! Идеология ісінде ұсақ-түйек деген болмайды!

Идеолог орынбасар көзінің ағын молайтып, едірейе  қарады.

– Бас редактор ретінде сіз суреттегі әр детальға жіті мән беруіңіз керек. «Значокті» байқамапсыз, ал  артындағы  суретті  байқамай қалуыңыз мүмкін емес  қой?!

Далабай енді аңғарды, әкімнің желкесіндегі шкаф сөресіндегі табақтай кітаптың бетінде өзіне тән  жайдары  күлкісімен Тұңғыштың тұрпатына ұқсас  адамның  суреті  көлбеңдейді.

– Сонда сіз жаңа әкім «бұрынғының» адамы деген­ді меңзегіңіз келді ме? – деп әңгімеге аппарат басшысы  араласты.

– Жоға, о не дегеніңіз? Ондай ой атымен болған  емес.

– Ендеше интернетте иін тірескен көп суреттің ішінен дәл осыны таңдап алғаныңыз қалай? – деді ішкі  саясат  басшысы  да  қарап  тұрмай.

– Осы суреті әдемі көрінді…

– Суреті әдемі екен ғой? Ендеше пионердің галсту­гын тағып тұрса да шығара беретін сыңайы­ңыз  бар-ау? – деп аппарат басшысы кекете сөйледі.

– Жә, суреті әдемі-ақ болсын. Ал әкімнің суре­тінің қасында тұрған мына материалға не деп ақталар екенсіз? – деді идеолог орынбасар сынай қарап.

Далабай газетті бажайлап қараса, «Жемқорлықпен күрес бүгіннен басталуы керек!» деген Антикор­дың мақаласы қарынға жабысқан талақтай әкім суретінің қасына ұзынынан жайғаса қалыпты. Ал саған керек болса! Расымен бір қарағанда мынау сурет осы мақалаға орай салынғандай. Оны қалай аңғармады? Адам сүрінейін десе, тегіс жерден де сүрінеді  екен-ау…

– Дәке, бұл жерде бәрі өзіміз ғой. Шыныңызды айтыңызшы, бұл «бұрынғының» заказы ма? – деді идеолог  орынбасар  қамқорсып.

– Стопроцентная  заказуха! – деді аппарат басшысы бәрі түсінікті ғой дегендей әріптестеріне кезек-­кезек  қарап.

– Бұрынғы әкіммен жақсы болғаным рас, бірақ мына істің оған еш қатысы жоқ. Мұның бәрі жай ғана сәйкестік, – деді Далабай күні кешеге дейін айны­мас  серігіндей серттесіп келген жігіттердің бір-ақ күнде «бұрынғы» деп бұлтың ете қалғанын іштей  жаратпай.

– Странно, как может человек с большим опытом допускать такие грубые политические ошибки?

Аппарат басшысы теріс бұрылып, терезеге телмірді.

– Далабай Қанатович, барлық мән-жайды егжей-­тегжейлі баяндап, түсініктеме жазыңыз. Бұл мәселені  әлі жоғары деңгейде талқылайтын боламыз!

Идеолог орынбасардың үкім сөзі осы болды.

Содан бері Далабайда дамыл жоқ. Қоңыр папкасын қолтықтап әкімдікке қарай далақтап шауып бара жатады. Дүркін-дүркін жиналысқа түсіп, ақыры сөгіс алып тынды. Сол соңғы «сөгісті» жиында бұдан былай әкімнің әр суреті идеолог орынбасардың «батасымен» ғана баспаға жіберілетін болып ұйғарылды.

Далабай бүгін де әкімдікке екі-үш рет барып   келді.  Әкімнің  таз  басына қондырған «қою шашы» оңайлықпен икемге келетін түрі жоқ.

Дизайнер жігіт әкімнің «айыпты тұсын» жасыру үшін бар шеберлігін салып баққан. Онымен әкімнің жаңа шаш үлгісі идеолог орынбасардың көңілін көншітпеді. Шынайылықтан алыстап кетіпті-міс.

«Қою шашты» сұйылту керек деген жаңа нұсқау алып, Далабай редакцияға қарай ентелей басып бара жатты.

Рауан  СӘБИТҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: