Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Найзағай

17.01.2021, 10:00 958

HALYQLINE.KZ

Оқырман  шығармашылығы

(Әңгіме)

Абыр-сабыр басылды. Байбалам салған әйел де, өзіне кіжінген екі сержант та кезекші майор дауыс көтергесін сабасына түсті. Екі сержант бұдан бұрын осында отырған екі адамды, әлгі әйелді екінші қабатқа алып кетті. Аудандық ішкі істер бөлімінің «маймыл қамағында» отырған Батыржан басын тас қабырғаға сүйеп, көзін жұмып дамылдады…

***

Батыржан әкесінің кім екенін білмей өсті. Анасы бұны ренжіткен емес. Қолына түскенін бұдан аяған жоқ. Онысы көрші балалар кигендей киімі, тойып жейтін тамағы мен тәттілер еді. Үшінші класта болу керек, анасы туған күнін жасады. Жасайын деп жасаған жоқ-ау. Дастарқан басында бұрынғыдай екеуі ғана отырып, анасы сыйлаған футболканы киіп, өзі ұнататын балмұздақтан ауыз тие бастаған.

Есік қағылды. Есікті ашуға кеткен анасымен бірге біраз тәттілер, торт, бір пакет тағам мен қолында бір шоқ гүлі бар бір аға ере келді. Әрине, гүлді анасына берді. Анасының шақыруын күтпестен дастарқанға жайғаса беріп, анасымен таныстығы барын білдіргені шығар:

– Аружан, ана заттарды дастарқанға жайғастырсайшы. Мына батырдың туған күнін дұрыстап атап өтейік, – деді де, дастарқанға отырар-отырмастан пакеттен алған әдемі шөлмектегі ішімдікті столға қойып. – Аружан, мына батырдың туған күніне тілек айтылу керек қой.

Анасы бұған бір, шөлмекке бір қарады. Бұрын анасының шөлмек ұстағанын көрген емес. Мына бейтаныс аға да бұған жат. Оны елеп жатырған ол жоқ. Шөлмекті ашып, екі стаканға шарап,, бір стаканға лимонад құйды.

– Аружан, өзіңмен танысқаныма қуаныштымын. Арада көп уақыт өтпесе де өзіңдей нәзік жанды жанмен жолыққаныма ризамын. Оның үстіне мынадай батырды тәрбиелеп, қатардан қалмай, ауыр жұмысқа төзіп жүрген өзіңе бас иемін. Батыр, танысып қояйық, менің есімім Қайрат, – деп күректей қолын бұған ұсынды.

Бұл ұсынылған қолға бір, анасына бір қарады. Мына жағдайға анасы да аң-таң сияқты. Көп сөйлемейді. Қайратқа аңырып қарай береді. Үндемей жүріп дастарқан жасады. Шай әкелді. Әңгімені тағы да Қайрат бастады.

– Аружан, өзімсініп тосынсый жасағаныма ренжіме. Сен жұмыста көбінесе ойға шомып жүресің. Бағана құрбыларыңа Батыржанның бүгін туған күні екенін, ақша туралы айтып тұрғаныңды құлағым шалған. Сосын мына батырды құттықтайын, өздеріңмен жақын танысайын деп ойладым.

Қайратпен осылай танысқан. Ол анасымен құрылыста бірге жұмыс істейді екен. Анасы биік кран жүргізушісі, ол – жай жұмысшы. Ол үйге жиі келетін болды. Тіпті қонып қалатынды шығарды. Оның қонатын ыңғайын сезсе, үйден кетіп қалып, теміржол вокзалындағы видеозалға барып, зал жабылғанша кино көретін. Кейде ақшасы болады, ақшасы болмағанда билет тексеруші апаға көмектессе, ақша сұрамайды. Билет тексеруші апа кино көретін бөлмені жуатын. Соған көмектесетін. Орындықтарды ысырып, жұмсаған жеріне жүгіріп бара қоятын. Анасы жұмыста болған күні үйді жинастыра сала, осында келетін. Қанша көрсе де жалықпай көретіні – Брюс Ли ойнайтын кинолар. Көтеруге келетін темір-терсекке үйір болды. Үйге темір-терсек жинап, мықшыңдап көтеріп, аяқ-қолын сермеп, кинодан көргендерін жасауға талпынатын.

Қысқа қарай Қайрат бұлардың үйіне біражолата көшіп алды. Бұрын бұның үйде болмағанын мақұл көретін ол енді бұның үйден ұзамауын, айтқанын қалт етпей орындауын талап ететінді шығарды. Жұмсайтын жері – дүкен. Алдыратыны – арақ. Сол көшеде тұратын шөлмектес достарын шақырып келу. Қайраттың бұндай әрекетін анасы мақұлдай қоймайды. Кейде қабағын шытып, дауысын көтерген болады. Оны ол елей қоймайды. Ішпесе қораны жөндеп, ауланы тазалап, үйдің де оны-мұнысын реттеп жүреді. Соңғы кезде ішіп алса, бұған себепсізден-себепсіз тиісетінді шығарды. Анасы барда көп тиісе бермейді. Анасы жоқта тізесін батырып, тілін тигізеді.

Қыстың күні болатын. Қайрат жұмыстан өзі келді. Анасы ауыстыратын адамы келмей түнгі ауысымға жұмысқа қалыпты. Қанат ішіңкіреген екен.

– Батыр, бүгін күн суық болды. Шамалап бой жылытып едік… Шай қойшы, – деп жайбарақат келген. Сәлден кейін ас бөлмені айналып қарай бастады да:

– Мына жерде аузы ашылған шөлмек болатын, қайда кеткен? – деді.

– Білмеймін, – деді бұл.

– Онда, ана көрші Сақыптан тамақ жібітетін бірдеңе сұрап кел, – деді.

«Тамақ жібітетіннің» арақ екенін біліп алған бұл үстіндегі жеңіл киіммен далаға жүгірді. Дала қараңғы, өкпек жел қойны-қоншыңнан өтіп дірдектетіп жібереді. Екі-үш үйден кейінгі Сақып ағаның есігі бұл барғанда жабық екен. Терезесін қаққанымен есітпеді. Байлаулы иті қайта-қайта үре бергесін шыққан Сақып ағаға тоңып тұрғандықтан аузы жуыспай әрең дегенде Қайраттың арақ сұрағанын айтты. Сақып үйге кірді де бір шөлмек арақ алып шығып, бұлардың үйіне қарай емпеңдей жөнелді. Ізінен ере шыққан әйелі:

– Әй, жын ұрғандай қайда кеттің, қолыңдағы арақ па? – деді де тісі-тісіне тимей тұрған бұны көріп, – Алда, айналайынан- ай, тоңып қалдың ғой, – деп үйге кіргізіп, тоңған қолын уқалап, ішіп отырған ыстық шайдан ұрттатып, май салған ыстық нанды алдына тосты. Сәлден кейін:

– Мамаң үйде жоқ па еді. Жаңағылар бірдеңені бүлдірер, – деп сыртқа беттеген әйелдің ізінен бұл да ере шықты.

Бұлар келгенде екеуі біраз жерге барып қалған екен. Қайрат:

– Әй,бері кел, сен не Сақыпқа мені арақ таппай отыр дедің бе… Мә, ақша… мен мұның міндет қылған бір бөтелкесіне қарап отыр дейсің бе?… Жүгір, арақ алып кел… Ерегіскенде екеу әкел. Ал, сен Сақып, көрші отырып, күнде бөліп ішіп жүрген бір жартыны міндет қылма… Қазір арақты көзіңнен келтіремін… Қазір… қазір, – деп орнынан тұра беріп Сақыптың әйелін көріп:

– Әй, жетімек, сен не мені арақ сұрап ішіп жүр деп бүкіл көшеге позор қылайын дедің бе, мына қатын неғып жүр? – деп жақындай берген бұны жақтан тартып жіберді. Тәлтіректеп кеткен мұны жағасынан ұстап, көтеріп алып есікке қарай лақтырды.

Есіктің алдында тұрған әйелге соға жығылған бала аяғына әрең тұрып жартылай жабылып жатқан есіктен шыға жөнелді.

Сол түн. Қыстың өкпек желінің ызғарлы ызыңымен «жетімек» деген ызғарлы дауыс есінде мәңгі қалған. Сол түні видеозалдағы кантрамарка пештің қуысында кино көріп, бұйығып отырып ұйықтап қалыпты.

Ертеңгісін билет тексеретін апасы оятып алды. Бұны көріп шошып кеткен әйел:

– Батыр-ау сенсің ба? Осында түнеп шыққансың ба? Түнде мен неғып байқамағанмын… Байғұс бала… Анаң түнімен ұйықтамай шыққан шығар… Тұр… Бар… Анаң шарқ ұрып іздеп жатқан шығар, – деп бөлменің есігінен шығарып жіберген.

Апаның кейімегеніне қуанып, сыртқа жылы жерден шыққаннан ба, жоқ желең киіммен жүргендіктен бе, денесі қалтырап кетті. Қалтасына қолын салғанда саусақтарына тиген үйге нан алғанда қайтқан майда тиындарды сезгенде қарыны шұрылдап қоя берді.

Вокзалға қайта кіріп, сол қапталдағы асханаға бас сұқты. Буфетші келіншек қолындағы ұсақ ақшаларды алды да бір қатқан бөлки нан мен жылы шайды бере салды. Жақын орындыққа жайғаса бере алғандарын аузына салып отырған балаға көзі түскен, өзін жаңа бөлмеден шығарып жіберген апасы қасына жақындап:

– Батыр, ішке барып орындықтарды жылжыта берші, – деді де асхананың ас дайындау бөлмесіне еніп кетті.

Үйге баруға зауқы соқпай тұрған бала қуанғаннан алдындағы асын апыл-ғұпыл ішіп, үйреншікті жұмысын атқаруға асықты. Сәлден кейін еден жуу үшін су алуға барып баланың жағдайын байқаған апасы су алып келген шелегін қоя сала тоқ шәйнекті тоққа қосты. Шағын үстелдің үстіне нан, туралған колбаса, бір-екі шокалад конфет те қойды. Бөлмені ретке келтіргеннен кейін апасы мен екеуі шағын столға жақындап, шай ішуге кірісті. Апасының «Мамаң іздеп қалмай ма?» – деген сұрағына:

– Анам кешеден бері жұмыста. Ауысымға келмей қалған апаның орнында жұмыс істеуде. Бүгін кештеу келеді. Сізге көмектесіп, кино көріп қала берейін, – деді.

Апасына көмектесіп жүріп өзіндей үш баланың ақша төлемей отырғанын байқап апасына айтып еді, оларды кинозалдан шығарып жіберді. Бүгінгі көмегіне риза болған апасы түсте бірге тамақтанып, ертерек үйіне қайтарды. Вокзалдың «Дөңгелек бақ» аталатын жағындағы есігінен шыға бергенде бұны манағы үш бала есіктің алдынан күтіп алды. Ішіндегі бойы мұнымен шамалас болса да жасы үлкендеуі:

– Әй, «жарамсақ», бері жүр, – деп баққа қарай бастады.

Үшеуі жабылып ұратынын сезді. Қашса да жетіп алып ұратыны белгілі. Олардың ізінен амалсыз ілбіп басып еріп келе жатып ойына кинодағы көріп жүрген әдістер мен өзінің аяқ-қолын созғыштап жасап жүргендерін есіне түсіріп, «неде болса олардан бұрын мен ұруым керек» деп ойлап қойды.

Бақтың кіреберісіне жақындай бергенде, доқ көрсетіп келе жатқан үлкендеуі «Сен «жарамсақ»бері қара»,- деп бұрыла бергенде оң қолының қырымен бар күшін салып мойнынан періп қалды. Мұндайды күтпеген ол мойнын басып отыра қалды. Оң жағындағы өзінен жасы да, бойы да кішілеу қағылез бала ұмтыла беріп еді, айнала беріп, оң аяғын көтеріп сілтегенде аяғы баланың мойнына тиіп жалп ете қалды. Тепе-теңдікті сақтай алмаған өзі де құлап түсті. Бұларды байқап қалған үлкендердің біреуі «Әй, қойыңдар» деп жатса, біреулері «мына кішкентайдың бәлесін қара» деп жатыр. Үлкендердің дауысынан сескенді ме, үшінші бала қаша жөнелді. Бұларға жақындаған үлкен аға мойнын басып тұрып жатқан балаға «үшеуің бір адамға жабылғандарың ұят екен» деді де бұны қолынан ұстап тұрғызып алды. Бұл уақытта әлгі балалар ұзап кеткен еді.

Үйге келгенде аулада жүрген Қайратты көрді. Неге ерте келгенін түсінбеді. Ізінен бөлмеге кірген Қайратпен бірге келген арақтың күлімсі иісі қолқасын атты. Бұның өзін жақтырмай ала көзбен ата қарағанын байқап мысқылдай күліп:

– Әй, жетімек, не маған жаралы бөлтіріктей бажыраясың. Ана шешеңе түндегі үйде болған жайды, далаға түнегеніңді, менің ұрғанымды айтпайсың, айтсаң сазайыңды мықтап тартасың. Ана Сақыптың әйелі бірдеңе деп көңірсітсе айтып тұрғанының бәрі өтірік дейсің, түсіндің бе?!

– Айтамын, неге айтпаймын. Бұған дейін де ұрғандарыңды айтамын. Сені жек көретінімді, «жетімек»дейтініңді, бәрін-бәрін айтамын, енді үйге келтірме деймін.

Бұл орнынан ұшып тұрды. Кішкентай жұдырығының түйіліп тұрғанын байқаған Қайрат:

– Әй,жетімек бөлтірік, осы бастан сенің тісіңді қағып, жалыңды жапырып алмаса болмайды екен. Бедіреюін қарашы айуанның баласының. Сен жаратпады екен деп  салулы төсек, салқын үй, жылы төсектен мені безе қояды дейсің бе? Өй, тастанды жетімек, – деп күректей алақанымен жағынан тартып жібергенде басы жарға соқты, тоқпақтай жұдырығы жанарын жарқ еткізгенін біледі.

Есін жиғанда төсегінде жатыр екен. Басын, көзін дәкемен орап тастапты. Ас үйдегі анасы мен Қайраттың сөздері анық есітіледі.

– Уайымдама. Кімде болса тауып алсам аямаймын. Басының кішкентай ісігі болмаса, басқа жері аман. Көзін көрсетіп алатын шығармыз. Қатты тиген-ау деймін. Ол оңбағандар менің алдымда жауап береді, әлі…

Анасын жұбатып жатқан Қайраттың дауысы. Шамасы бұны біреулер ұрып кеткен деп жатыр-ау анасына. Ашылған есіктің дыбысы есітілді де, біреуі сыртқа шығып кетті. Бөлменің есігі ашылып, ішке Қайрат кірді.

– Есіңді жидың ба, бөлтірік. Тісіңді ақсита берсең, бұдан да зорын көресің. Шешеңе бірдеңе деп мен жайлы жағымсыз сөз айтатын болсаң, таяқ жегенің ештеңе емес, жұмыста жүргенде абайсызда шешеңнің басына кірпіш немесе темір түсіп кетуі мүмкін. Түсіндің бе? Шешеңнің көзінше бірдеңе деуші болма?

Бір сөзін түсінсе, бір сөзін түсінбеді…

Жүзі қорқынышты, дауысы ызғарлы, тістеніп сөйлеп отырған Қайрат бұрынғы жайдары, жылмаңдаған жағымды мінезді, жылы сөзді Қайрат емес, басқа адамға айналып кеткендей. Әлде ол өтірік Қайрат, мынау Қайраттың шын өзі болғаны ма?!…

Бала болса да анасына төнген қатерді сезді. Әншиінде есіткенін көргендей, көргенін көпіртіп айтатын Сақыптың әйелі де бірдеңені сезгендей ол жөнінде ешкімге тіс жармады. Бұл бар ақысын ауладағы жаман сарайдың бел теміріне асылумен, сарайға жинаған темір-терсек пен сабан мен құм салған қапшықтан алды.

Қайраттан бұрын тұрып кетіп, ауланы айнала, көшеге шығып кетіп жүгіруді әдетке айналдырды. Онысы – оның көзіне көп түсе бермеу. Кемсіткен сөздерін есітпеу. Жұдырығы мен шапалағына ұрынбау.

Оны ол да сезеді. Күздің қара суығы болатын. Ертеңгісін спорттық шалбары мен көне крассовкасын аяғына іле сала мәйкішең түзге шығып кеткен. Қайта келсе, есік ішінен ілмешекке ілініп қалыпты. Анасының жұмысқа ерте кетіп қалғанын, мынау Қайраттың ісі екенін білді. Намысқа тырысқан бұл есікті де, терезені де қақпады. Ашудан ызаланып, тамағына тығылған өксікті әрең тежеп, көз жасын сығып алды да ауланы айналып жүгіре бастады. Белтемірге тартылды. Қапшықты ұрғыштап жылынған болды. Жаурағаны басылғандай болғанмен денесі құс еттеніп кетті. Сол кезде көзі далада тұрған қол жуғыш пен жанында тұрған сүлгіге түсті. Жақында бір кинодан көрген көрініс есіне түсіп, майкасын шешіп тастап сүлгіні мұздай суға шылап алды да денесін ысқылай бастады. Денесі алғашқы кезде тітіркенгенмен дуылдап басылып ыси бастады.

Ауланың есігі ашылып салдырлай сөйлеп Сақып  кіргенде үйдің есігін ашып шығып келе жатқан Қайрат:

– Шай дайын. Тездетіп сабағыңа бар…, – деді мысқылдай күліп, Сақыптың көзінше қамқорси сөйлеп.

– Батыр-ау, тоңбайсың ба? – деген Сақыпқа Батырдың орнына жауап берген Қайрат:

– Тоңбайды. «Үшпортсмен» ғой,- деп келекелей мырс етті.

Басыну, келекелеу, қасарысқан бұны ұрып-соғу үдей берді. Көгерген жерлерін көрген анасы:

– Балам-ау, сол бір көшенің сотқарларына соқтықпай-ақ қойсайшы. Әлде мына темір-терсекке үйір болғаның бәле болды ма? Қайратқа ақылыңды айтсайшы десем «ер жігіттің көзі көгеріп жүргені де жарасады ғой»,- деп күледі. Бүйтіп жігіт болғаны бар болсын, балам, бір күні майып боларсың,- деп бауырына басады. Қайраттың айтқанына сеніп, мұны көше балаларымен төбелестен сақтандырған болады. Шындықты айтуға бұның дәті бармайды.

Алтыншы класқа көшкен жылы болу керек анасы еңбек демалысын алатын болды. Баласымен екеуіне шипажайға жолдама сұрап өтінішін де беріп қойды.

Шілде айының ми қайнатар ыстық күні болатын. Каникулге шыққалы жаттығуын үдеткен мұны жазалаудың жаңа түрін тапқан Қайрат жұмыстан қолы босаса жаттығу жасап жатқан бұған күтпеген жерден келіп «үшпортсмен, қорған» деп кеудеден, ішінен, бүйірден аямай соғатын. Бұның бүктеліп жатқанын, жалп етіп құлағанын, бүйірден алған соққыдан жерде домалап жатқанын көріп «үшпортсмен», қалайсың…» – деп келемеждеп, үстінен аттап кететін.

Бұл да қайтпай көзінің жасын сығып алып, аяғына тұруға жараса жаттығуын қайта бастайтын.

Бүгін күн жанып тұрса да ойына алған қимылдарын жасап, терін басып, ас үйдің терезесі алдында көлеңкелеп тұрған.

Жұмыстан келген анасы бүгіннен бастап демалысқа шыққанын, бір аптадан кейін шипажайға демалуға баратындарын қуана жеткізді. Үйге кірген анасының шешінбестен ас үйге кіргенін көрген ол терезеден көз алмады. Анасы пакетке оралған қомақты затты ас үйдегі ас дайындау үстелін сәл жылжытып, еденін көтеріп астына жасырды. Үстелді орнына қойды.

Үйден шығып, көрші ауылдағы құрбысына бір шаруаларымен барып кештеу келетінін айтып сыртқа беттеді.

Анасының кетуін күтіп тұрғандай Қайрат асығыс кірді аулаға. Бұрын түскі үзілісте үйге келе бермейтін Қайраттың бұл келісін бұл ұнатпады. Үйде біраз аялдап, сыртқа шығып бұны үйге шақырды.

Үйге кірген бұған:

– Шешең ақшаны қайда қойды, сумкасы бос. Пакетте жоқ, – деді. «Білмеймін» дегенін есіткенде іштен бір соқты. Соққыға үйренген болуы керек, бұрынғыдай жалп етіп құламады, іші де бұрынғыдай ауырған жоқ. Сол күш берді ме, «білсем де айтпаймын» деді қасарысып. Ол бұны жағасынан алып аулаға сүйреп шығарды. Қолдарын қайырып, қайдан қолына түскенін бір жіңішке арқанмен қолын, сосын жығып алып аяғын да байлады. Айғайлайды деді ме, қолжуғыштың жанында тұрған сүлгіні аузына тықты. Жан-жағына қарап бос тұрған иттің кетегіне көзі түсіп соған қарай сүйреді. Байлаулы аяғын кетектің ішіне тығып, басын күнге шығарып, иттің қарғы бауына мойнын өткізіп, тарылтып тартып ілгешегіне ілді. Сонда байқады ит әдейі босатылған, шамасы бұл да Қайраттың ісі болды. Өздігінен кетпейтін итті қарғысынан босатып, таяқтап қуып жіберген.

Осы кезде сырттан машина сигналы естілді. Қайратқа келген болу керек.

– Сен енді бұдан былай бөлтірік емес, байлаулы күшіксің. Тіс жарсаң, анаңның жанын жаһаннамнан шығарам. Қазір бір айналып келемін. Білсең есіңе түсір, білмесең шешеңнен ақшаның қайда екенін сұрап білетін боласың. Әйтпесе теріңді тірідей сыпырамын. Күннің астында жата тұр. Теріңді сыпыру оңай болады…

Машина тағы дыбыстады. Көзі қарауытып кетті. Сәлден кейін бетін жалаған иттің әрекетінен көзін ашты. Екі күннен бері жоқ болып кеткен Ақтабан. Байлаулы қолын иттің аузына тосты. Байлаулы қолды иіскеп-иіскеп, ағал-жағал бетін қайта жалады. Арқанды тістелеуді білмеді. Айналсоқтап жүрді де, ауладан шыға жөнелді.

Шаңқай түс шекесін ойып барады. Шөл қысқаннан өліп барады. Жұтынарға шама жоқ. Ауызында тығылған сүлгі. Жаңа Ақтабанға неге аузындағы сүлгіні тоспадым екен деп өкінді. Сөйткенше болған жоқ жапсарлас ауладағы Игнат шалдың ауласы бықбырт тигендей азан-қазан болды. Қаз-тауықтарының қиқуы көшені басына көтерді. Игнат шалдың боқтық аралас айғайы мен әйелінің «ой, боже… ой боже..» деген жанайқайы шықты. Ізе шала ауланың есігін тұмсығымен түйіп ашқан Ақтабан қанаты қайырылып, сирағы сынған тауықты кетек жанына тастай салып, жаман жатаған сарайға секіріп шықты да жоқ болды.

Ақтабанның ізінен айырын ала жүгіріп жеткен Игнат шал бұның жанында жатқан тауыққа бір, байлаулы жатқан бұған бір қарап, көргеніне сенерін де, сенбесін де білмей көк көздерінің сары кірпіктері жыпылықтады да қалды. Есін шаққа жиып:

– О, боже спаси… что это такое… Құдайым-ай. Батыр, балам, мынау не?… Кімдер істеген… Жауыздар… О, боже…,- деп аузындағы сүлгіні жұлып алып, қолжуғыштағы сумен сулап бетін, кеудесін, мойнын сүртті. Үйге кіріп кесемен су әкелді. Алдымен аузын шайғызып, суды аз-аздан жұтқызып сәл-пәл есін жиғызып, қол-аяғын байлаудан босатып, үйге кіргізіп төсегіне жатқызып:

– Кімдер істеген… Жауыздар… О,боже…, – деп қайта сұрады.

– Көшенің балалары ғой, – деген сөзіне сеніңкіремей, басын шайқап «милицияға айту керек» деп күңкілдеп шығып бара жатқанда, ауызғы бөлмеден анасының дауысы шықты.

– Игнат атай, амансыз ба? – деп амандаса бастады да, ашық тұрған есіктен төсекте ыңғайсыз жатқан бұны көріп жан ұшыра  ұмтылды. Анасымен бірге қайта кірген Игнат ата:

– Осы көше сотқарлары бәле болды. Арука, милицияға звандау керек, – деп шығып кетті.

Қасына келіп басын құшақтай алған анасына:

– Милиция керек емес. Бұны істеген Қайрат, – деді де ішіне сыймай жүрген жайларды анасына жайып салды. Көзінен жасы тамшылап отырып тыңдаған анасы:

– Құлыным-ау, не қылғаның. Ертерек айтпадың ба?… Соңғы кезде өзім де сезіктене бастап едім. Қайдан білейін, бағұс басым, саған ер адамның тәрбиесі керек қой деп ойладым ғой…

Екеуі бірін-бірі құшақтап қосыла жылады.

Бөлменің ашық тұрған есігінен шайқала басып кірген Қайрат:

– Не, біріңе-бірің көрісіп жылап, әкелерің бүгін өлді ме? – деп мысқылдай қүліп, – Бері кел, әңгіме бар,- деп анасының қолына жармасты.

Қайраттың қолын қағып жіберген анасы:

– Қазірден бастап көзіме көрінбе? Жесір қатын, жетім бала деп басынып жүрсің бе? Саған күнім қарап тұрған… Жоғал … – деп  Қайратты итермелей бөлмеден шығып кеткен. Анасының ашуланғанын бірінші көруі. Қара көзінен ұшқын шашырап, лебінен жалын шарпылғандай еді.

Асхана жақтан Қайраттың:

– Менен оңай құтылам деп ойлама. Бүгінгі алған мол ақшаң қайда? Айт, жаныңның барында. Соны берсең, құтылуың мүмкін. Әйтпесе ана күшігің мен екеуіңе тыныш өмір жоқ… Қайда ақша?…

Бұл орнынан қалай атып тұрғаны, қалай асханаға жетіп барғаны есінде жоқ. Қолындағы пышағын анасына кезеп тұрған Қайраттың тілерсегінен қатты тепкенін, қолынан пышағы ұшып кеткен Қайраттың бұның алқымына жармасқаны ғана есінде.

Одан әрі не болғанын ауруханада ес жиғаннан кейін ғана білді. Өкініштен өзегі өртенді. Бұны қанішердің қанды шеңгелінен құтқарған анасы қанішерді емес, «адам» өлтірген қылмыскер ретінде сотталатын болып қамалыпты.

Милицияға хабарлағанын айтуға келген Игнат шал Аружанның қолындағы қан-қан пышаққа бір, баланың үстінде қанға боялып жатқан Қайратқа, оның астында жатқан баланың тамағына жармасқан қолын көріп есіктің жақтауына сүйенді де, сырғып барып еденге отыра кетті. Сотқарларды сабасына түсірмек болып келген милиция қызметкерлері де мына көріністен шошынып, жедел жәрдем мен жедел топты шақырған болатын.

Сотта Қайраттың осындай жалғызбасты аналарды бұрын да бопсалағаны туралы күдікті екені белгілі болса да, анасына ауыр жаза қолданылды.

Қайраттың бұны жәбірлегендері дәлелденбеді. Тек, баласын құтқару үшін пышақ жұмсағаны ескеріліп жеңілдік жасалды делініп жеті жылға  сотталды.

Ауруханадан шыққаннан кейін сот болғанша өзінің үйінде, анасының өтініші бойынша анасының ауылдағы құрбысы Ақілгекпен тұрды. Ақілгек апасы анасы жинаған ақшаны бұның атына кәмелетке жасы толғанша алынбайтын етіп банкіге салып қойғанын айтты. Соттан кейін туыстығы болмағаннан кейін ол апамен бірге тұрғызбайтын болғандықтан қалада тұратын нағашы апасының қолына барды да, үйді біреулерге жалға берді.

***

«Маймыл қамақтың» есігі ашылып, кезекші майор тергеушіге өзі алып барды. Майор шығып кетісімен стол басында жай киіммен отырған орта жастардағы кісі:

– Бала, бұл жауап алу емес. Өзіңмен жай сөйлесу. Жасы кәмелетке толмағандармен ата-анасы немесе оқушы болса класс жетекшісін қатыстыра отырып жауап алынады. Өзіңмен жақынырақ танысқым келіп отыр. Аты-жөніңді, қайда оқитыныңды, қайда тұратыныңды, ата-анаң туралы айтсаң…

Бұл сұрақтардың бәріне жауап берді. Анасының жазасын өтеп жатқанын да жасырмады.

– Батыр, сен маған мынаны айтшы. Сен қаланың мына шетінде тұрасың. Сені қаланың екінші шетінде әкеңдей екі адамды ұрды, біреуінің қолын сындырды, біреуінің басын жарды деп ұстап әкелді. Қолы сынған кісінің әйелі арыз жазып отыр. Осы рас па? Әлде жала ма? Жаңа капитан екі сержанттың сенің қолыңды қайыра алмай жолдастарының алдында қысылғанын айтты. Спорттың қай түрімен айналысасың. Спортшының жай адамға қол жұмсауы да қылмыс болатынын білесің бе? Әлі жассың. Оқушысың. Мүмкін ол кісілерден кешірім сұрап, іс қозғамай-ақ қойсақ қайтеді.

– Ондайлардан кешірім сұрамаймын.

– Сен ол кісілерді бұрыннан танисың ба?

– Танымаймын.

– Онда неге кешірім сұрамайсың… Ертең өкініп жүрмейсің бе?

– Ондайлардың сазайын тарттырғаным үшін өкінбеймін.

– Батыр, сен бірдеңені айтпай тұрған сияқтысың…

Бала үндемеді…

Сөйлесіп отырған кісі алдындағы телефонды алып, баланы алып кетуді бұйырды.

***

Анасы сотталғаннан кейін қаланың бір шетінде тұратын нағашы апасы Базаркүлдің қолына келді. Базаркүл апасы төрт қабатты үйдің үшінші қабатындағы төрт бөлмелі үйде отағасы, бір қызы үшеуі ғана тұрады екен.

Байқағаны, бар билік Базаркүл апада сияқты.Тұрмыстары да жақсы екен. Үй жиһазға, шифонер киімге толы. Ішіп-жем де мол. Бұны құрақ ұшып қарсы алмаса да, ешқайсысы да көргенде қабақ шытпады. Бір шағындау бөлмені билігіне берді. Нағашы апасы да, бөле апасы да ретсіз ештеңені ұстамауды, ортада фоеде тұрған теледидарды ретсіз қоспауды баса айтты. Отағасының жағдайы да, бұның жағдайына ұқсас па, ештеңеге араласпайды екен. Базаркүл апасының жеке дүкені, тігін цехы бар екенін кейін білді. Анасының бұл үйге келіп кететінін білетін. Кешегі күнге дейін анасы қасында жүргенде бұл үйге бас сұқпапты. Бұл апасының бұлардың жер үйіне келгені де есінде жоқ. Сол үйге жақын мектептің алтыншы класына оқитын болды. Кластағылармен қатар кластағыларының бас көтерерлері бұның жұдырығының дәмін татып басылған. Олай болатыны мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бұны бірден таныды. Сонау «Дөңгелек бақтағы» төбелесте қолынан тартып тұрғызатын аға еді, аты Қуантай екен. Мұғалімдікпен қатар қоян-қолтық ұрыстың шебері, сол спортпен айналысатын жастардың бапкері екен. Үйі де бұлар тұратын подъездің екінші қабатында болып шықты.

Күнде ертемен ауладағы белтемірге асылып, өзінің білгенінше денесін шынықтырып, ауланы айналы жүгіріп, аяқ-қолын сермеп жүрген бұны Қуантай ағайы спортшылар клубына ертіп барды. Соққыларын, қимылдарын көрген басқа бапкерлер Қуантай ағасын құттықтап жатты. Білікті бапкер тума талант балаға қоян-қолтық ұрыстың қыр-сырын тез-ақ меңгертті. Батырдың ауыр соққылардан аса сезімталдықпен қорғана білуі мен өткізіп алған соққыларға шыдамдылығы кім-кімді де таңғалдыратын. Ал, шаршауды білмейтін тыныс алуы мен соққыларының жылдамдығын көрген сарапшылар мынау «самородок» қой деп Қуантай ағасының арқасынан қағатын. Соны дәлелдеген Батыр келесі жылы ауданда оқушылар арасында бірінші орын алса, сегізінші класында облыс чемпионы болды. Тоғызыншы класында республикалық жасөспірімдер біріншілігінде Алматы облысының екі дүркін чемпионы, спорт шеберлігіне кандидат кәріс оқушыны қолы мен аяғының бірдей соққысымен сұлатып салып чемпион атанып, ұлттық құрамаға шақырылған болатын.

Бұл біріншіліктің таңғаларлық оқиғасы болған. Анандай соққыны көрген төрешілердің бірі мынау «найзағай ғой» деп ұшып тұрған. Содан бастап облыстан бірге барған қасындағы әріптестері Батырды «Найзағай» деп атап кеткен.

Кәріс баланың бапкері өзінің шәкіртінің жеңілу себебін Батырдың соққыға төзімділігінен деді. Шәкіртінің бүйірден соғатын түбегейлі соққысынан көп спортшы өзіне-өзі келе амайтын да, шәкіртінің келесі соққысы қарсыласын мұрттай ұшыратын. Солай ойлап қалған шәкіртінің соққысын өткізіп алса да, қарсыласының сәл кешіккенін тиімді пайдаланған Батырдың найзағайдай соғылған соққысынан шәкіртінің жалтара алмағанына қынжыла тұрып, Батырдың қимылы мен соққыларын сүйсіне айтып, Қуантайдың қолын қысқан болатын.

***

Жалпы, Батыр бапкерінің айтуынан бұрын өзі де біреуге тиіскенді ұнатпайтын. Әсіресе жас балаларға тиіскенді. Мектептегі жоғарғы класс оқушыларының төменгі класс оқушыларын бопсалап, ақша талап ететінін сезетін. Бұның өзіне де, кластастарына да ешкім тиіскен емес. Сондықтан ондай сөздерге көп мән бермейтін. Сол күні мектеп ауласының қалтарыстау жерінде 11-класта оқитын, мектепте «боксер Болат» деген атағы бар оқушы, қасында жоғарғы кластың үш баласы класының үш баласын ортаға алып тұр екен. Біреуі – бір партада отыратын Мұрат. Жандарына жақындай бергенде Болат:

– «Найзағай», жөніңе жүре бер. Сен араласпай-ақ қой. Бұл жеке шаруамыз,-деді дауыстап. Жақындаса, төбелес болатынын сезді. Кібіртіктеп қалды. Болат:

– Бара беріңдер. «Найзағайға» сенбей-ақ қойыңдар… Айтылған нәрсе ертең орындалатын болсын, – деді де қасындағы нөкерлерін ертіп ұзай берді. Үш кластасы бастары салбырап бұған жақтырмай қарап үнсіз класқа беттеді. Қасында отыратын Мұрат сөмкесін алып соңғы жақтағы бос орынға барып отырды. Қоңырау соғылып, класқа кірген клас жетекші апай:

– Мұрат, орныңа отыр. Орындарыңды өз беттеріңше ауыстырмаңдар деп айтылған жоқ па, – деп ескерткеннен кейін Мұрат орнына келіп отырды.

Сабақ соңында бұған қарайламаған балалар апыр-топыр шығып кетті. Сыртқа шыққан бұл алдыңғы жақта кетіп бара жатқан Болат пен үш баланы көрді. Анандай жерден іздеріне еріп отырды. Бір үйден кейінгі көпқабатты үйдің ауласындағы ойын алаңына барып орындықтарға жайғасып, әлденені айтып күлісіп:

– Марат, мынау саған. Ертең әкелмесе, оның сағаты сенікі болады, – деп Болат ұсынған ақшаны алған Марат олардан бөлініп бөлектеу тұрған екі қабатты үйге беттеді. Ізінен ерген Батыр оның қайда тұратынын біліп алып, қайта келгенде, Болат:

– Жүр кеттік, – деп өзі бастап бірін-бірі қуалай орындықтардың үстімен, арқалықтарына секіріп мініп-түсіп жүгіріп ұзай берді.

Ойына бір нәрсе оралған Батыр соңдарынан еріп отырып, екі-үш үйден кейінгі үйдің ауласындағы беседкадағы орындыққа отырып, бірдеңеге келісіп тарасқандарын көріп, үйлердің айналасын шолып шығып, үйге қайтты.

Ертеңіне күндегі алып баратын оқулықтарының орнына спорт қиімдері мен крассовкасын салып алды. Мектепте класстастары жөндеп амандаспай, өздері шүйіркелесіп бұған назар аудармады. Екінші сабақтан кейінгі үзілісте класс старостасы Айман бүгін сабақтан кейін класс бөлмесін тазалауға бес бала қалатынын хабарлады. Ер балалардан Мұрат пен Батыр қалады деді.

Батыр соңғы сабақта Мұраттың білегінде сағаты жоқ екенін байқады. Жақында туған күніне анасы алып берген сағатты ол білегінен алмайтын. Кластастары бөлмеден шыққасын бөлмені тазалауға қалған қыздар киімдерін ауыстыруға шықты да Батыр киімін тез ауыстырып, мектеп ауласына шықты. Ауладан шығып бара жатқан Болаттың нөкерлерін көрді. Олар күндегі дағдысы бойынша кешегі орындықтың жанына топтасты да, Мараттың қолына бір затты ұстатып, оған «бара бер» деді де өздері бір-бірімен сөз жарыстырып, дабырласып тұрды.

Батыр оларды айналып өтіп, жүгіріп отырып кеше олар жиналған беседканың жанындағы орындықта оларды күтіп отырды. Анандай жерде аула тазалап жүрген аула тазалаушы орыс кемпір өзіне қарай бергесін тұрып, бел темірге тартылып, ауланың ана басына қарай жүгіре жөнелді. Кемпір ауланың қарсы бетіне қарай жылжыды.

Осы кезде Болаттың тобы күндегі әдетімен үйреншікті беседкаға жиналды. Болат орындыққа аяғын қойып, арқалығына отырып, екі «жандайшабын» тұрғызып қойып бірдеңе деп жатқанын жүгіріп келе жатып көрген Батыр беседка жақтауынан секіріп түсті. Не болғанын түсінбей қалған Болат қатты соққыдан жерге сылқ ете қалды. Екі жағындағы екеуі жойқын соққыдан беседканың ішінде домалап жатты. Ауыр денесімен жанши құлаған қолын көтере орнынан тұрмақ болған Болатты көрген ол беседкадан секіріп түсіп, жұмсаған жұдырығы Болаттың көзінің аңғалағына сарт етті. Қайтадан сылқ еткен Болаттың төсқалтасындағы, жан қалтасындағы ақшаларды сыпырып алып қалтасына салып жатқанда анадай жерден көріп келе жатқан орыс кемпір «Люди… ограбили… убили» деп ауланы басына көтерді. Шағын қоршаулардан секіріп екі үйдің ортасындағы аркаға қарай жүгірді де, жалт бұрылып, келесі үйдің жанындағы талдарды тасалады.

Жүгіріп келген адамдарға арка жақты сілтеген кемпір «вызывайте скорый» деп ыңырсып жатқан Болатқа ұмтылғасын келгендер құлап жатқан бала мен домалап орнынан тұрып жатқандармен болып кетті. Осыны пайдаланған Батыр спорт киімінің бас киімін көзіне түсіре киді де келесі аулаға шығып бар екпінмен жүгіріп Мараттың үйінің алдына келді. Аулада ешкім жоқ. Төрт-бес жас шамасындағы бала ойыншық машинасын сүйретіп жүр екен.

Батыр баланы шақырып алып, «Марат ағаны білесің бе?»,- деді. Бала басын изеді. «Шақырып келесің бе?»,-деп еді, ол басын шайқады. Батыр қалтасынан бір қағаз ақша алып баланың олына беріп, «Бар Марат ағаға «Болат аға шақырып тұр» деп айт, келгесін тағы беремін» деді. Бала «Тағы аша белесің ба?… – деп үйге қарай құлдыраңдай жөнелді. Қайтып келген бала «айтым» деп қолын созды. Баланың қолына тағы бір қағаз ақша ұстатты да, подъезден жүгіріп шыққан Маратты көріп, талды тасалай қалды. Жан-жағына қараған Марат қолына ақша ұстап бірдеңе түсінетіндей мәз болып тұрған балаға келіп «аға, қайда?»-деді. Бала бұл тұрған жаққа қолын сілтеді. Баланың қолындағы ақшаны жұлып алып, құйрығына бір теуіп бұл тұрған талға қарай жүгірді. Бұның жанынан өте бергенде тоса қойған аяғына сүрініп етпетінен жығылды. Үстіне отыра қалып қолын қайырып, білегіндегі сағатты ағытып алып қалтасына салып, құлағына:

– Енді біздің кластың жанынан жүрмесін, Болатыңа айт.

– Мықты болсаң өзің айт… Ертең көресің…

– Оның бүгін менімен сөйлесуге шамасы жоқ. Скорыйда жатыр. Не болғанын ертең сен көресің. Милицияға бірдеңе десеңдер, оқушыларды тонағандарың үшін сотталасыңдар. Біздің де артымызда кісілер бар, – деп доқ көрсетті. Орнынан тұрғызып алып, құйрығынан бір теуіп мектепке қарай жүгірді.

Келгенде кластағы жұмыс бітіп, Айман мен Мұрат парталарды орнына қойып болып қалған екен. Қыздар күңкілдеді. Мұрат теріс қарады. Қыздар киімдерін ауыстыруға шыққанда Мұраттың жанына барып сағатын ұсынып, костюмінің жан қалтасына бір уыс ақшаны сала салып:

– Ақшаларыңды танып алыңдар. Ешкімге ештеңе демей-ақ қой,- деп сумкасын иығына асып кластан шығып жүре берді.

Ертеңіне бірінші сабақтың орнына барлық класқа класс жиналысы өтті. Класс жетекшілер кеше болған оқиғаны айтып, учаскелік инспектор жауап алғанда шын сөздерін айтуды тапсырды.

Апайларының айтуынша, «Бір ересек адамның ұйымдастыруымен жоғарғы класс оқушылары топ құрып мектеп оқушыларынан ақша жинап, әлгі кісіге тапсыратын болған. Кеше солардың арасында келіспеушілік болып, топ басшысының көзі көгеріп, қолы шыққан. Екеуі көк-ала торғайдай болып таяқ жеген. Бүгіннен бастап мектеп оқушыларымен милицияның учаскелік инспекторы әр класспен, кейбір оқушымен жеке-жеке сөйлесуі мүмкін. Өздеріңнен ақша талап еткендер болса, жасырмай айтыңдар»,- деп ескертті апайлары.

Бұл сөзге аула сыпырушы орыс кемпірінің «балаларды соққыға жыққан ересек адам, осы жерде бірнеше күннен бері жаттығу жасап жүретін» деген сөзі себеп болыпты. Ал милициядағылар істі тез ашу үшін «балаларды солай деп айтуға» көндірген. Абырой болғанда сол аулада тұратын, аулаға шығып бой жазатын ересек адам балалар соққыға жығылатын күні Елордада іссапарда болып, милицияның қаһарынан аман қалыпты.

Класс жиналысынан кейін кластастары үндемей ғана келіп Батырдың қолын қысып ризалықтарын білдірген. Кластастарының өзіне риза екеніне қуанғанымен, іштей өзіне-өзі риза емес еді. Бұл ісіне шын қуана алмады. Қарсыласына бетпе-бет келіп ұстаспай жасаған әрекетіне өзіне-өзі қынжылып, көпке дейін жаны байыз таппай жүрді.

Бүгінгі әрекетіне өзіне-өзі риза секілді. Қамақта отырса да, көңілі орнында. Жаңа сөйлескен милиция қызметкері айтқан жайлар сескенте алмады. Сезеді, оқудан шығып қалуы да мүмкін. Ұлттық құрамаға алынбай, жарыстардан шеттетілуі де мүмкін. Тіпті түрмеге жабылуы…

Оны ойлағысы да келмейді. Асылбектің өгей әкесінің өзінің алдында тізерлеген пұшайман кескіні көз алдына келсе, қорғаншысы барына көзі жеткен Асылбектің анасының қолынан жұлқынып «Найзағай… Артыңда…» деген жанашыр дауысы көңілін тыныштандырып, жүрегін жылытатын сияқты.

***

Капитан Ағыбаев алдында отырған  кісілермен танысқаннан кейін столының тартпасынан алған арызды баланың класс жетекшісі Айгүл Нұржановаға ұсынды. Арызбен үнсіз танысқан ол баланың бапкері Қуантай Расымбетовке берді.

– Қайсысыңыз баланы жақсы білесіздер. Сіздердің алдарыңызда баламен оңаша сөйлескенмін. Бала бірдеңені жасырып, айтпай отыр. Арыз иесін танисыздар ма? Бала арызда аты аталған адамдарды білуі, бұрын кездесуі мүмкін бе? Баланың анасы жазасын өтеп жатыр екен, ол іске бұл азаматтардың қатысы жоқ па?…

Милиция қызметкерінің бастырмалата берген сұрағына жауап берген Айгүл:

– Мен бұл классты биыл ғана қабылдадым. Бұрынғы класс жетекшісі Алматыға көшіп кеткен. Батыржанның сабақ үлгірімі жақсы. Тәртібі де жаман емес. Нағашы апасының қолында тұрады. Анасы осы баланы құтқарамын деп сотталғанын нағашы апасынан есіткенмін. Баламен ашылып сөйлесіп көрмеппін. Сабақтан босаса спорт клубында Қуантай ағасының жанында болатын болғасын көп көңіл бөлмегенім рас. Мінезін білмейді екенмін. Жақсы спортшы… – деп сөзінің соңын жұтып, баланың бапкеріне қарады.

– Батыржан біздің мектепке алтыншы класқа өткен жылы келді. Бес жылға қарап бара жатыр біздің спорт клубта жаттығады. Мен баулып жүрмін. Тума талант. Көп сөйлемейді. Тұйық. Мінезі ауыр. Нағашы апасын жақсы білемін. Бір подъезде тұрамыз. Нағашы апасының айтуы бойынша анасымен азаматтық некеде тұрған адамнан көп жәбір көрген. Анасының да өмір жолы ауыр болғанға ұқсайды. Бала әкесіз өскен. Әкесінің кім екенін білмейді. Мен Батыржанды білсем, себепсізден-себепсіз балаларға да тиіспейді. Ал үлкен адамдарға тиісуі мүмкін емес. Жаңағы Батыржан айтты деген сөздерде бір сыр бар сияқты. Сізден өтініш, дұрыстап тексерсеңіз. Мүмкін баланы алдырып сөйлесерміз.

Сәл ойланған тергеуші:

– Мен әзірге іс ашқаным жоқ. Біріншіден, қаурыт іс көп. Екіншіден, баламен сөйлескеннен кейін тағдыры ойлантып тұр. Кезекші майор да жаупкершілікті өзінің мойнына алып арызды тіркемей, өзінің ауысымы біткенше ұстай тұратынын айтып отыр. Өте тәжірибелі тергеуші болатын. Ауыр жарақаттан кейін кезекшілік бөлімге ауысқан. Ауысымы ертең түсте аяқталады. Соған дейін өздеріңіз әрекет етуге қалайсыздар?

– Жолдас, капитан, бізден не көмек керек. Біз дайынбыз. Сізге алдын ала рақмет. Биыл баланы ұлттық құрамаға қабылдаған. Бір айдан кейін сборға баруы керек еді. Егер бала түрмеге кетер болса, ол жақта не болатынын құдай білсін. Ондай спортшылардың кім болып оралатынын өзіңіз білесіз ғой. Оның үстіне әлі тіптен жас қой…

– Онда былай болсын. Баланы қозғамаймыз. Мен істі бастаған жоқпын. Сіздерді көрген жоқпын. Сіздер кешігіп жатырсыздар. Сондықтан мен қаурыт жұмыспен ертең түске дейін болмаймын. Сіздерге тапсырма, бірінші, баланың нағашы апасына түсіндіріп айтыңыздар. Ертең түстен кейінге дейін баланы іздемесін. Екінші, ауруханаға барып жәбірленушілердің жағдайын біліңіздер. Аты-жөндері арызда бар. Баланың өздеріне неге тиіскендерін сұраңдар. Қарсы ештеңе айтпаңыздар. Айтқанын қағазға түсіріп алыңыздар. Үшінші, дабыра қылмай оқиға болған жердегі адамдармен сөйлесіңіздер. Мекенжайлары да арызда жазылған. Оқиға барысына қарай өздеріңді милиция қызметкері, болмаса мектептен деп пе таныстырарсыздар. Ең бастысы, назар аударатындарыңыз ол жаққа Батыржан неге барған? Сол арадағы адамдар Батыржанды тани ма? Батыржанның суретін ала барыңыздар. Оқиғаны көргендер болса, не болғанын нақтылап сұрап, ол адамдардың аты-жөнін, оқиға барысын қағазға түсіріп алыңыздар. Мүмкіндік болса таныс фотограф ала барып, қажет деген нәрсені, адамдардың суретін түсіріп ала алсаңыздар тіптен жақсы. Мен көмектесуге тырысайын.

Осы кезде есік ашылып, ішке кірген сержант машина дайын екенін айтты да капитан Ағыбаев сыртқа беттеді. Бұлар да орнынан тұрды.

***

Қуантай мен Айгүл ішкі істер бөліміне жақын орналасқан тігін цехындағы Базаркүлге соғып, мән-жайді түсіндірді. Одан шығып Қуантай сол маңдағы тұрмыстық комбинатында қызмет ететін таныс фотограф жігітке өтініш жасап еді, ол ертең болмаса бүгін қолы босамайтынын айтты. Соған уәде байласып, автобусқа отырып аудандық ауруханаға келгенде «жолы болар жігіттің» дегендей алдарынан Айгүлдің жақсы танысы, бас дәрігердің орынбасары Бану кездесе кетті. Бану оларды тіркеу бөліміне алып барды. Ондағы кезекші медбике «аталған азаматтардың тіркеуде болғанын. Басы жарылды деген азаматтың басы жарылмағанын, құлағанда маңдайын жер ысырып қанағаны болмаса басқа жарақат болмағанын, ал қолы сынды деген азаматтың қолы сынбағанын, шынтақ буыны шығып кеткенін, екеуіне де дәргерлік көмек беріліп, үйлеріне қайтарылғанын, қолы сынды деген азамат травмотолог дәрігер шыққан буынды орнына салып таңып бергеннен кейін рентген снимкасына да қарамай кетіп қалғанын айтып, дәрігерлік көмекке дейін, дәргерлік көмектен кейін түсірілген екі снимканы Бануға ұсынды.

Банудың «ішкі істер бөліміне хабар бердіңдер ма? Ішімдік ішкен бе?»,-деген сұрағына кезекші журналын ашып қарап, «Хабарламаны майор Арынов қабылдапты, ішімдік ішкендігі туралы анықтама бар»,- деді. Қуантай:

– Мүмкіндік болса осыларды анықтайтын анықтама берсеңіздер. Мына снимканы да алуға көмектессеңіздер,-деді. Айгүлге караған Бану  медбикеге:

-Анықтамаларды дайындап, қол қоятын журналға Айгүл апаңның атына тіркеп кабинетке әкеле ғой,- деді де бұларды кабинетіне бастады. Сәлден кейін бұл жұмыс та бітті.

Таксиге отырған Қуантай мен Айгүл қолдарындағы адрес бойынша қаланың шетіндегі үш қабатты үйлердің жанына келіп тоқтағанда сәуір айының шуағы қайта қоймаған еді. Таксиден түскен Қуантай мен Айгүл басы жарылды деген азамат Шәкен Көкенов тұратын №8 пәтерді оңай-ақ тапты. Есік ашқан басы таңулы азаматты көрген Қуантай:

– Жәбірленуші Көкеновсіз ба?- деді ойландырмастан.

– Ия, сіздер милициядансыздар ма… Ол бала маған өзі келіп тиісті. Қолымды қайырып тізерлетіп алды да, көк желкемнен бір қойды. Асфальтқа басым қатты соғылып, есімнен танып қалдым. Көрші Шабардың жанұшырған айғайынан есімді жидым. Ол қолы салақтап ойбайлап жатыр екен. Сол кезде скорий де, милиция да келді. Баланы милиция, бізді скорий алып кетті. Арызды Шабардың әйелі жазды. Мен қол қойдым.

– Үйде кім-кім тұрасыздар?

– Әйелім, балам…

– Олар қазір қайда?

– Әйелімнің анасының үйіне кеткен.

– Оқиға болған кезде әйеліңіз үйде болды ма?

– Жоқ олар бұрын кеткен…

– Қайда жұмыс істейсіз?

– Әзірше жұмыссызбын.

– Қай уақыттан бері?

– Бір айдай болып қалды… Сокрашение…

– Дәрігерлер жарақатыңыз туралы не айтты?

– Ми шайқалған деді. Жатып ем ал деп еді, үйде адам болмағасын жата алмадым.

– Өзіңізді соққыға жыққан баланы танисыз ба?… Бұрын осы жерден көріп пе едіңіз?

– Жоқ. Көрген адамым емес.

– Қазір жағдайыңыз жақсы ма?… Арызға алып-қосатыныңыз бар ма?

– Жоқ.

– Онда мына жерге қол қойыңыз. Қағазға қол қойылып жатқанда столдың үстіндегі оқушы дәптеріндегі баланың қай мектепте, қай класта оқитынына, фамилиясына назар аударған Қуантай Айгүлге көзімен баланың фамилиясын нұсқады.

Айгүл қолындағы қағазға елеусіз ғана түртіп алды.

Көрші подъездегі №14 пәтердегі Шабар да үйінде екен…

Бұлар да милициядан деп ойлап сұрақтарға бірден жауап берді.

– Жәбірленуші Шабар Шойбаевсыз ба? Жарақатыңыз қалай?

Қасындағы әйелі шап ете қалды:

– Оның несін сұрайсыз… Көріп тұрған жоқсыздар ма? Қолын мойнына асып тұрғанын. Мына кескінімен жұмысқа қалай барады?. Дәрігерлер бюллетень беретін түрі жоқ. Төбелестен сынған дейді. Бәріне бір нәрсе керек… Ауруханаға жатқызған да жоқ. Мен шырылдап милицияда жүргенде «ештеңе етпейді» деп үйге жіберіпті. Бірдеңе дәметкен әрине… Жұмысым ертең солармен болады…

– Апай, кішкене сабыр етіңіз. Мүмкіндік болса не болғанын ағайдың өзінің аузынан есітейік.

– Сыртта көрші Шәкен екеуміз темекі шегіп отырғанбыз. Шәкен келе жатқан бір жігітті көрді де «қазір бас жазамыз, жарты менен, закуска сенен»,- деді. Үйге кіріп-шықсам бір жігіт Шәкенді тізерлетіп қойып ұрып жатыр екен, арашаламақ болып ұмтылып едім, өзім де түсінбей қалдым. Қолым сарт ете қалды да, көзімнің оты жарқ ете түсті. Қолым салақтап қалды. Ойбайлағанымды ғана білемін. Содан скорий келді, милиция келді. Скорий бізді ауруханаға апарды.

– Дәргерлер не деді?

– Рентгенге қайта-қайта түсірді… Мен ауырсына бергесін бір дәрі екті. «Ауырғаны басылды» деп едім. «Онда қайта бер» деп қайтарып жіберді.

– Арызыңызға алып-қосатыныңыз бар ма?… Онда мына жерге қол қойыңыз.

Олармен қоштасып шыққанда батып бара жатқан күннің алқызыл шапағы үш қабатты үйлердің тасасына еңкейіп барады екен. Көктемнің салқын ауасы көңілдерін сергітіп жіберді. Келесі подъездің алдында шүйіркелесіп отырған екі үлкен кісіні көргенде капитанның «көршілерден де сұрастырыңдар» деген сөзі есіне түсіп, солай қарай беттеді.

Кіреберіс есіктің алдындағы ұзынша орындықта отырған орта жастағы екі азамат бұларға таңырқай қарағанымен, сәлемдерін ықыласпен алды .Қуантайдың:

– Осы үйде тұрасыздар ма?… Бағанағы оқиға кезінде осы арада болдыңыздар ма?… – деп сұрады.

– Сіздер кім болдыңыздар?,- деп сұраққа сұрақпен жауап берді. Қуантайдың :

– Мына қыздарыңыз милиция ұстап кеткен баланың мұғалімі мен тренері едім.          Көрсеңіздер, көргендеріңізді жасырмай айтсаңыздар. Сіздерден милиция жауап алған жоқ па?,-деген сұрағын естіген сары кісі:

– Тренерімін дедіңіз бе?,-деп қайта сұрап алды да, қасындағы  кісіге – Айттым ғой, бала спортсмен деп, артынан келгенін қалай лақтырғанына көз ілеспеді ғой,- деп қасындағы кісіге мақұлдатып алды да:

– Оларға сауап болды. Сол арадағы орындық – олардың арақ ішетін орны. Бағана да сол арада екеуі арақ ішіп отырған. Біреуінің баласы, жанында милиция ұстап кеткен бала бар подъезге бұрыла бергенде біреуі олармен жағаласа кетті. Бала оны қағып жіберіп жалп еткізді. Қолында белбеуі бары, баланың әкесі болу керек, балаға ұмтылған кезде қолынан шап беріп ұстады да, қолын қайырып тізерлетіп, желкесінен нұқып қасындағы баланың алдына жүгіндіріп бірдеңе деп жатқанда баланың анасы жүгіріп келіп баланы үйге қарай жұлқылап алып бара жатыр еді, соққыға жығылғаны қолына бірдеңе ұстап тап берді. Бала: «ағай деді ма, бабай деді ма, тағы бірдеңе» деп айқайлағанда сілтенген қолдан жалтарып үлгірді де, қолынан ұстап көз ілеспес жылдамдықпен лақтырғанда ананың жан дауысы шықты. Айқай-шу болды да қалды. Жақын жерде жүрген бе, екі милиционер жетіп келді. Баланың қашып кетуге мүмкіндігі бар еді. Бала қашпады. Ұмтылған екі милиционерге ұстатпады да. Қалай ұстаса да сытылып шыға берді. Сәлден кейін скорий мен милиция машинасы келді. Милиция машинасынан түскен офицер баланың жас екенін байқады ма, дубинкасын ала жүгірген сержанттарға жекіріп, баланы дереу машинаның темір торлы бөліміне  мінгізіп, жанына екі милиционер мен шабалаңдап жүрген әйелді отырғызды. Ана екеуін скорий алып кетті,- деді.

Қуантайдың:

– Оларға бала тиісті ме, олар тиісті ме? – деген сұрағына:

– Подъезге кіріп бара жатқан екі балаға екеуі бірдеңе деп жүгірді.

– Баланың сыртынан жұдырық ала ұмтылғаны подъезден шықты ма?

– Жоқ, домалап жатқан жерінен тұрды да, отырған орындықтан бірдеңе алып ұмтылды-ау деймін.

– Кішкентай бала не деп айқайлады дедіңіз?,- деген Қуантайдың сұрағына:

– Соңғы сөзі «ай…» деп аяқталады. Наг… Жоқ Ноғай деді ма… Адамның аты емес әйтеуір, сенде естідің ғой, -деп қасындағы серігіне қарады. Қуантай да:

– Сіз де осыларды көрдіңіз бе?… Кішкентай бала «Найзағай» деген жоқ па?,-дегенде бағанадан бері үндемей тыңдап отырған кісі:

– Точно… «Найзағай» деді. Білесің ба… Найзағай орысша гром ба, молния ма дегеніміз. Әрине бәрін мен де көрдім.

– Милицияға осылай деп айта аласыздар ғой.

– Әрине айтамыз. Осы подъездің №25, 26 пәтерінде тұрамыз. Мені Сабыр Сатаевич дейді, мына құрдасты Сары Әкім десе, бәрі таниды.

Бұл көше шамдары жана бастаған кез еді. Бұлармен қоштасып, екі көрші де орнынан тұра бастаған. Подъезд алдына келіп тоқтаған таксиден түскен жас келіншек пен балалар «папа», «ата» деп Сары Әкім аталған азаматтың мойнына асылып жатты.

Қозғала берген таксиді тоқтатқан Қуантай:

– Айгүл отыр. Бұл да бір сәтінен келген іс болды,- деп таксистің жанына жайғаса бастады.

Айгүлдің үйінің жанына келгенде ертеңгі жұмысты ертелетіп, жәбірленуші Шәкеннің баласы оқитын мектептен бастауды мақұлдасып тарады. Себебі, баланың жазу дәптеріндегі аты-жөні Мырзабаев Асылбек Маралұлы болатын.

***

Машинаның үстінде де, үйге келгесін де Қуантайды мазасыздандырған жай Шәкеннің баласы Асылбек болды. Батыржанның «Найзағай» деген атын бала қайдан біледі? Спорт клубтағы ересектер құрамындағы бар баланы ой елегінен өткізді. Асылбек есімді баланы есіне түсіре алмады. Оқитын мектебі де бөлек. Асылбектің тегі – Мырзабаев, Шәкеннің тегі – Көкенов. Баланың әкесінің аты Шәкен емес, Марал сияқты. Бар мәселе осы балада болмасын… Осындай ой үстінде жатып қалғып кетті.

***

Тас қабырғаға басын сүйеп мызғып кеткен Батыржан кілттің сылдырынан оянды. «Маймыл қамақтың» есігін ашқан майор баланы шығарып, көрші бөлменің есігін ашып кіргізіп жіберді де, есікті сыртынан құлыптай салды. Бөлмеге кірген Батыржан стол үстіндегі тағамдарды, стол жанында отырған Базаркүл апасын көріп таңданып, апасына бір, тағамдарға бір қарады. Қарнының ашып тұрғанын сезді. Апасы үнсіз ғана қарама-қарсы орындықты нұсқап, «отыр» деді де тағамдарды бұған қарай ысырып, стаканға сусын құйды да:

– Батыр, айналайын, тамақтанып ал. Сосын асықпай болған жайды айтып бер. Ештеңені  жасырма… Мен саған бөтен адам емеспін… Анаңның жалғыз апасымын. Анаңның қолына аман-есен тапсыруым керек. Қолымнан келген көмегімді аямаймын…

Базаркүл апасының мейірімді жүзі мен мейірлі дауысы Батыржанның көңілін толқытты. Жанарына дөңгеленіп жас келді. Толқи отырып тамақтанған болды. Ешқандай сұрақ берместен өзіне емірене қарап отырған апасына бұрылды. Жұмыстан шаршап келсе де, бұның тамақ жегеніне осылай қарап отыратын анасы есіне түсіп, өксіп жібергенін өзі де байқамады. Жанарынан жас парлап қоя берді. Бұны байқаған Базаркүл апасы орнынан тұрып келіп бұның басын төсіне басып, шашынан иіскеді. Базаркүл апасының төсінен басын алмаған Батырдың өн бойына анасының кеудесінің сәби кезіндегі тәтті иісі тарап жатқандай әсерде болды.

Қайда отырғандары есіне түскендей Барзаркүл апасы тез серпіліп:

– Батыр, айналайын, сені тыңдап тұрмын, – деді.

– Апа,- деп бір өксіп алған Батыржан көзінің жасын алақанының сыртымен сүртіп, жайлап сөйлей бастады. – Сотта өзіңіз болдыңыз. Қайраттың мені ұрып-соққаны дәлелденбеді. Содан бері жас балаға қол жұмсағандарға деген кек менің жүрегіме мықтап орнады. Осыдан жиырма шақты күн бұрын автобус аялдамасында үш бала жабылып ұрып жатқан алтыншы класс оқитын баланы арашалап алдым. Әлгі балалар ақшасын тартып алыпты. Автобусқа мінгізіп жібердім. Екі күннен кейін баланы тағы көрдім. Көзі көгеріп тұр екен. Автобус келгенше баланы кешегі балалар емес, араққа жұмсаған Шәкен деген өздерімен бірге тұратын ағаның ұрғанын білдім. Арақты осы жердегі дүкеннен ақшасын кейін әкеліп беретін болып алады екен. Шәкен ағасының танысы болғасын, солай беретін көрінеді. Өткенде сол ақшаны балалар тартып алған. Бұрынғы ақшаны төлемегесін арақ бермеген. Соның салдарынан көзі көгерген. Жан-жағына алаңдап қараумен тұр. Мен «төбелесіп үйренгің келе ме?..,»-деп қалай сұрағанымды өзім де білмей қалдым. Ол маған сұраулы көзбен қарады. Ол өзі күткен автобусына мініп кетті. Мен қарама-қарсы жаққа жүретін автобусқа отырып, спорт клубқа кеттім. Алдыңғы күні автобус аялдамасында өзі келіп амандасты.

– Сіз «Найзағай» екенсіз ғой. Мені спорт клубқа апарасыз ба?-деп сұрады.

– Оны қайдан білдің?-деп сұрадым.

– Қай күнгі ұрған балалар айтты. Ақшамды қайтып берді. Сізге енді тиіспейтінімді айт деді. Сіздің кім екеніңізді солардан есіттім…

Ертеңіне автобус аялдамасында кездесетін болғанбыз. Кеше келмеді. Бүгін сабақтан шыққан соң кездестік. Спорт клубқа алып бардым. Сумкасын арқасына салмай қолымен көтеріп жүрді. Спорт клубқа барғасын балалардың киіміне қарады да, «мен спорт киімін әкелмеппін. Жай қарап жүруіме болады ма?»,-деп сұрады. Ол клубты аралап жүргенде сумкасын ашып қарадым. Спорт киімдері, кроссовкасы да бар екен. Бірақ өте ескі. Балалардың үстіндегі киімдерді көргесін кигісі келмегенін білдім. Сәлден кейін:

– «Найзағай», үйге қайтатын уақытым болып қалды,- деді.

Баланың жанары жанып тұр. Осы спорт түріне ықыласы қатты ауып тұрғаны бал-бұл жанған жүзінен білінеді.

– Мені неге «Найзағай» дейсің?..- дедім.

-Аға, атыңызды білмеймін ғой…

Сонда ғана балаға атымды айтпағанымды, өзінің атын сұрамағанымды білдім.

– Менің атым Батыржан, сенің атың… – дегенде, маған «атым Асылбек, ағай сізді «Найзағай» дей берейінш»,- деді де, асығыс сумкасын арқасына сала беріп, ауырсынып сумканы жерге қоя салды. Асылбектің сырт киімін шешіп, қалыңдау көйлегінің етегін түріп арқасына көз жүгірттім. Арқасындағы білеудей-білеудей белбеу ізі мен қабырғалық тұсындағы көгерген жерді көріп, өзімді-өзім бірдеңе деуден әзер тежедім. Ол да ештеңе деместен төмен қарай берді.

Біз мінген автобус оның автобусқа мінетін аялдамасына тоқтады. Автобустан түскен соң:

– «Найзағай», автобус келсе өзім мінем ғой, – деп қипақтай берді. Шетке шығардым да «Саған арақ әкел деді ме?»,-деп сұрадым. Ол басын изеді. Сол кезде Асылбек мінетін автобус та келіп тоқтады. Мен автобусқа Асылбекпен бірге міндім.

Асылбек тұратын үш қабатты үйдің бірінші подъезі алдындағы орындыққа газет жайып арақ ішіп отырған екеуді көргенде Асылбек «анау арғы жағында отырған» деді. Мен Асылбекті подъезге кіргізіп жібермек болып алдыма салдым. Сол кезде біреуінің:

– Жетімек, арақ қайда? – деген сөзін естігенде қаным басыма шапшыды. Бірінші ұмтылғанын көкіректен ұрып, жалп еткіздім. Қолына белбеуін алып ұмтылғанын белбеудан шап беріп ұстадым да, қолын қайырып, тілерсектен бір теуіп, Асылбектің алдына тізерлетіп:

– Осыдан осы балаға қол көтерсең, қолыңды сындырам түсіндің бе? -деп қолын бұраңқырағанда «енді тимеймін, тимеймін» деп пұшайман болып зар жылады. Оған кекті көзін қадап тұрған баланы бір әйел келіп қолынан жұлқылап үйге қарай сүйрлей бастады. Сол кезде Асылбектің:

– «Найзағай»… Артыңда… – деген дауысын естіген мен тізерлеп отырған адамды желкесінен бір нұқыдым да, жалт қарағанымда сынған шөлмектің мойнынан ұстап үшкір сынықтарын маған сілтеген қолдан жалт бердім. Созылған қолдың шынтақ тұсынан ұстап өзінің екпінімен жамбасқа салып сілкіп қалғанымда қолындағы сынған шөлмек мойыны жерге түсті де, «ойбай» салған ол айналаны басына көтерді. Сөйтіп жатқанда әйелдер шулады. Бір-екі милиционер пайда болды. Әй-шәй жоқ дубинкаларын ала жүгірді. Сілтеген дубинкаларын тигізбедім. Қағып түсірдім. Қашқаным жоқ. Скорий де, милицияның машинасы да тез келді. Машинадан түскен екі сержант төртеуі маған ұмтылған кезде машинадан түскен офицер:

– Доғарыңдар, кәмелетке толмаған бала ғой. Сотталайын деп жүрсіңдер ме?,- дегесін басылды. Шабалаңдаған әйелге де «арызыңызды бізбен бірге ішке барып бересіз»,-деп бәрімізді осында алып келді. Келгесін де екі сержант қолыма кісен сала алмай ашуланып дубинка жұмсағысы келгенде кезекші майор араға түсті. Сонымен осында жатырмын, – деп аяқтады сөзін.

Батыржанның сөзін бөлмей, үнсіз тыңдаған апасы сумкасынан автоқалам алып берді де:

– Қазір ағаңнан ақ қағаз алып беремін. Осы айтқаныңның бәрін асықпай түсінікті етіп жазып, ертең тергеушіге бер. Қуантай ағайың мен Айгүл апайың сенің мәселеңмен кешеден бері айналысып жүр…

Апасының сөзін есіктің ашылған дыбысы бөлді. Шығып кеткен апасы қайта кірді. Қолында бірнеше парақ ақ қағаз, одеало бар.

– Кезекшіге өтініш айттым. Мына тапшанға жатып шығасың. Салқын болса мынау одеало, жамыласың. Уайымдама… -деп   шығып кетті.

***

Ертеңіне Қуантай мен Айгүл мектептегі мұғалімдер бөлмесінде кездесіп, мектеп директорына кешегі жағдайды баяндап, бүгін түске дейін босатуды сұрады. Директордың «бұл мәселені мектепке зияны тимейтіндей етіп шешіңдер» деген тапсырмасын алып, Шәкеннің баласының мектебіне бет алды.

Ол мектептен алтыншы класс оқушысы Мырзабаев Асылбек Маралұлы оқитын кластың жетекшісі Айнұр Әлімованы тауып алып, мән-жайды қысқаша түсіндіріп, Асылбек туралы сұрады.

– Асылбекке бесінші кластан бері класс жетекшімін. Сабағы орташа. Өзі тұйық. Кластастарымен тату. Мендегі құжаттарында әкесі қайтыс болған деп көрсетілген. Анасы бізде жалғызбасты аналар тізімінде. Өткенде балаларға всеобучтан киім бергенде анасы киім алудан бас тартты. Мектепке жиі болмағанмен соғып тұрады. Ата-аналр жиналысына қалмай қатысады. Былай, балаға карай алатын, әдепті жан, – деді Айнұр Әлімова.

– Кеше Асылбек сабақта болды ма, қай кезде қайтты?…

– Соңғы сабаққа дейін болған. Соңғы сабақта мен параллель класқа сабақ откізгенмін… Байқамадым… Қазір жанында отырған оқушыдан сұрайық…

Сәлден кейін қасына еріп келген қыз балаға:

– Мөлдір, жаңағы маған айтқандарыңды мына ағаңа айтып берші,-деді

Оқушы қыз:

– Асыл кеше қоңырау кезінде апайды іздеген. Таппады. Соңғы сабаққа қоңырау соғылып жатқанда сумкасын қолына алды да: «Мөлдір, ешкімге айтпа, мені бүгін Найзағай спорт клубқа апарамын деген. Кешігіп барамын»,-деді де жүгіріп кетті. Бүгін сабаққа келген жоқ…

– Найзағай деді ме?.. Біреудің атын атаған жоқ па?,-деген Қуантайдың сұрағына  оқушы қыз үндемей басын шайқады.

Қуантай класс жетекші апайдан ұлықсат сұрап мұғалімдер бөлмесінде тұрған телефоннан қоңырау шалып, қазір соғып алып кететінін айтты. Оқушы қыз бен мұғалімге ризашылығын білдірген бұлар сыртқа шыққан бойда уақыт алдырмау үшін қол көтеріп такси ұстады. Жолда күтіп тұрған фотографты алды, жеделдетіп барып кешегі үш қабатты үйдің №8 пәтерінің есігін қақты.

Есікті аққұба әдемі келіншек ашты.

– Шәкен үйде ме?

– Үйде жоқ. Дәргерге кеттім деп қағаз жазып кетіпті.

– Сіз қайда едіңіз?

– Анамның үйінен жаңа келдім… Жайшылық па … Сіздер кімсіздер?

– Айып етпесеңіз, үйге кіріп сөйлесейік. Асылбек те сізбен келді ме?..

Үйге кіруге жол беріп тұрған келіншек Асылбектің есімін есіткенде бірдеңе түсінгендей балалар бөлмесіне ұмтылды. Балалар бөлмесінен ұйқылы-ояу шығып келе жатқан бала бұларға таңдана қарады.

Асылбек болған жағдайды, «Найзағаймен» (Батыржанмен) қалай танысқанын, кешегі оқиғаны айтып, көйлегін көтеріп арқасын көрсетті. Анасы баласын бауырына басып жанарына келген жасты бұлардан тасалай берді.

Осы кезде неге келгені есіне түскендей фотограф баласы мен анасының құшақтасып отырғанын, баланың арқасындағы жарақатты суретке түсіріп алды.

Сыртқа шығып Асылбектің көрсетуімен оқиға болған жердегі орындықты. Шөлмектің сынықтарын суретке түсірді. Сынған шөлмектің үшкір сынықтары бар мойыны құрғақ арықтан табылды. Оны да суретке түсірді. Қуантай оны Асылбектің анасы әкелген пакетке қолының ұшымен ұстап салып алды. Сол жерде Асылбек құлап жатқан Шабардың жатқан жерінен тұрып, бос шөлмекті мойнынан ұстап алып, орындықтың темір аяғына ұрып сындырып «Найзағайға» ұмтылып жатқанын көріп айғайлағанын айтты. Қолымен көрсетіп тұрғандарын фотограф суретке түсіріп алды. Кешегі орындықта отырған екі азамат та суретке түсірілді.

Қуантай мен Айгүлдің айтқандарын тыңдап, фотограф шығарып берген суреттерді көрген капитан Ағыбаев қасындағы әріптесіне:

– Мына адрестегі Шәкен Көкенов пен Шабар Шойбаевты, арыз берген Шайпау Шойбаеваны дереу осында алып келіңіз. Күдіктімен беттестіру үшін жедел түрде шақырылып жатқанын түсіндіріңіз,-деп тапсырды.

Жанында тұрған телефон тұтқасын көтеріп:

– Кезекші, мен тергеуші Ағыбаев, уақытша ұсталған Батыржан Байболовты жеткізіңіз,-деді.

Кезекші Батыржанды әкеліп, тергеуші қағаздарды реттей бастағанда есік қағылып, ішке бас сұққан Базаркүл апасы кіруге рұқсат сұрады. «Кіре беріңіз»,-деген сөзді есіткен Базаркүл апасымен бірге кірген жас келіншекті Батыржан жазбай таныды. Анасын қорғаған адвокат болатын.

Ол кісі тергеушіге жақындап, куәлігін көрсетіп:

-Адвокат Әлия Айбаровамын, мынау Базаркүл Байболовнаны Батыржан Байболовқа қамқоршы етіп тағайындалған өкім,-деп бір парақ қағаз ұсынды.

Куәлікке, әлгі қағазға сәл көз жүгірткен тергеуші «отырыңыздар» деп жанындағы орындықты нұсқады да, Қуантай мен Айгүлге:

– Онда сіздер боссыздар,-деді. Олар шығып кеткенен кейін адвокат:

– Мынау Батыржанның жазғаны,- деп екі парақ қағазды ұсынып, мына құжаттармен танысуыма бола ма, – деп тергеушінің алдындағы құжаттарды көрсетті. Ол құжаттардан адвокаттың хабары бар екенін аңғарған тергеуші басын изеп құжаттарды адвокатқа ұсынды. Өзі Батыржанның жазғанын оқи бастады.

Есікті қаққан әріптесі жәбірленушілер мен арыз берушінің келіп отырғанынан хабардар етті. Тергеуші «арыз беруші Шайпау Шойбекованы шақырды.

Тергеуші қатысып отырғандарды таныстырып:

– Мына күдіктіні танисыз ба?…

Шойбекова:

– Танымаймын, кеше бірінші рет көрдім.

Тергеуші:

– Батыржан Байболов, мына кісіні танисыз ба?

Байболов:

– Танымаймын. Кеше бірінші рет көрдім.

Тергеуші:

– Шойбекова, кеше күдіктіні қандай жағдайда көрдіңіз?

Шойбекова:

– Төбелесіп әкесіндей адамдардың біреуінің басын жарып, біреуінің қолын сындырғанда…

Тергеуші:

– Байболов, мыны кісіні кеше қандай жағдайда көрдіңіз?

Байболов:

-Милиция машинасына мініп жатқанда. Милицияға бір машинада келдік.

Тергеуші:

-Шойбекова, арыздағы жазғандарыңызды қуаттайсыз ғой. Қосымша айтарыңыз бар ма?

-Қуаттаймын. Мына анықтамаларды тапсырайын деп едім.

Сумкасынан үш парақ қағаз алып ұсынды. Қағазға көз жүгіртіп жанына қойған тергеуші толтырылған хаттамаға қол қойдырды да Шабар Шойбековты шақырды.

Қатысып отырғандарды таныстырған соң,

Тергеуші:

– Шабар Шойбеков, мына күдіктіні бұрын танитын ба едіңіз?

Шойбеков:

-Жоқ.Таныс емеспін.

Тергеуші:

-Күдікті Батыржан Байболов, мына кісімен бұрын кездесіп пе едіңіз?…

Байболов:

-Жоқ.Кеше бірінші рет көруім.

Тергеуші:

-Шойбеков болған жайды айтып беріңізші…

Шойбеков төмен қарап отырып кешегі Қуантай мен Айгүлге айтқандарын қайталап айтып берді.

Тергеуші:

-Ол жерде үшеуіңізден басқа адам болған жоқ па?

-Шойбеков:

– Жоқ, болған жоқ,-деді күмілжіп

Тергеуші:

-Байболов, болған жайды айтып беріңізші

Байболов:

-Бұл кісі бәрін өтірік айтып отыр… Қағазға түсіргендерін айтып беріп… Ол жерде мені алып барған Асылбек деген бала болды. Асылбекті алып кеткен әйел де болды. Бұл кісі бізді ажыратқысы келген жоқ. Керісінше сындырылған шөлмекпен мені ұрғысы келді. Мен қорғандым… Қолын сындырайын дегенім жоқ…

Тергеуші:

-Шойбеков, бұған не дейсіз?… Арақ ішіп отыр ма едіңіздер?

Шойбеков жауап бермеді.

Тергеуші:

-Жаңа сіздің жұбайыңыз ұсынған анықтамада «Сіздің қолыңыз сынған»делінген. Үш күнге еңбекке жарамсыздығы туралы берілген бюллетеньнің көшірмесі бар. Оған емхананың дәрігері бүгін қол қойған. Ал, біздің қолымызда аудандық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары кеше қол қойған анықтамада сіздің қолыңыздың сынбағаны, шығып кеткені және оқиға болған уақытта орта дәрежелі алкоголдік ішімдік ішкеніңіз туралы айтылған. Қолыңызды мүмкін бүгін сындырып алған шығарсыз?

Шойбеков:

-Осы қатын мені құртатын шығар… Басын қос қолдап ұстап жауап бермей отырып қалды.

Тергеуші хаттамаға қол қойдырып:

-Шойбеков, сыртта күте тұрыңыз. Кетіп қалмаңыз. Көкенов кірсін,-деді.

Көкеновке де қатысып отырғандар таныстырылды.

Тергеуші:

– Шәкен Көкенов, мына күдіктіні бұрын танитын ба едіңіз?

Көкенов:

-Жоқ.Таныс емеспін.

Тергеуші:

-Күдікті Батыржан Байболов, мына кісімен бұрын кездесіп пе едіңіз?…

Байболов:

-Жоқ. Кеше бірінші рет көруім.

Тергеуші:

-Көкенов, болған жайды айтып беріңізші…

Көкенов кешегі Қуантай мен Айгүлге айтқандарын қайталап айтып берді.

Тергеуші:

-Ол жерде үшеуіңізден басқа адам болған жоқ па?

Көкенов:

– Жоқ, болған жоқ.

Тергеуші:

-Байболов, болған жайды айтып беріңізші

Байболов:

– Бұл кісі  де шындықты айтып отырған жоқ… Қағазға түсіргендерін айтып беріп… Ол жерде мені алып барған Асылбек деген бала болды. Асылбекті алып кеткен әйел де болды. Бұл кісі «Жетімек» деп Асылбекті ұрғысы келіп белбеу ала ұмтылды. Сол сөзге қатты ашуландым. Бірақ бұл кісіні ұрғаным жоқ. Қолын қайырып, Асылбектің аяғына жығылдырдым. Бар болғаны «Асылбекке енді тисең, қолыңды сындырамын «дедім. Асылбек «…Артыңда…,»-деген кезде ғана желкесінен бір түйдім. Бұл кісіге басқа соққы жасағаным жоқ.

Тергеуші:

– Көкенов, бұған не дейсіз?… Арақ ішіп отыр ма едіңіздер?

Көкенов:

-Иә, шамалап ішіп отырғанбыз. Балаға арақ алып келуді тапсырғанмын. Оның дұрыс емес екенін білемін. Айыптымын. Баладан сол арақты сұрадым. Дұрыс жауап бермегесін ашуланып белбеу алып ұмтылғаным рас. Тек қорқытайын дедім…

Тергеуші:

-Жаңа үшеумізден басқа адам жоқ деп Асылбектің болғанын неге жасырдыңыз?

Көкенов:

-Оқушы баланы араққа жұмсағанымды білдірмес үшін ол баланы араластырғым келмеген

Тергеуші:

-Жаңа Шойбаева ұсынған анықтамада «Сіздің басыңыз жарылған, миыңыз шайқалған»делінген. Оған емхананың дәрігері бүгін қол қойған. Ал, біздің қолымызда аудандық аурухананың бас дәрігерініің орынбасары кеше қол қойған анықтамада сіздің басыңызда ондай жарақат белгісі жоқ екені және оқиға болған уақытта орта дәрежелі алкоголдік ішімдік ішкеніңіз туралы айтылған.

Көкенов:

-Мен ешкімге жалған анықтама бер деп те, ал деп те өтініш айтқан емеспін. Ал ішкенімізді мойындап отырмын.

Тергеуші:

-Жаңа Сізге Байболов ауыр айып тағып отыр. Мына суреттегі адамдар сізге таныс па? Асылбектің анасымен түскен суретін, Асылбектің арқасындағы жарақаты бейнеленген фотосуретті қолына берді.

Көкенов:

-Менің әйелім мен өгей баламның суреті. Асылбек тумаған балаңыз болғасын жәбірледі демекшісіз бе?… Мені ұрған адам өзін арашалау үшін не демейді. Ол жарақатты менің салғаным дәлелдену керек шығар.

Тергеуші:

-Байболов, қосымша айтарыңыз бар ма?..

Орнынан тұрған адвокат:

-Көкеновтің, Шойбеков, Шойбековалардың үстінен іс қозғауыңызды сұраймын.

Тергеуші:

-Кешіріңіз. Оны ертең сотта айтасыз. Мен әзірше түскен арыз бойынша жұмыс істеп отырмын.

Хаттамаға қол қойғызды.

-Байболов, Сізді бұдан әрі ұстай алмаймыз. Тергеу аяқталғанша қорғаншыңыз Базаркүл Байболовнаның жауапкершілігінде боласыз. Сыртта күте тұрыңыз. Көкенов, Сіздер де сыртта тұра тұрыңыздар. Қажетті құжаттарға қол қоясыздар.

Олар шығып кеткеннен кейін тергеуші:

– Айнұр, Базаркүл, Сіздермен ақылдасып мен бұл істі ары қарай созғым келмей отыр. Іс созылса, Батыржанға ауыр тиері сөзсіз. Мектебі бар, спорты бар. Олар да адвокат жалдайды .Шойбаевтың «Мені ұрған адам өзін арашалау үшін не демейді. Ол жарақатты менің салғаным дәлелдену керек шығар»,- дегенін есіттіңіздер.Ертең іс қандай соттың қолына түседі. Сезіп тұрмын қазір Шәкеннен басқасы өкініп отыр. Шәкен де сыр бермегенімен үрейленуде. Менің тәжірибем бойынша қазір сіздер шыққаннан кейін Шабдар мен әйелі маған өтініш айтуы мүмкін. Соны пайдаланып арыздарын қайтарып алатындай жағдай жасаймын. Ал, Шәкенді есебін тауып жазасыз қалдырмаймын. Я, болмаса қаладан мүлдем кетуге мәжбүрлеймін. Батыржанның қызбалық жасағаны ғой. Үлкендермен ақылдасатын бала ғой… Меніңше осы дұрыс сияқты.

Базаркүл бірден мақұлдап, Айнұрға қарады. Ол да келісетінін білдірді.

Базаркүл мен Айнұр шығып кеткесін сәлден кейін есікті қағып ұлықсат сұрап Шәйпау Шойбекова кірді.

– Жолдас тергеуші, бала босап кетті ме? Енді не болады?

– Іс бүгін басталды, әлі тергеледі. Сіздердің де кінәларыңыз жоқ емес, өтірік жауап беру, жалған құжат бергендер де жауап береді. Адвокат Сіздердің үстеріңізден де іс қозғауды талап етіп отыр. Шындық нәрсе шығады ғой… Сот шешеді.

– Інім, сотқа жеткізбей-ақ қоюға болмай ма?… Былай не қылып…

– Сіз не пара ұсынғыңыз келіп отыр ма?

– Құдай сақтасын… Дәрігерлер жарақаттары жеңіл деп отыр ғой, балаға кешірім берсек дегенім ғой.

– Сіз не, тергеуді ойыншық көріп отырсыздар ма? Сіздер кешірім берерсіздер. Шәкен не дейді? Баланың адвокаты оның үстінен де іс қозға деп отыр, іс қозғалып кетуі де мүмкін… Баланың өзін қорғағаны онсыз да дәлелденіп тұр…

– Інім, ол екеуін де мен мойныма алайын… Біз осы арызымызды қайтып алсақ қайтеді.

– Мен сіздің ініңіз емеспін, тергеушімін. Мен Сізге арыздарыңызды қайтып ал дегенім жоқ. Өздеріңіз арыздарыңызды қайтып алғыларыңыз келсе, себебін айтып жеке-жеке өтініш арыз беріңіздер. Басшыларға жеткізіп көрейін.

Арыздарын әкелген Шабдар, Шәйпау Шойбаевтар қайта-қайта кешірім сұрап, алдын ала рақметін айтып, бұдан былай жалған сөйлемеуге уәде беріп, ризашылықтарын білдіріп кетті.

Шәкен арызын беріп тұрып:

-Жолдас тергеуші, адвокат қайта қозғап жүрмей ме?,- деп сұрады.   

– Ол да мүмкін. Ол мәселе саған байланысты. Мен қысқартқанмен іс қайта қозғалса, қылмыскерге айналып кетуің әбден мүмкін. Неге екенін өзің түсініп отырсың деп ойлаймын. Дұрысы, әйелің мен балаңнан кешірім сұрап, бұл қаладан мүлдем кеткенің дұрыс. Істеп жүрген ісіңді доғармасаң, түбінде заң жүзінде жазаланасың, я болмаса Батыржандардың қолынан мерт боласың, – деп оқиға орнынан түсірілген суреттерді хатталған істен алып қолына ұстатты да, қайтып алып басқа тартпаға салып, өзіне-өзі сөйлегендей «бұл суреттердің енді қолға алынбағаны дұрыс» деді.

Басы салбырап есікке беттеген Шәкен бұл сөзді анық есітті де жылдам басып шығып кетті.

***

Іс жәбірленушілердің арызды қайтып алуына байланысты қысқартылды. Асылбек анасымен екеуі Базаркүл апасының үйіне келіп Шәкеннің үйлерінен кеткенін, кетерінде істеген ісіне өкініп кешірім сұрағанын айтты. Батыржанға ризашылық ниетін білдірді. Асылбек спорт клубқа барып жүр. Ал, Батыржан оқу жылы аяқталысымен Шымкент қаласында жастар құрамасы сапында оқу-жаттығу лагерінде болып оншақты күнге үйге келген болатын.

Ертеңіне бөлмесіне келген Базаркүл апасы біреуі ашылған, біреуі ашылмаған екі конвертті ұсынып, басынан сипады да бөлмеден шығып кетті.

Бірінші ашылған конверттің сыртына қарады. Анасының Базаркүл апасына жазған хаты екен. Апасының өзіне келген хатты неге бергенін түсінбеді.

Екінші конверт анасының өзіне жазған хаты екен. Ашып оқи бастады.

«Жан балам, жалғызым, амансың ба?!… Анаңа хатты сирек жазасың. Төрт жылда төрт хат қана жазыпсың. Онда да қысқа ғана. Оған да шүкіршілік қыламын. Аман жүргеніңе қуанамын. Жұмыс… Жұмыс деп жүріп аналық мейрімімді төге алмадым ба? Жаныңды түсінбедім бе? Әлде, әлгі Қайрат деген қаныпезерді жаныма жолатқанымды кешіре алмай жүр ма екенсің… Оны қазір саған айтқаныммен түсіне алар ма екенсің… Үлкен адамдардың да осал жері, жаңылысар сәті болатынын ұға алармысың. Өмірдің өкінішті сәттері өзегіңді өртегенде қармайтын тал іздейді екен жаны бар адам. Ол қаныпезер сондай сәтте тап болды-ау, балам. Өзімді кінәламасам, кімді кінәлармын. Соқыр сезім сенің сәби жаныңды жаралап жүргенімді де ұқтырмапты-ау. Әкесіз өскендікі ме, сен де онан мені қызғана қоймадың. Әлде маған сездіргің келмеді ме?… Маған төнген қатерді сезіп жұдырықтай жүрегің жараланып жатса да, жаныңа таяқ батса да, кеудеңді ыза кернеп жатса да, мен үшін соншама шыдамдылық жасағаның қазір есіме түссе, жанымды қоярға жер таппаймын, жаным балам.

Балам, сенен хат келген сайын бір парақтағы жеті-сегіз сөзді оқыған сайын сол жазулар парлаған жастан бұлдырап тұрады. Түсінем, жаным балам. Сен есіңе алып жазатындай мен ештеңе жасамаппын. Ана-бала болып сөйлеспеппіз де ғой. Солай сөйлессек, мүмкін әкең туралы сұрар ма едің… Ойланып отырсам еш уақытта бала болып ештеңе сұрамапсың. Бала болып анау керек, мынау керек деп жыламапсың да ғой. Есіңді біле бастағанда кей сәтте өмірден баз кешіп иегім иегіме тимей кемсеңдеп, жанарымнан парлаған жасты сүртпестен бір нүктеге қарап үнсіз егіліп отырғанымда жаныма келіп, кішкентай алақаныңмен бетімді сипап бірдені түсіңгің келгендей көздерің мөлдіреп, көз жасың мөлтілдеп қарайтынсың. Мүмкін менің сол бір мұңды сәтім сәби жүрегіңде, күнәсіз бала көңіліңнің түкпірінде аяныш болып сақталып қалды ма екен… Әйтеуір менің жаныма тиетін сұрақ бермейтінсің. Ештеңені талап етпейтін едің. Мен алып берген киімді кимеймін, мен жасаған қандай тағам болсын жемеймін деп айтқан емессің… Сол әдетің шығар өзің жайлы да аз жазып, менің мұндағы жағдайым туралы мүлде сұрамайсың…

Менің жағдайым жаман емес, жаным балам. Бүгін екі бірдей қуаныштан жылап алдым. Иә, балам, бұл соңғы кездердегі қуаныштан шыққан көз жасым шығар. Алғашқысы – Базаркүл апаң жазған хаттағы өзің туралы апаңның қуанышпен жеткізген хабары. Оқу жылын жақсы аяқтапсың. Жастардың ұлттық құрамына алынып, Шымкентте жаттығуда жүр екенсің. Әсіресе, азаматтық жасап өзіңнің тағдырыңды қайталамақ болған Асылбекті арашалап қалғаның жанымды жадыратып, аналық жүрегімді шымырлатты. Мен де қылмыскер атанғаныма өкінбеймін. Торғай да баласын қорғап құзғынға жем болуға ұрынады емес пе. Жаным балам, сен болмағанда бір күні Асылбектің анасы да менің күйімді кешер ма еді…

Екінші қуанышым кеше жазаны жеңілдету соты қатаң режимнен босатты. Қалған үш жылды түрмеде емес зонадағы құрлыс алаңындағы жатақханада өтеуге шешім шығарды. Құрылыста мамандығым бойынша жұмыс істейтін болдым. Жүріс-тұрысымыз да еркіндеу сияқты. Төрт жылын темір торда өткізген жанға бұдан артық жеңілдік тек бостандық шығар. 

Жаным балам, Асылбекке араша түскен қасиетің әкеңе тартқандық болар… Иә, әкеңе… Дүниеге әкесіз бала келмейтінін білесің ғой, балам… Әкең қарамағындағы адамдарды құтқарамын деп қайтыс болған. Мүмкін аман-есен кездессек айтармын деп жүргенмін. Сенің мына әкеңе тартқан қылығыңды есіткенде ішіме сыймай отыр. Мына, күнәһар анаңды кешірерсің…

Әкеңнің аты – Ақтілек. Кеше маған сот болғанша бірге болған Ақілгек апаң – әкеңнің туған қарындасы. Әжең сен дүниеге келмей тұрғанда қайтыс болыпты. Ол кісі немересі ер бала болса Батыржан деп ат қоюды армандаған екен. Бірақ немерелерінің екеуі де қыз бала болыпты. Базаркүл апаңның айтуынша, өмірге көзқарасың да, түсінігің де қалыптасқан сияқты. Тағы да кешірім сұрай отырып, мені жек көріп кетпессің деймін. Өйткені осы кезге дейін жанымның жарасы болып жүрген шындықты айтпақпын. Қарлығаш деген үлкен анаң, екі әпкең бар екенін айтпақпын. Түсінерсің. Біздің бар екенімізді олар да жақында біліпті. Ақілгек жазған хаттан білдім…

Жаным балам, ары қарай тыңдау саған да ауыр болар, айту маған да оңай болмай отыр. Сенің ғана емес Базаркүл апаңның алдында да өзімді кінәлі санаймын. Кешірім сұраймын. Қалған жайды Базаркүл апаң қажет деп тауып өзіңе берсе, екінші хаттан оқырсың, жаным. Ол сөздерді мына хатқа жаза алмас едім…

Жаным балам, денің сау болсын. Талабың оң болсын. Жүздескенше аман-есен болайық. Анаңды түсінуге тырысқайсың.

Маңдайыңнан сүйіп, бауырыма бастым, Өзіңді бір көруді аңсап жүрген анаң: Аружан».

Батыржан хатты оқи отырып қатты толқыды. Бұрын анасы бұлай жазбай ма, жоқ бұл аңғармай ма бұлайша толқымайтын. Есейгені ме екен.

Екінші хатты қолына алып біраз отырды. Жаймен ашылған конверттегі жазуы бар парақтарды қолына алды.

Ақ парақтағы жазу «БАЗАНАЙЫМ» деп !!! қойылған сөзбен басталыпты.

Бұл сөзді он бес жылдан кейін тар қапаста отырып аузыма аламын деп ойлаппын ба?!..

Асығатын не бар, бәрін басынан бастайын. Апыл-тапыл басып жүріп сенің атыңа тілім келмей «Бәзай» деппін. Менің тілімді қызық көргендер қайта-қайта айтқызғандықтан ба әке-шешеміз де сені «Бәзай» деп кетті. Есейіп өзіңнің қамқорлығыңды көре бастағанда еркелеп Базан айым деп атайтын болдым. Сен менен не бары төрт жас үлкендігің болса да ерте қайтыс болған анамды іздетпедің. Сал болып жатқан әкем мен мені қимай үздік аттестатпен бітірсең де жоғарғы оқуға кетпедің. Әкем сендерді оқыта алмадым деп қамыққасын қаладағы ауылшаруашылығы техникумын қызыл дипломмен бітіріп, есепші деген мамандық алдың. Екеумізге берілетін жәрдемақы, әкеміздің мүгедектік жәрдемімен күнелттік. Бірінші май мерекесіне киесің деп қыздардың бәрі киіп жүрген ақ кофта, қара юбка алып берген ақшаны техникумның студент балаларымен бірге вагоннан жем түсіріп тапқаныңды кейін білдім ғой. Техникумды бітіріп Ғ.Мұратбаев колхозына есепші болып орналастың.

Мен мектеп бітіретін жылы осы жездеміз сені алып қашты. Дұрысы жездеміз емес жолдастары сені алдап апарып берген ғой. Апарған жігіттердің біреуінің мұрнын бұзып, біреуінің бетін көгертіп қырғын салып жатқанда жігіттің анасы ақ шашын жайып табалдырыққа жатып алғасын аттап кете алмапсың. Сол кезде баланың әкесін ертіп бір кісі үйге әкемізден кешірім сұрауға келді. Төсекте жатқан әкемнің аяғын құшақтай жығылған үлкен кісінің көзінің жасы сақалын жуып тұрды. «Егер қызыңыз қалмаса, жалғыз бала сотталатын көрінеді. Кешірім бере көріңіз» деп жылағанда сол арада тұрғандардың бәрінің көңілі босады. Әкем маған қағаз-қалам алдырып жаз деді.

«Балам, Базаркүл, бидайдың барар жері диірмен деген. Бұл да тағдырдың жазғаны шығар. Түбі жатжұрттық баласың ғой. Үлкен кісілердің ықыласын аттап, көз жасына қалма. Бақытты болыңдар. Батамды беріп, кешірім жасадым»,- деді. Менің кібіртіктеп отырғанымды көріп ала көзімен атты да «Жаз… Сосын мына кісілермен еріп барып апаңа қағазды өзіңнің қолыңмен тапсыр» деді. Бұны несіне айтып отыр деме. Сонда мені құшақтап тұрып «Тағдыр-ай, тағдыр, мені неге мұнша нашар жан етіп жараттың. Ең болмаса сені оқытып арманыма жетем ба»,-деп едім деп мені құшақтап жылағаныңды қалай ұмыттым екен деп отырғаным ғой.

Мектеп бітірген бойына сен мені жоғарғы оқу орнына алып бармақ болдың. Әкеміз мені шақырып алып:

– Балам, біреудің адамы ғой, Базаркүлге салмақ салмайық. Мен олардың қолына барып тұра алмаймын. Осы жердегі теміржол училищесіне түсіп оқы. Бізге дегендей киімі, тамағы бар. Стипендия да беретін көрінеді. Маған райсобестен бөлінген апаң қарайды ғой…- деді.

Училищені бітіріп жолдамамен осындағы Темір-бетон зауытына кран жүргізушісі болып орналастым.

Жұмысқа барған алғашқы күні-ақ прораб Ақтілекті көрдім де жарық көрген көбелектің күнін кештім. Нанарсың, нанбассың, көрмесем тұра алмайтын болдым. Менен біраз жас үлкен. Әйелі, екі қызы бар екенін білсем де өз сезімімді тия алмады. Көңілімді өзім білдірдім. Ол кісі менен қашқақтай бастады. Училищеде бірге оқыған Ақілгектің ағасы екенін біліп алып, Ақілгекті сылтау қылып ол үйге жиі баратын болдым. Бірде есебін тауып төсектес болдым. Ол «Аружан, бір қателік болды. Енді доғарайық дегенде, «семьяңа айтамын, профсозға арыз беремін»- деп қорқыттым. Балалығым ба, көзсіз махаббат па, оны отбасынан айырайын деген ой болған жоқ. Тіптен жұрттан жасырынып кездесу, сол кездесуден ләззат алу мен үшін ең бір бақытты шағым болатын .Сондай бақытты шағымның белгісі осы Батыржан болды ғой.

Ақтілек үш айдай Ресейге іссапарға кетті. Көңілім қобалжып далада қалғандай құлазып жүрдім. Бір күні биіктікке көтеріле бергенде басым айналды. Жерге түсісімен лоқсып сыртқа жүгірдім. Бұны көрген зауыт дәрігері қан қысымымды өлшеп жұмысқа қоспайтынын айтты. Гинеколог дәрігерге қөрінуің керек деді. Сонда ғана болған істің байыбына бардым. Басшылар мені қоймашыға көмекші етіп жіберді. Іссапардан оралған ол мені түскі үзілістің кезінде қоймадан іздеп тапты. Болған жайды есіткеннен кейін мешітке алып барып некемізді қиғызып, мешіттің мөрі басылған бір парақ қағазды менің қолыма ұстатты. Ол менің өзім ғана білетін жерде сақтаулы.

Сол жайды кімнен есіткеніңді білмеймін кешкісін түтігіп үйге келдің. Мен Базанайым деп ұмтылып едім, кеудемнен итеріп:

– Мына сорақыны әкеңнің көрмей кеткені қандай жақсы болған. Біреудің бақытын ұрлап, бақытты боламын дедің ба… Мен сенен мұндайды күтпеп едім. Екіқабат болсам семьясын тастап, алады деп ойладың ба… Енді не бетіңмен Байболдың қызымын деп айтасың… Әкең мен шешең осындай тәрбие бері пе еді… Ана шаранаңды асырай алмаймын деп алдырып тастап күнәһар болма, асырай алмайтындай болсаң, маған апарып таста. Сенің қателігің мен күнәңді бейкүнә шарана көтермеу керек. Енді мен бұл үйге келмеймін. Сен де мені іздеме,-деп есікті тарс жапқаның есіңде шығар. Ең болмаса бір ауыз сөзімді тыңдамады-ау деп қорындым.

Көп ұзамай зауытқа жылу беретін үлкен пеш жарылып, жұмысшыларды шығарып үлгірген бригадир екеуін құлаған үйіндінің астынан тапты ғой. Құтқарылған жандар өздері шығып болғанша екеуінің бұлардың шығар жолын жанталаса тазалағанын, ақырында өздері шыға алмай қалғанын айтып жылағандары әлі есімде.Талай қиын күндер өтті ғой. Оны басынан өткен жандар ғана түсінетін шығар. Саған қатты налушы едім. Қиналған кезде жанымда тек Ақілгек қана болған еді. Сөйтсем үнемі Ақілгектің менің жанымда болуы, мен үшін жұмсаған ақшалары, сыйлаған сыйлықтары, қай жерде болмасын мен қиналғанда маған көрсетілетін қамқорлықтардың бәрі сенің арқаң, ықпалың екен ғой. Осылардың бәрін Ақілгек жазған хаттардан оқып, көзімнің жасын тыя алмадым. Осында келгенен кейін ішімдегі бар шерімді ақтарып жазған хатымды Ақілгек жеңгесіне оқып беріпті. Батыржанның бар екенін есіткенде олардың Батыржанды көргісі келетінін айтыпты. Ол енді сені мен Батыржанға байланысты ғой. Шет жағасын балама өзім де сездірдім. Батыржанның алдында әкесінің ешқандай кінәсі жоқ. Мен айта алмаған сөзді Батыржанға өзің айтып түсіндірерсің деп сенемін.

Ақымақ болған сіңліңнің күнәсін кешірерсің. Балалық дейсің бе, көзсіз махаббат дейсің бе, ақымақтық дейсің бе…

Әйтеуір, бұл іске пайда табу үшін немесе біреудің бақытын ұрлау үшін бармағаныма Ақтілектей абзал жанды құлай сүйген пәк жаным, адал махаббатым куә, ақ ниетім бір Аллаға аян…

Кешір… Тағы а кешір… Қымбаттым, қамқоршым Базанайым… Жан, АПАМ.

Алла аман-есен жолықтырғай. 

«Бәзайлап» ізіңе ерген ерке Аружаның».

***

Күздің күні шақырайғанмен, өкпек желінен салқындық сезіледі. Бүгін түске дейін алабұртып тұрған күзгі аспанды жазасын өтеушілер жұмысқа шыға бастағанда, қара бұлт торлай бастады. Түскі асын ішіп сыртқа беттеген Аружанға жатақхана кезекшісі жаңа келген хатты ұсынды. Хаттың Батыржаннан екенін көргенде жүрегі дүрсілдеп кетті. Бар жағдайды айтып хат жолдағалы хаты кешіккенге көңілі қобалжып жүрген. Шыға берістегі сағатқа көзі түсіп, сыртқа асығып шығып, хатты төсқалтасына сала салып жұмыс орнына беттей бергенде: «Дабыл… Дабыл… Ауа райының бұзылуына байланысты жатақханаға оралыңыздар. Дауыл қаупі бар…» деген дауысты есіткендер жұмыс орнын тастап жатаққанаға оралды. Аружан да екінші қабаттағы өзінің бөлмесіне келгенде күркіреген дауыс пен жарқ еткен найзағай аспанды торлаған қара бұлтты қақ жарған. Діңгектері жуан ағаштардың бұтақтарының өзі жерге иіліп, нөсер жаңбыр бір сәтте төпелей жөнелді.

Аружан терезеге қараған қалпы селдеткен жауыннан көз алмады. Жауын тамшылары терезені тарсылдата бастады. Осылайша ширек сағат төпелеген нөсер екпінін баса бастады да найзағай қайта ойнады. Жарқылдаған найзағайдан ба, әлде нөсерлеткен жауын қою қара бұлтты сейілтіп кетті ме аспан ашылып, зеңгір көк Аружанның көзін арбады. Жұмыс орны телегей су. Шаң басып жатқан құрылыс заттары жалтырап жатыр. Терезелердің де сыртқы кірі тазаланыпты.

Осыларды көрген Аружан өзін қоршаған заттардың ғана емес көңіліндег  мұңнан да тазарғандай әсерде жүрегінің тұсындағы қалтасына жаңа асығыс салған хатты аса еппен алып, түрегеліп тұрған қалпында оқуға кірісті.

Хат «… Аяулы менің анашым»,- деп басталыпты…

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Әйтеке  би кенті

Коллажды жасаған Айнұр ҚҰРМАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: