Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты салтанатты іс-шара өтті

07.05.2026, 12:01 33

Бүгін Қызылорда қаласындағы Өнер орталығында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне және 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған «Айбыны асқақ, айбары мықты азат ел» атты мерекелік шара өтті.

Салтанатты жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ғылым саласының қызметкерлері қатысты.

Мерекелік шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов ардагерлерді, әскери қызметшілерді және құқық қорғау саласының өкілдерін айтулы мерекемен құттықтап, ел тыныштығы мен мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет етіп жүрген азаматтардың еңбегіне жоғары баға берді.

«Баршаңызды Отан қорғаушылар күнімен және Ұлы Жеңіс мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақ – даңқты тарихын ат тұяғымен жазған халық. Біз ұлан-ғайыр жерін жауға бастырмаған батыр елдің ұрпағымыз. Алапат соғыста жеңіске жеткен қаһарман ерлердің ізбасарымыз. Қазір еліміздің күштік құрылымдары Қазақстанның қауіпсіздігін қас қақпай күзетіп тұр. Отанымыздың іргесі берік болуын қамтамасыз ету – әр азаматтың перзенттік парызы», – деген болатын.

Бүгінде Тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштері ерлік пен батылдықтың озық үлгісін көрсетіп келеді. Әскери қызметшілеріміз БҰҰ аясындағы түрлі бітімгерлік операцияларға қатысып, кәсіби даярлығы мен жауынгерлік машығының жоғары екенін дәлелдеуде. Сонымен қатар әскерилерді, құқық қорғау және азаматтық қорғаныс органдарының қызметкерлерін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдауға ерекше көңіл бөлінуде.

Жалпыұлттық бірлік пен саяси тұрақтылықтың арқасында еліміз бейбіт дамып, мемлекеттің қауіпсіздігі нығая түсуде. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанды құру жолындағы барлық бастамаларымыз сәтті жүзеге аса берсін. Еліміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай», деді Данияр Еренғалиұлы.

Сондай-ақ мерекелік шарада Сыр өңіріне арнайы келген ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев құттықтау сөз сөйледі.

Жиын барысында Отан алдындағы борышын адал атқарып, кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп жүрген бірқатар әскери қызметші марапатталды.

Салтанатты шара тыл ардагерлеріне гүл шоқтарын тарту ету рәсімімен және мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: