Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі тәрбиенің бастауы не?

17.06.2021, 9:30 1018

Қазақта «Әке тұрып ұл сөйлегеннен, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген әдемі тәлім-талаптары бар нақылдың айтылуы тегін емес. Бұл – тәрбие мен білімді, өнегені беретін айрықша мақал.

Қазақ халқы қашанда бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Әсіресе, қазақ отбасылары ұлы мен қызының өсіп-жетілуін аса қатты бақылаған. Десе де, қызға қарағанда, ұл баланы қадірлі санап, тәрбиесіне артық көңіл бөлген. Ұл десе, «ұрпақ жалғасады, отбасының тірегі болады» деп ниеттенетін халықтардың біріміз. Ұлдың жүріс-тұрысына әкесі жауапкершілікпен қараған. Ұлды бала кезінен болашақ әке, елін қорғайтын ер, қиындықтан қорықпай, намысын қайраған азамат болсын деп үйреткен. Әділдік пен қайсарлыққа, білімге әрі өнерге жетелеген. Ел басына күн туғанда тайсалмайтын ержүрек батырлар мен қаптаған жауын бір-ақ ауыз сөзбен қайтарар сөзуар шешендерді үлгі еткен. Жалпы, қазақ елінде үлкенді құрметтей біліп, кішіге ізет көрсету адамгершіліктің айнасы болып саналады.

Қыз балаға келер болсақ, «қызға қырық үйден тыйым» деп жұрт бекер айтпаса керек. Әуел бастан, қыз тәлімін анасы қолға алып, түзге емес, үй шаруасына икемді қылып өсірген. Нәзікжанды болғандықтан табиғатына сай мейірімді, сыпайы, әр ісіне ұқыпты болуын қадағалаған. Аяулы қыздарымыздың етек-женін жиып, ұзынынан көйлек пен белдемше кигізіп қалыптастырған. Сонымен бірге, қазақ аруын еркін ұстаған. Еш нәрседен мұқтаж қылмай, көңілі қалағанша үкілеп, еркелетіп жеткізген. Өйткені, қыз – жат жұрттық, ата-ананың жанында мәңгі емес деген өмірдің заңдылығына түсіне де, көне де қараймыз.

Әйтсе де, ұл мен қыздың бағыт-бағдары отбасындағы адамдарға байланысты. Әсіресе, ата-анасына тікелей қатысты. Баланың да дұрыс мінезбен дағдыланғаны әке-шешесіне үлкен маңызын тигізеді. Балаларының оғаш іс-әрекеттері, жөнсіз сөйлегендерінің барлығы әкесі мен анасына сын болып келері хақ.

Заман ағымына қарай бүгінгі берілетін тәрбие әр отбасында әрқалай. Себебі, техника дамыған кезең мен Еуропа стиліне еліктейтін заман болып келеді. Ащы болса да шындық, қазіргі жастар ата-апаның айтқанымен емес, ұялы телефон мен әлеуметтік желіден көргендері арқылы тәрбиеленуде. Шынтуайтына келгенде, жақсы мен жаман жағы қатарласқан интернет құрылымы біздің қазақтың менталитетіне мүлде бейтаныс. Бірақ, ғасырымыз осылай жалғасуда. «Ел ішінің бәрі бірдей емес» дегендей, көпшілігіне де ұқсас қарай алмаймыз. Ескінің көзін көріп, сөзін естіген отбасылар перзенттерін жөнді жүруге баулитыны анық. Дегенмен, ол жолды ұмытып, қазіргі уақыт талабымен жаңа өзгерісте жүріп келе жатқан шаңырақтардың халі баршамызға белгілі. Көне тәрбиені арқалаған әрбір адамзат осы кездің нағыз саналы ұрпағы деуге болады.. Сондықтан, жастайынан балаға деген жауапкершілікті арттырып, мейлінше, қарапайымдылықты көбейтуге атсалысу керек. Бірақ та, бұрынғы ата-бабаларымыз дәріптеп кеткен парасаттылықпен жүре берсек, әлі күнге дейін қаймағы бұзылмаған ел болып сақталар едік.

Оразкүл  ТЕМІРҒАЛИ,

Қорқыт  ата  атындағы 

ҚУ-дың  2-курс  студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: