Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаменов кәсіпкерлердің талап-тілегін тыңдады

20.01.2023, 10:35 382

HALYQLINE.KZ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра беретінін айтқан болатын. Бұл бағытта аймақтың бас қаласында жүйелі жұмыстар жүріп жатыр.

Саланың өзекті мәселелері қала әкімі Асылбек Шаменовтың жіті назарында тұр. Шаһар басшысы ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдап, ұсыныстарға байланысты нақты шараларды жүзеге асыруда. Осы бастама аясында өткен жылы 80-ге жуық кәсіп бастауға ниетті, кәсібін дамытуды көздеген азаматтар қабылдауға келіп, олардың түрлі мәселелері тыңдалды.

Кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдаудағы негізгі мақсат – олардың қызметіндегі кедергілерді азайту. Жеке кәсібін ашып, өз ісін дербес жүргіземін деген азаматтар қашанда қолдауға, көмекке мұқтаж келеді. Себебі, заңнамалардағы өзгерістер, нормативтік құжаттардағы толықтырулар секілді үдерістерді әрдайым назарда ұстау қиынға соғатыны белгілі.

Шағын және орта бизнес үшін де салықты қайда, қалай төлеймін, субсидия алу үшін қандай құжаттарды толтыру керек, жеңілдетілген несие қандай жағдайда беріледі деген секілді кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы мағлұмат алу маңызды. Сондықтан, кәсіпті жаңа бастаған және бұл бағытта шаруасын жүйелеген азаматтар мұндай қолдауларға ризашылықтарын білдіруде. Бұл бастама биыл да жалғасын табуда.

Айта кетсек, мемлекет тарапынан өткен жылы қала бойынша 14,8 млрд теңгені құрайтын 1775 жоба қаржылай қолдау алып, 2000-нан астам жұмыс орны құрылды. Былтыр 35,4 мың шағын кәсіпкерлік субъекті тіркелді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 23,4%-ға артық. Облыс бойынша белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің 48,2%-ы шаһардың үлесінде екенін де айта кеткен жөн. Жалпы, қала халқының 10,1%-ы немесе 35 мыңнан астамы шағын және орта кәсіпкерлікте тіркелген. Бүгінде облыс орталығында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны 58 мың адамды құрап отыр.

Бұл жолңы қабылдауға келген кәсіпті жаңадан бастаушы азаматтар бизнес жоспар әзірлеу, мемлекеттік грант алуға үміткер болу, кәсібін кеңейтуді мақсат еткендер қосымша қолдау, жер телімі, ғимаратты жалға алу, әкімшілік кедергілерді жою бойынша сауалдарына жауап алды.

Қала басшысының кәсіпкерлерді салалық мәселелері бойынша қабылдауы ай сайын жалғасын тауып, кәсіпкерлердің талап-тілегі ұдайы ескеріліп, аймақтың бас шаһарының дамуына жол ашатын тың, жаңа жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: