Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары пысықталды

31.01.2024, 8:45 1853

HALYQLINE.KZ

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында шағын және орта бизнесті одан әрі қолдау тетіктері талқыланды.

Үкімет басшысы отандық кәсіпкерлерді қолдауда ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өніміндегі үлесі 36,5%-ға дейін өсті. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 40%-ға дейін артуы керек. Үкімет басшысы биылдан бастап бақылау мен қадағалау салаларында тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйесі іске қосылғанын айтты. Оның нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру мен кәсіпкерлерді жауапқа тарту біршама қысқарады.

Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы мәжіліс өткізіп, саланы дамыту бойынша алдағы мақсат-міндеттерді белгіледі.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет» деп атап өткен болатын.

Жүйелі жұмыстар өңірдің өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерінің оң динамикасын қалыптастырды. Мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемінде өткен жылдың қыркүйек айынан бастап өсім қалыптасты. Өңдеу өнеркәсібі саласындағы өсім бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылды 1-орынмен қорытындыладық», – деді аймақ басшысы.

Дегенмен, кейбір көрсеткіштер бойынша жұмыс қарқыны төмен. Мәселен, орта кәсіпкерлікті дамытудың, ауылдық жерде бизнес-жобаларды қолдаудың жай-күйі қанағаттанарлық емес. Жиында облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына Қызылорда қаласы және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерліктің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің сапалы және мерзімінде орындалуын қамтамасыз ету тапсырылды. Мұнан бөлек, басқарма экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесін арттыруға, өңдеу өнеркәсібіне бағытталған инвестициялық жобалар пулына енгізілген жобалардың санын көбейту үшін ұсыныс беруге жауапты болмақ. Облыс аумағындағы индустриялық аймақтарға инвестиция тарту арқылы жаңа жобаларды орналастыру бойынша да міндет қойылды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша «Мемлекеттік сатып алу» заңына сәйкес сенім білдірген өкілді анықтап, құжаттар қабылдау тапсырылды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: