Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жастарды қолдау сенім мен серпіліске жол бастайды

05.06.2023, 15:35 243

HALYQLINE.KZ

Кез келген елдің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, мызғымас негіздерінің бірі – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл дегеніміз – бүгінде барлық халық арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтып, күллі әлемнің бірлігін сабақтастырып отырған құнды әрі айтулы күн.

Осы орайда, қаламыздың сол жағалауындағы Жастар ресурстық орталығында Рәміздер күніне орай «Мемлекеттік рәміздер – ұлт мақтанышы» атты іс-шара өтті. Жастар бағытын қолдау мақсатында ұйымдастырылған жиында жас кәсіпкерлердің қолөнер бұйымдарынан көрме көрсетіліп, оған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Алмасбек Есмаханов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Исатай Аңсат, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Пірмұхаммед Сыздықов қатысты.

Іс-шара еркін форматта өткізіліп, кеш тізгінін Жастар ресурстық орталығының директоры Талғат Тілес ұстады. Алғашқы сөз А.Есмахановқа беріліп, ол барша қатысушыларды атаулы күнмен құттықтады.

– Биыл мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 31 жыл толып отыр. Мемлекеттік рәміздер туралы конституциялық заң қабылданған бұл күн біз үшін өте маңызды. Әрбір адамның еліне деген сүйіспеншілігін, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін, Қазақстанның болашақтағы жетістіктеріне деген сенімін арттырып, кез келген қиындыққа қарсы тұруға мүмкіндік береді. Бүгінгі іс-шара барлықтарыңызға осыны түсінуге жол ашады деп сенемін, – деді ол.

Ал кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы И.Аңсат өткізілген іс-шараға алғысын айтып, жас кәсіпкерлердің жұмысына таңданысын білдіріп, қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Іс-шара барысында жергілікті жас кәсіпкерлер өздері қолдан жасаған ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдарын көрермен назарына ұсынып, оң бағасын алды. Түрлі әшекейлер, ұлттық нақыштағы киімдер мен сәнді бұйымдар, қолдан тігілген қуыршақтар, заманауи үлгіде жасалған сағат секілді ерекше дүниелер қойылған көрме көрермен көңілінен шығып, қазақы нақышқа сұраныстың жоғары екенін байқауға болады. Осы тұста да облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры П.Айтбайұлы өз кәсібін кеңейту үшін мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді айтып, мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану жөнінде де мол мағлұматтар берді.

Сонымен қатар, іс-шараға қонақ болған Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия хатшысы, облыс әкімі аппаратының бас инспекторы Қаламқас Каримова, облыстық мәслихат депутаты, «Сыр елі облыстық әйелдер кеңесі» ҮЕҰ-ның төрайымы Райкүл Байназарова, Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Абуов және бірқатар қоғам белсендісі жас кәсіпкерлердің жұмысына сәттілік тілеп, қазақы құндылықтарды, ұлттық нақыштарды дәріптеп жүрген жастардың қолынан шыққан заттарды сатып алды.

– Негізі халқымыздың ұлттық өнерін кәсіпкерлік бағытта қолданып, қазіргі тілмен айтқанда бренд қалыптастыруға болады. Мен бүгінгі көрмеге өзім жасаған қолөнер бұйымдарын алып келдім. Олардың ішіндегі ең негізгісі – әрбір этнос өкілінің мәдениетінен хабардар ететін қуыршақтар коллекциясы. Негізінен коллекцияда 12 қуыршақ бар. Әрбір қуыршақты жасау үшін шамамен 1 ай уақытымды жұмсаймын. Сондай-ақ, ұлттық нақыштағы киімдерді дайындау үшін арнайы маталарға тапсырыс беремін. Мұнан бөлек ұлттық нақышта дайындалған қуыршақтар топтамасы бар. Ол топтама қазақ халқының мәдениетінен сыр шертеді. Жалпы, қуыршақтарды сатып алмас бұрын әрбір халықтың тарихымен жете танысамын. Қазіргі кезде аталған топтамаларға тұтынушылар тарапынан сұраныс көбейіп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалар аясында жоба әзірлеп, өз кәсібімді кеңейтсем деген ойым бар, – деді жас кәсіпкер Сабина Темірболатова.

Іс-шара әрі қарай жас кәсіпкерлердің жұмысымен танысуға жалғасып, ән-күймен қорытындыланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: