Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Туған топырағының тамыршысы…

15.03.2021, 10:30 908

HALYQLINE.KZ

Ғибратты  ғұмыр

«Даламның иісі бұрқырап,

Қарттарым аман-сау жүрші…».

Осынау жыр жолдарында қаншама мағына жатыр десеңізші?! Жаныңды тербеген әсем әуенді тыңдап тұрып, селеу-жусаны желмен тербелген сайын дала, қырқаны жапқан мыңғырған төрт түлік, берекелі тірлік кешкен ауыл көрінісі, елдің құты ақ жаулықты кейуана, абыз қария санаңда қылаң береді. Ең ғажабы, ағайынға мақтан, өскелең буынға өнеге, сырт көзге айбат тұтар ғибратты ғұмыр иелері ауыл арасында аз емес.

Біздің бүгінгі әңгімемізге арқау болған Социалистік Еңбек Ері, Қазалы ауданының «Құрметті азаматы» Кәрібоз Әлимаев атамыз дәл осындай керемет жан.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды…». Кеудесінде «Алтын жұлдызы» жарқыраған Кәрібоз көкеміз – аудандағы көзі тірі жалғыз, Сыр өңіріндегі санаулы еңбек ерінің бірі. «Қарапайымдылық – ұлы қасиет» деген ұғым бар. Ендеше, Кәрібоз атамыздың бойына осынау ұлы қасиет, яғни кішіпейілдік дағдысы атаның қаны, ананың сүтімен дарыған.

Бір адамның басына тарлық қылмайтын абырой-атақты маңдайынан сорғалаған ащы тері, адал еңбегінің арқасында жинаған Кәрекең маңғаз даласының қыры мен сырын есін білгеннен санасына құйып өсті. Бір сөзбен айтқанда, туған топырағының тынысын тамыршыдай дөп басқан перзенті. Олай демегенде ше?! Жаздың ми қайнатар аптабы, күздің сүйегіңнен өтердей қара суығы, көктемнің лайсаңы, қыстың аязды дауылында шаруа қамын күйттеген еңбек адамы табиғаттың тосын мінезіне сыралғы болары тағы рас. Ал мұндай мол тәжірибе, өз ісіне жауапкершілік, қиындақтан жасымау кейіпкеріміздің жұлдызының жануына септігін тигізді десек, жаңыла қоймаспыз.

Кәрібоздың балалық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына дөп келді. Өзге қатар-құрбыларындай елдегі ауыр жұмысқа араласты. Жеңіс күнін жақындатуға үлесін қосты. Мектептен соң Қазалы қаласындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумын механизатор мамандығымен бітірді. Еңбекке араласты. Абырой биігінен табылды. Трактормен егіс алқабында жер жыртып, өзіне бекітілген нормасын асыра орындады. Талай мәрте ауыспалы Қызыл туды жеңіп алды.

«Кәрібоз Әлимаев 1964-1966 жылдар аралығында жер жырту нормасын 141-158 пайызға орындаған. Маусымдық жұмыста өзіне бекітілген 528 гектардың орнына 1031 га жер жыртып, тұқым себуге әзірлеген» дейді уақыт табы сарғайтқан деректе.

Ерен еңбегі үшін Кәрбоз Әлимаевқа 1967 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл кезде біздің кейіпкеріміз небары орда бұзар жаста болатын. Арада бірнеше жыл өтті. Кеңшар басшылығы Кәрібозға шопан болуға ұсыныс жасады. Кеудесінде алтын жұлдызы жарқыраған еңбек батыры тартынған жоқ. Ата-баба кәсібін жалғастыруға бел байлады. Қандай жұмыстың да өзіндік қиындығы болатыны белгілі. Бірде Кәрекеңнің отар қоймен бірге түні бойы адасқаны бар. Ақ түтек боран көз аштырмайды. Дауылда ыққан малдың адамға бой бермейтіні, қайырымға көнбейтіні малсақ ағайындарға жақсы таныс. Оған қоса отардың ізінен ажалдай аңдыған аш қасқыр ермесі бар ма?! Ердің нағыз сыналар шағы. Алайда дала сырына қанық шопан сыр бермеді. Арада тәулік өте өзін іздеп табанынан таусылған топпен жүздескенде отардың да, батырдың да дін аман екенін көрген ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмады.

Кәрекеңнің табысты жолы жалғаса берді. Бірнеше рет ауылдық, аудандық кеңестің депутаты атанды. «Адам ұрпағымен көрікті». Көкеміз жұбайы «Күміс алқа» иегері Зейнегүл Байхожаева анамызбен бірге 3 ұл, 3 қызынан 32 немере, 30 шөбере сүйіп отыр. Кезінде облыс әкімі абыз ақсақалға жеңіл көлік сыйға тартты. Аудан орталығындағы «Жеңіс» бағының нақ төрінде Кәрібоз атамыздың бюсті тұр.

«Еңбек ер атандырады» деген осы шығар.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: