Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иран билігінде АҚШ-пен келіссөзге қатысты тартыс күшейді

26.04.2026, 12:30 30

Иран билігі ішінде АҚШ-пен келісімге келу және соғысты тоқтату мәселесіне байланысты қайшылық күшейген. Бұл туралы дереккөздер мен сарапшыларға сүйенген The Wall Street Journal жазды. Басылымның мәліметінше, ішкі текетірес Вашингтонмен келіссөз жүргізу процесін қиындатып отыр.  

WSJ дерегінше, Иран билігіндегі мұндай келіспеушілік сәуір айының басында да байқалған. Алайда осы аптада жағдай күрделене түскен. Араағайын елдердің өкілдері Иран тарапы маңызды мәселелерге нақты жауап бермей, келіссөз барысында жалтарма ұстаным танытып отырғанын айтқан.

Басылымның жазуынша, соғыс өршіген кезеңде Иран билігі сырт көзге біртұтас позиция ұстанғандай көрінген. Алайда кейінгі кезеңде ел ішіндегі басты мәселе ретінде санкцияны алып тастау талабы алға шыққан. Дәл осы бағыт билік ішіндегі түрлі топтардың мүддесін қақтығыстырып отыр.

Негізгі тартыс қатаң ұстанымдағы Ислам революциясы сақшылар корпусының жақтастары мен ел экономикасын қалпына келтіруді бірінші орынға қоюды қалайтын шенеуніктер арасында туған. Сақшылар корпусының өкілдері АҚШ-пен келіссөз жүргізіп жатқан делегацияға қысым жасап, жеңілдік жасауға немесе келісімге баруға қарсы екенін білдірген.

Атап айтқанда, ядролық бағдарламаға қатысты мәселені талқылауға бейіл танытқан парламент спикері Мұхаммад-Багер Галибаф пен Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи сынға ұшыраған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай ішкі қысым келіссөз жүргізушілердің еркін әрекет етуіне кедергі келтіреді.

WSJ келтірген сарапшылар пікірінше, Иран билігіндегі алауыздық АҚШ-пен келісімге келу мүмкіндігін әлсіретіп отыр. Олардың пайымдауынша, билік тармақтарын бір ортаға жұмылдыратын мықты саяси әрі рухани көшбасшылықтың әлсіреуі де жағдайды ушықтырған.

Қағаз жүзінде Иранның рухани көсемі Мұжтаба Хаменеи болғанымен, ол қызметіне кіріскелі бері көпшілік алдына шықпағаны айтылып жүр. Иран Сыртқы істер министрлігі мұны оның денсаулығымен емес, елдегі әскери жағдаймен байланыстырады. Ал халықаралық басылымдар соңғы уақытта Ирандағы шешім қабылдау процесінде әскери құрылымдардың, әсіресе Сақшылар корпусының ықпалы артқанын жазып жатыр.  

Сарапшылардың бағалауынша, дәл қазіргі жағдайда Иран үшін екі таңдау тұр. Бірі – қатаң саяси бағытты сақтап, АҚШ-пен келіссөзде уақыт созу. Екіншісі – санкциялық қысымды азайту үшін дипломатиялық ымыраға бару. Алайда билік ішіндегі топтардың мүддесі екіге жарылғандықтан, Тегеранның нақты шешім қабылдауы қиындай түскен.

Фото: АҚШ пен Иран тулары. Иллюстрациялық фото: MicroStockHub/Getty Images

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: