Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚШ-тағы аламан

12.11.2020, 12:30 499

АҚШ-та сайлау емес, құдды бір дүбірлі дода болғандай. Халықтың белсенділігі көзіңді қызықтырып, дауыс беруге Америкаға аттанып­  кетсем бе дейсің?! Себебі оларда әрбір адамның дауысы маңызды, әрбір дауыс беруші­нің таңдауына саяси шешім ретінде қарайды. Америкалықтар өздері таңдау жасайты­н Президенттің жанкүйері іспетті. Азуын­ айға білеген елде сайлау науқаны уақытында сақтық шаралары жиі қолға алынады­. Халық көшелерді кезіп кетеді, жақтас­тары жеңіске жетсе, қуаныштан көз жастар­ына ерік береді және шоу түрінде тойлай­ды. Тіпті, кейбір сауда орындары мен қызмет көрсететін жерлер көше беттегі терезеле­рін  ағашпен  немесе  темірмен қоршап үлгерген. Сайлау қорытындысын халықтық мереке сынды қабылдайды. Бұл сипаттаманы кешегі сайлау қарқынына қарап айттық.

Әлем көз тігіп отырған АҚШ-тағы саяси додада Республикашылдар партиясы атынан 45-ші президент Дональд Трамп, ал Демократиялық партиядан бұрынғы вице-президент Джо Байден сынға түсті. Тартысқа толы бәсеке Барак Обама кезінде болған рекордты жаңарт­қан. Алғашқы қара нәсілді Президенттің сайлауы кезінде халықтың саяси белсенділігі 69,5 млн дауысқа жетсе, бұл жолғы көрсеткіш бұдан әлдеқайда басым. АҚШ-та 233 млн адамның  дауыс  беруге  мүмкіндігі  бар. CNN мәліметінше, сайлау күніне дейін 100 млн азамат пошта арқылы дауыс беріп үлгерген. Ал биылғы сайлауда 160 миллион Америка тұрғыны науқанға немқұрайды қарамаған­. Көпшілік таңдауы  Джо  Байденге түскен.

48 штат тұрғындарының дауысы түгел қамтыл­ған аламан­ нәтижесі төрт тәуліктен кейін белгілі болды. Edison Research сауалнамасында америкалықт­ар ел тізгінін ұстайтын азаматты таңдағанда мына екі жағдайға ерекше назар аударған. Алғашқысы – коронавирус, екіншісі– экономикалық жағдай. Әрбір он азаматтың екеуі пандемияның салдарын ескеріп, дауыс­ берген деседі­. Сондай­-ақ, бұл елдегі өзекті мәселелердің тағы бірі – нәсілдік теңсіздік. Сондықтан олар тепе-теңдікті  сақтайды деген ниеттегі кандидатқа  көп  үміт  артқан.­

Міне, осы әлемдік сипаттағы коронавирус жағдайы, нәсілдер арасындағы талас-тартыс Трамптың беделін төмендетті.  Трамптың  қарсыласы  да  осал  адам  емес.  78 жастағы Джо Байден 2009-2017 жылдар аралығында АҚШ вице-президен­ті қызметін атқарған, сондай-ақ отыз жылдан астам уақыт Делавэр штатынан АҚШ сенаторы болған. Демократтарды  жеңіске  жеткізген  Байден  АҚШ  тарихында  ең  егде  Президент  атанды.

46-шы Президент сайлауы тұсында тағы бір жаңа есім жарыққа шықты. Ол –Камала Харрис. Бұл сөз үнді тілінен аударғанда «лотос гүлі» деген мағынан­ы  білдіреді. Қара нәсілді  әйел Оңтүстік Азиядан шыққан ең алғашқы­ АҚШ-тың вице-президенті «титулын» иемденді.

Ресми мәлімдемелерден кейін, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаев Джо Байденге құттықтау хабарламаларын жолдады. Алайда­ РФ Президенті В.В.Путин құттықтауға әлі кезек бермеген. Сарапшылардың  пікірінше, Джо Байден мемлеке­т басшысы болғаннан кейін Ресейге  салынар  санкция көлемі артып, Қытаймен жағдай жақсара түседі. Ал АҚШ-тың Ресеймен салқын қарым-қатынас орнатуы өз кезегінде Қазақстанға да кері әсерін тудыруы мүмкін.

НАМАЗШАМ

Тақырыпқа тұздық

БАЙДЕН  және…  БІЗ

Байден президент болған соң, Қазақстанға, жалпы біздің аймаққа қатысты Вашингтонның саясаты өзгере­ ме, өзгермей ме деген сұрақ жап-жақсы талқыланып жатыр.

АҚШ-тың сыртқы саясатының басты бағыттарының ішінде Қазақстанның орны қандай екені бесенеден белгілі ғой. Ол тізімде біз көш бастап тұрмағанымыз анық. Оның үстіне президент болғанымен Байден және Демократиялық партия шешуші орган – Сенатта басымдыққа ие бола қойған жоқ, онда трампшылдар әлі де өз күшінде қалды. Жаңа президенттің бастамаларын олар бірден және оңайлықпен қолдай қоймас: саяси тартыс заңдылығы сондай.

Сонда да мына нәрселерді айтпасқа болмас.

Біріншіден, экономикалық, сауда-саттық саласында біз АҚШ-пен соншалықты тығыз байланыста емеспіз. Иә, «Шеврон» және басқа да үлкенді-кішілі факторлар бар. Бірақ, АҚШ үшін олар соншалықты шешуші емес. Біздің әлі де авторитаризмнен арыла қоймаған елге АҚШ инвестициясы молынан құйылады деп болжау қиын болар. Оның үстіне әлемдік дағдарыс пен коронавирус пандемиясы секілді тежегіш-кедергілер тағы бар.

Екіншіден, АҚШ Ресей мен Қытайға қатысты өзінің сыншыл, бәсекелес саясатын жалғастыратыны анық. Ол саясат Трамп не Байденге байланысты емес, ол – сол елдің истеблишментінің о бастан өзара келісілген, ортақ ұстанымы. Оның оң да, сол да әсері екі алпауыттың тура ортасында орналасқан бізге де тиері сөзсіз.

Үшіншіден, Ауғанстан факторы бұрынғыша бізге әсер ете бермек. Яғни, осы бағыттағы, соның ішінде, наркотрафикке байланысты АҚШ-тың қимыл-әрекетінің бір ұшы бізге де тиеді.

Төртіншіден, АҚШ-тағы демократтар дәстүрлі түрде адам құқы мен демократия принциптерінің әлемде орнығуы­на мән беріп келеді. Кезінде АҚШ Мемхат­шысы­ Мадлен Олбрайт Қазақстан демократиялық күштерімен бөлек кездесіп жататын. Орта Азиядағы ең алғаш тәуелсіз баспахананы Алматыда ашу туралы ұсыныст­ы да айтып едік. Бірақ бір себептермен ол баспаха­на  Бішкекте  ашылды.

Трамптың кезінде басқаша саясат жүргізілді.

Әрине, бізге ешкім шетелден келіп, демократияны орнатып бермейді. Ол керек те емес! Біз – өз тағдырын өзі шешетін тәуелсіз елміз.

Бірақ бұл мәселенің бір астары бар.

Оның мәнісі мынада.

Қазақстан – халықаралық демократиялық ұйым­дардың мүшесі және де дамыған елдермен қарым-қатынаста өзін демократиялық мемлекет ретінде таныстыр­ғысы  келеді.

Ал АҚШ болса, осы беделді ұйымдардың негізгі құрылтайшысы әрі демеушісі, басты акционері.

Міне, ол ұйымдар мен дамыған елдердің барша қауым  мойындаған  демократиялық стандарттары бар. Олар  билік  тармақтарының  тепе-теңдігі, шынайы саяси­ бәсеке, сөз бостандығы, сот тәуелсіздігі, адам құқы, әділ сайлау секілді маңызды мәселелерге қатысты­  ортақ  принциптер  мен  талаптар.

Дәл осы  стандарттардың орындалу  қажеттігі  туралы­  біз  талай  рет ОБСЕ, Еуропарламент, Еуропа Кеңесі, АҚШ Конгресі мен Мемдепартаментінің мінбесін­ен  айтқанбыз.­

Меніңше, біз, қазақстандық демократтар, осы жұмысымызды  одан  әрі  жандандыруымыз  керек.

P.S. АҚШ-тағы осы сайлаудың біз үшін тағы бір сабағы­ бар. Осы науқанда шынымен де ел қақ жарылды. Осы жайтты ескерген жеңімпаз Байден алғашқы күні-ақ «мен маған дауыс бергендердің ғана емес, дауыс­ бермегендердің де мүддесін ескеріп, жұмыс істеймін» деп мәлімдеп, елді бірлікке шақырды.

Өткен президент сайлауында Ақорда өзіне деген қарсылықты ап-анық сезді емес пе? Олай болса, тек «Nur Otan»-ның ғана емес, бүкіл халықтың басшысы болғысы­ келсе, президент Тоқаевқа неге дәл осылай сөйлеп, дәл осындай қимыл-әрекет жасамасқа?

Әміржан  ҚОСАНОВ.

Әлеуметтік  желідегі  парақшасынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: