Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

АҚШ-та бомбалаушы ұшақ құлап, 8 адам қаза тапты

16.06.2026, 17:45 50

АҚШ-тың Калифорния штатында B-52 «Стратофортресс» стратегиялық бомбалаушы ұшағы апатқа ұшырап, бортында болған сегіз адам түгел қаза тапты, деп хабарлайды halyqline.kz.

Шетелдік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, оқиға 15 маусым күні, жергілікті уақытпен таңғы 11-ден кейін Лос-Анджелестен солтүстікке қарай орналасқан Эдвардс әскери-әуе базасында болған. Ұшақ ұшып көтерілгеннен кейін көп ұзамай базаның аумағына құлап, өртке оранған. Базаның хабарламасынша, апаттан тірі қалу мүмкіндігі болмаған.

412-сынақ авиақанатының қолбасшысының орынбасары полковник Джеймс Хейстің айтуынша, тергеушілер ұшақтан ешкімнің аман қалуы мүмкін болмағанын анықтаған.

– Біз сегіз тамаша американдықтан айырылдық. Бұл – сұмдық қайғы, – деді ол баспасөз мәслихатында.

Қаза болғандардың құрамы әртүрлі екені айтылды. Олардың арасында әскери қызметшілермен қатар мемлекеттік қызметкерлер мен мердігер мамандар болған. Ұшақ өндірушісі Boeing компаниясы өзінің екі қызметкері осы рейсте болғанын растап, олардың отбасыларына қолдау көрсетіп жатқанын мәлімдеді.

Деректерге сүйенсек, ұшақ ядролық қару тасымалдаған жоқ, ол радар жүйесін жаңғыртуға арналған кезекті сынақ ұшуын орындап жатқан. B-52 «Стратофортресс» бомбалаушысы 1955 жылдан бері әскери қызметте, ол кәдімгі әрі ядролық қаруды да таси алады, АҚШ армиясы оны Вьетнамнан Иранға дейінгі бірқатар қақтығыста қолданған.

Бұл апат B-52 ұшағына қатысты соңғы он жылдағы алғашқы, ал 1982 жылдан бергі ең ауыр оқиға саналады. Сол жылы Сакраменто маңында құлаған ұшақтан тоғыз адам қаза тапқан еді. Апаттың нақты себебі әзірге белгісіз, тергеу бірнеше айға созылуы мүмкін.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: