Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ауыл аманаты» — айрықша қолдау

28.01.2026, 10:40 29

HALYQLINE.KZ

Әрбір игілікті бастама ауыл өміріне серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Бүгінде өңір тұрғындарының сапалы өмір сүруіне және бәсекеге қабілетті өнім өндіруіне мүмкіндік беріп отырған «Ауыл аманаты» жобасы ерекше маңызға ие. Осы жобаның жүзеге асырылу барысы Арал ауданы әкімдігінде ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте талқыланды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.

Жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ дербес бөлім басшылары қатысты.

2025 жылы ауданда «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында барлығы 32 жоба мақұлданып, толықтай қаржыландырылған. Оның ішінде мал шаруашылығы саласы бойынша 9 жоба, қызмет көрсету саласында 11 жоба, ал егін және құс шаруашылығы бағытында 3 жоба жүзеге асырылуда. Бұл көрсеткіштер ауыл экономикасының көпсалалы бағытта дамып келе жатқанын айғақтайды.

Мәжіліс барысында Ералы Лұқпанұлы аталған жобалардың жергілікті жерде дайын өнім өндіруді жолға қоюға, қосымша құн қалыптастыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін тиімді игеруге зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар жобалардың ауылдық жерлерде әлі де өз деңгейінде толық жүзеге асырылмай жатқанын айтып, бұл бағыттағы жұмысты жандандыру қажеттігін жеткізді.

Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов саладағы жинақталған тәжірибесімен бөлісіп, еліміздің өзге өңірлерінде табысты іске асырылып жатқан бірқатар шаруашылықтың жұмысын мысалға келтірді.

Өткен жыл еліміз бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасының тиімділігі мен нәтижелілігін айқын көрсеткен кезең болды. Бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік әлеуетін арттырып, жергілікті экономиканы дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға елеулі үлес қосты. Алдағы уақытта да бұл бастама ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін беретіні сөзсіз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: