Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қыз алып қашу – ауыр қылмыс, ал неке – ер мен әйелдің ерікті одағы» – Мемлекет басшысы

20.01.2026, 13:09 32

Ұлттық құрылтайда сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда кең резонанс тудырған Шымкент қаласындағы Нұрайдың қазасына байланысты оқиғаға арнайы тоқталып, зорлық-зомбылық пен адам құқығын аяққа таптайтын әрекеттерге мемлекет тарапынан қатаң ұстаным бар екенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, бұл дерек бойынша Ұлттық құрылтайға 130-дан астам азаматтық өтініш түскен. Осыған байланысты құқық қорғау органдарының әрекетіне құқықтық баға беру тапсырылған.

— Нұрай күдіктінің тарапынан қоқан-лоқы көрген. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігіне Шымкент қалалық полиция департаментінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокуратура да бұл іс бойынша жеке тексеру жүргізіп жатыр, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұл оқиғаның қыз алып қашу секілді заңға да, адамгершілікке де қайшы әрекеттердің салдары екенін атап өтті.

— Қыз алып қашу – бұл қатыгез қылмыс, — деді Президент.

Осы ретте Мемлекет басшысы отбасылық құндылықтар мәселесіне де арнайы тоқталып, Қазақстанда неке институтын заңнамалық тұрғыдан нығайту қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауға міндетті.

— Қазақстанда некені ер мен әйелдің ерікті одағы ретінде заңнамалық тұрғыдан нығайту қажет. Мемлекет дәстүрлі мәдени құндылықтарды қорғауы, адамгершілікке жат мінез-құлықты насихаттауға қарсы тұруы тиіс. Сонымен қатар, мораль мәселесіне қатысты мемлекеттік ұстанымнан өзгеше көзқарасы бар азаматтарды қылмыстық қудалауға немесе моральдық кемсітуге жол беруге болмайды. Мемлекеттің ұстанымын қарапайым формуламен түйіндеуге болады: әрбір азаматтың таңдау жасауға құқығы бар, бірақ өз таңдауын өзгеге зорлап таңуға ешкімнің қақысы жоқ. Біздің мемлекет барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, ар-намысы мен қадір-қасиетін берік қорғайды, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің бұл мәлімдемелері қоғамдағы зорлық-зомбылыққа, заңсыз әрекеттерге және адам құқығын таптайтын жағдайларға мүлдем төзбеушілік таныту қажет екенін айқын көрсетті. Мемлекет басшысы атап өткендей, заң мен адамгершілік қатар жүргенде ғана қоғамда әділет пен қауіпсіздік орнығады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: