Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр ұстаздары жылды қорытындылады

27.12.2025, 18:00 23

Жыл соңында өткенге көз жүгіртіп, атқарылған істерге баға беріп, алдағы міндеттерді айқындау – игі дәстүр. Кеше облыстық білім басқармасы мен кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен дәстүрлі жыл қорытындысына арналған салтанатты шара өтті.

Мерекелік жиынға саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған ардагерлер, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтер қатысты.

2025 жыл – өңірдің білім саласы үшін табысты болды. Аймақта ауқымды жобалар атқарылып, білім сапасын арттыруға бағытталған тың бастамалар жүзеге асырылды.

Салтанатты кеште облыстық білім басқармасының басшысы
А. Есжанов әріптестерін жаңа жылмен құттықтап, жыл бойы атқарылған жұмыстар мен қол жеткізген жетістіктерге алғысын білдірді. Асқарбек Темірбекұлы өңірде білім беру саласындағы айтулы жаңалықтарды, ел игілігіне табысталған жаңа білім нысандары мен білім беру ұйымдарының заманауи құрылғылармен жабдықталуы, педагогтер мен білім алушылардың республикалық, халықаралық дәрежедегі жетістіктеріне тоқталды.

Мерекелік кеште «Кәсіподақ ардагері», «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін», «Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін» және ҚР Кәсіподақтар федерациясының «Кәсіподақтар қозғалысына 120 жыл» төсбелгілері табысталды. Бұдан бөлек, «Үздік әлеуметтік әріптес», «Ынтымағы жарасқан ұжым», «Озық идеялар мен технологиялар ордасы», «Үздік білім беру ұйымы – 2025» номинациялары иелерін тапты. Республикалық байқауларда топ жарып, үздік атанған педагогтер марапатталды.

Шарада білім саласындағы жаңалықтарды тұрақты түрде ақпараттандырып жүрген БАҚ өкілдері «Үздік жаңалық жаршысы – 2025» номинациясын иеленді.

Білім саласының жыл қорытындысы шарасы — ұстаз еңбегіне деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Алдағы кезеңде де Сыр білімінің биігі аласармай, жетістіктер легі жалғасын таба бермек.

@Қызылорда облысының білім басқармасы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: