Тасбөгет кентіндегі Еркін Әуелбеков атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының алаңында мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің туғанына 95 жыл толуына орай еске алу жиыны өтті.
Ел есінде өшпес өнегесімен қалған біртуар тұлғаның рухына жасалған бұл тағзым төрінен Сыр жұртшылығының құрметі мен ыстық ықыласы айқын сезілді.
2015 жылы мектеп ауласында еңсесі биік ескерткіші бой көтеріп, 2017 жылы білім ордасына қайраткердің есімі берілген еді. Бұл шаңырақ ұлт жанашырының өмір жолын ұрпақ санасына сіңіріп келе жатқан рухани орталыққа айналды.
Жиынға еліміздің бірнеше өңірінен арнайы келген ардагерлер кеңесінің төрағалары, қоғам қайраткерлері, замандастары мен әріптестері қатысты.
Салтанатты жиын барысында Еркін Әуелбековтің еңселі ескерткішіне Қызылорда облысы әкімі және Сыр жұртшылығы атынан гүл шоқтары қойылды.
Еркін Нұржанұлы Әуелбеков — ел басқарудың ең биік мінберлерінде жүрсе де, қарапайым халқына қамқор бола білген, әділдігімен, еңбекқорлығымен дараланған ерекше болмыс иесі. Оның өмір жолы — бүгінгі ұрпаққа үлгі, ертеңгі күнге өнеге боларлық тағылымды мектеп.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!